Ұшқан ұя ұмытылмайды

Амангелді Ахметжанов, Қуаныш Қозбағаров, Камал Ертаев және мен бұрынғы Қызыл ту ұжымшарынан келіп оқыдық. Ештеңе көрмеген ауыл балаларына шап-шағын Тереңөзек қыстағы Токио, Мәскеу, Нью-Йорк сияқты үлкен шаһарлардай көрінетін-ді. Қазіргі аудан әкімдігі орналасқан ғимараттың қарсы бетіндегі жатақханада тұрдық. Тәрбиешіміз – тарихшы Айтжан ағай. Тегін үш мезгіл тамақ беріледі. Аспазшымыз бетінен мейірім шапағаты төгіліп тұратын анамыздай жақсы көретін, Әлішер Тоқмағамбетовтың жұбайы болды.
Өткен ғасырдың 50-шы жылдары қазіргімен салыстырғанда елдің жүдеу кезі. Жұпыны киінеміз. 10 сыныпты 3 класс оқушылары бітірдік. Соның ішінде тек Болат Сәдуақасовта ғана қол сағат болды. Үзіліс кезінде оны уақыт қанша деген сұрақтың астына аламыз. Кейін Болат біздерден қашатын болды. Бір отбасының жалғыз ұлы Болат досымыз көптеген жылдар аудандық жұмысшылар кооперациясын басқарып, елге елеулі еңбек етіп, өмірден озды. Мектеп бітірер кездегі суретке ер балдар түгелдей Амангелдінің костюмімен түскенбіз. Бұлардың бәрін тәптіштеп отырғаным, қазіргі мектеп оқушылары мен студенттердің өткеннен сабақ алсын, бар мен жоқтың қадірін білсін деген ой.
Біздің кезімізде Тереңөзек облыста бұзақылығы жағынан басым аудан болыпты. Оның үстіне сенбі, демалыс күндері Қазалы ауыл шаруашылығы техникумының студенттері Камал Көптенбаев (әкесі аудандық прокурор), Жанұзақ Оспановтар разрядты бокс шеберлері болғандықтан «қырғын» салып кететін. Сондай күндері біздер бөлмемізден шықпаймыз, қорқамыз. Мұндайда бокспен айналысатын сыныптастарымыз Мұрат Бекішов пен Жарболды бетке ұстаймыз. Өйткені сол кездегі біздердің ұғымымызша екеуі де «әлемдік» деңгейдегі боксшылар. Ауылдан келген біздер де қарап жатпаймыз. Тереңөзек станциясына тоқтайтын жолаушылар пойызының төбесіне мініп Қызылордаға тартамыз. Әдетте мұндайға үйрене алмай жүргенмен, көп ұзамай вагондардың «құлағында» ойнап, бірінен екіншісіне секіретін дәрежеге жеттік. «Сапарымыздың» мақсаты – Қызылорда станциясындағы рестораннан апта бойы жинаған тиынымызға келгенінше стаканмен қант қосқан шәй ішу. Ойымыз орындалғаннан кейін Тереңөзекке қарай жүретін пойызды аңдып, жатақханаға жетеміз. Балалық-ай десеңші!
Біз оқыған жылдары мектеп директоры – Битай Қуанов (тарихшы), жұбайы Зерхан Сақтағанова еді. Екеуі кештетіп жатақхананы аралап, біздердің жағдайымызды біліп отыратын. Көк қаракөл жағалы екеуі бірдей пальто киетін ағайымыз бен апайымызға таңдана да тамсана қарайтынбыз, солардай болуды армандайтынбыз. Кейін білгеніміздей, Битай ағай туысымыз Саммамадин Нұрмағанбетовтың майдандас досы, қоғам қайраткері қазақтың аяулы азаматы Темірбек Жүргеновтің інісі екен. Битай ағаның кейінгі тағдыры да шым-шытырық жағдайда өткен сыңайлы.
60 жыл аз уақыт емес, ұстаздарымыз бен сыныптастарымыздың біразы өмірден озып кетті. Алла олардың алдын жарық етіп, имандарын жолдас етсін. Ұстаздарымыздың кейбіреулерін еске алайын. Сынып жетекшіміз – тарихшы, соғыс ардагері Қасымхан Ысмайылов ағамызды ерекше атар едім. Кейін ағаның қызы мен ұлымен таныстым. Математика пәнінен сабақ беретін Әбдрасилов аға ерекше есте қалды. Алгебраның біздер үшін қиын есептерін миымызға құйып беретін. Өте қатал еді. Ағайдың сабағы басталатын кезде бізден сәл ересек Г.Махамбетованы алдыңғы партаға жалғыз отырғызатынбыз. Ойымыз – ағайдың уақытын алу. Ол сыныпқа кіргенде алдыңғы қатардағы бос орынға отыра кетіп, оқушысымен әңгімелесіп кететін. Келес Асқаров, Ахат Жанаев институт бітіріп келген кездерінде біздерге сабақ берді. Айжамал Айтмағанбетова математикадан, жұбайы Бектұрған дене шынықтырудан сабақ берді. Бектұрған, Алмат ағайлар сырттай қатал көрінгенмен, жан дүниесі кең, қайырымды болатын. Бектұрған ағамен қазір де хабарласып тұрамын.
Сыныптастарым – Нысанбай, Хамит, Арыстан, Сәду, Өмірбек, Жақсыбай, Жұмабек, Мақсұт, Жарбол, үш Амангелді, Камал, Жайшылық, Мұрат, Қуаныш, Есентұр, Бахытжамал, Дәрікүл, Нағима, Гүлназира т.б. Біразы өмірден өтіп кетті.
Кейбір есте қалғандарымды айтқан болдым. Біразын уақыт көлегейлеп қалғандай. Енді өзіме тоқталсам, мектеп бітіргеннен кейін С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл Фараби) университетінің тарих факультетін бітірдім. Жарты ғасырдай жоғарғы оқу орнында ұстаздық қызмет еттім. Қазір Қорқыт ата атындағы университетінің профессорымын. Көптеген ғылыми еңбектердің авторымын. Университеттің ардагерлер ұйымын басқарамын. Зейнеткермін. Жұбайым университетте бірге оқыған Жақсыбике Жәнібекова 10 жыл бұрын өмірден озды. Үш қызымнан немере шөбере сүйіп отырған атамын.
Қанша уақыт өтседе мектебіміз мәңгі жүрегімізде. Иса Тоқтыбаев атындағы мектептің ғасырлық тойының жоғарғы рухани, ұйымдастырушылық деңгейде өтетініне шүбәм жоқ. Себебі іргелі аудан басшыларының барлығы да руханиятқа жақын азаматтар. Алтын ұя мектебіміздің ғасырлық тойын бүкіл республика болып атап өтсек де артық етпейді. Өйткені мектептің атын иемденген Иса Тоқтыбаев – ел тарихында есімі еленген ерекше тарихи тұлға.
Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
профессор,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,
Мәскеудің педагогикалық білім беру
Академиясының академигі