«Таза Қазақстан» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын іске асыру барысын баяндады.
«Экологиялық мәдениетті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асырудың өңірлік кешенді жоспары бекітіліп, соған сәйкес тиісті жұмыс жүргізілуде. Бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлер демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс орындары, ойын, спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізілуде. Демеушілік есебінен 1 млрд. теңгеге Қызылорда қаласындағы орталық алаң қайта жаңғыртылды», – деді аймақ басшысы.
Биыл аумағы 80 гектарға жуық қалалық мәдени-демалыс паркі мен Президент саябағы қайта жаңғыртылуда, мамыр-маусым айларында пайдалануға беріледі. Демалыс орындарына түрлі модульдік-санитарлық пункттер салынып, арнайы эко-бокстар, фандоматтар орналастырылады.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қызылорда қаласы аумағында 992 гектар жерге жасыл желек егу жобасы басталды. Ол бойынша 2030 жылға дейін 2,5 млн. ағаш отырғызу және арнайы тұқымбақтар мен мамандандырылған зертхана салу көзделуде. Аудан орталықтарында кәсіпкерлердің демеушілігімен жаңа демалыс орындары, аллеялар салынып, көшелер абаттандырылып, жарықтандырылды.
Жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Соңғы екі жылда үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды. Бұдан бөлек, коммуналдық, абаттандыру мекемелеріне 142 арнайы техника сатып алынып, ел игілігіне қызмет етуде. Тұрғындарды экологиялық таза көлік қызметімен қамтамасыз ету үшін 100 жаңа электромобиль алынып, 16 электр қуаттау бекеті салынды.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фото:Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі