Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұхтар Сақтаповтың өлең топтамалары

Мұхтар Сақтаповтың өлең топтамалары

ЖЕТІМДІ ЖЫЛАТПАҢДАР
Дүниеге келген ол да өзіңдей боп,
Ананың ақ тілеуі көзіндей боп.
Бүгінде жүрегі оның мұңға толы,
Жабырқау жанарынан сезілмейді от.
Айырылған әкеден де анадан да,
Жүгірген қолын жайып әр адамға.
Жаныңды мұздай қарып кетеді екен,
Жаутаңдап көзін сүзіп қарағанда.
Қамқор боп жатқан кім бар ақыл беріп,
Үстінде қырық жамау, тақыр бөрік.
Қызығып қарайды ол көп балаға,
Жанына жұғыса алмай жақын келіп.
Тағдыры бір уыс дәм, нанға тұрар,
Кез келген жүре түнеп, таңды атырар.
Туғаннан маңдайына жазып қойып,
Тәңірдің берген оған мандаты бар.
Болам деп дәл осылай ойлады ма,
Өшкендей үміт оты бойда мына.
Дүрбелең дүниемен түк ісі жоқ,
Мәз-мәйрам бір күн жатып тойғанына.
Жетімнен талай шыққан ғұламалар,
Тарихта тұлға болып тұрады олар.
Күні ертең ұрпағыңмен дос-құрбы боп,
Күні ертең ұл-қызыңмен құда болар.
Заман бұл жауабы жоқ, сұрақ таңдар,
Арайлап атар әлі шуақ таңдар.
Жетімді көрсең, жебеп, жақсылық ет,
Жетімді, ей ағайын жылатпаңдар.

АУЫЛЫМ
Әркімге туған жері ыстық екен.
Төсінде қағу көрмей өсті еркең.
Пәк көңіл балалықтың бал базары,
Жайыпты жарасымды осында өркен.
Көшеңді көмкерген сол жасыл дарақ,
Көргенде  қуанышым басылмайды-ақ.
Жайлауың мыңғырған мал, алқапта егін,
Өзің ғой тілеген асыл аймақ.
Сап түзеп зәулім биік үйлерім де,
Қанатын кең жайыпты күннен-күнге.
Уақыттан қалмай өктем жасарған кез
Асығам өр тұлғаңды бір көруге.
Оранған жасыл желек аулаларың,
Бірден-ақ зейінімді аударады.
Бал шырын қауын-қарбыз, бақшаларың,
Бағыңда төгіліп тұр алмаларың.
Туған ел кешегің мен бүгініңе,
Қайта бір көңіл көзбен үңілідім де.
Мақтадым ерлеріне еңбекте озат,
Нық тартқан болашақтың көшін өрге.
Үйірткен ақ маржандай күріш тауын,
Дархан-құт, осы өлкем ырысты ауыл.
Тілеймін еңбек күйдің толастамай,
Басынан әрбір таңның бақ ұшпауын.

ТУҒАН ЕЛІМ – ТАҒДЫРЫМ
Туған елім  – ардақтым, алтын күнім,
Байтақ ел боп шалқыған даңқың бұрын.
Қайта оралды қазақтың бар дәстүрі,
Қайта оянды ұйқыдан халқым бүгін.
Басы бірге тоғысып құралмаған,
Қиындықты көрді-ау қыран далам.
Бейнет кешіп, береке күйін шертіп,
Жеттік бүгін біріміз бұған да аман.
Егеменді ел болды сүйікті елім,
Көтерілді мәртебем, биіктедім.
Тірлігімнің тынысы терең ағып,
Төбем көкке тұрғандай тиіп менің.
Ақылды қыз көбейді, ақылды ұлым,
Әлем танып атымды жатыр бүгін.
Елдігімді паш етті, ерлігімді,
Космоста Талғаттай батыр інім.
Қаншама ерлік жасалып қас қағымда,
Қас азайып, көбейді достарым да.
Қаһарман ел қазақтың туы бүгін.
Жілберейді Лондоннның аспанында.
Жомарттығын танытып далам бүгін.
Жатыр халқым жаңғыртып заман үнін.
Президентім елімнің қамын ойлап,
Тілеп отыр жұртының амандығын.
Туған елім – ардақтым ұлы есімді,
Сен арқылы жүректен жыр есілді.
Сенің туың биікте тұру үшін,
Қосам тынбай маңдай тер, үлесімді.

СЕНІ ІЗДЕДІМ
Білмеймін қасыңа мен қалай келдім,
Көркіңе көз алмастан қарай бердім.
Мен аға, сен қарындас болдың-дағы,
Мен бардым, сен де маған талай келдің.
Билеп ап бойымызды сыйласты ұғым,
Көбейді содан бері қимас күнім.
Кейде сен қарындас боп еркелесең,
Жасырмай мен де саған сыр аштым мың.
Өзіңді ойлап талай көз ілмедім,
Сезбеппін бұл кеселдің өзінде емін.
Қолыңды сипап ұстап қыса беріп,
Семірдім  саф сезім демін.
Түсінер туар күн де кеш ілгері,
Демегей ағаның не шешілгені.
Адалдық саған да тән, мағанда тән,
Артықтау кетсам егер, кешір мені.
Басылмай бойымдағы балғын желік,
Еркімді еш күрессіз алдың жеңіп.
Кетсе де түн ортасы ауып кейде,
Тұрады үй жағыңа барғым келіп.
Еншімді егеленіп егіздей мұң,
Ені жоқ еш толқынсыз теңіздеймін.
Әншейін өткінші бір шақ па десем,
Есімнен танып жүріп сені іздеймін.

ТЕРЕҢӨЗЕК
Балалықтың балдай тәтті кезінен,
Бел ауыртпай өтем өмір тезінен.
Сенде туып, сенде өскенді, туған жер,
Мен өзімді шын бақытты сезінем.
Сен дарытқан бойыма бар күш-ағын,
Сағынғанда саған құстай ұшамын.
Анамдайсың, алаңдайсыз мені іздеп,
Қандай ыстық қасиетті құшағың.
Тереңөзек – терең жатқан жер төсі,
Тереңөзек – сырдың сұлу еркесі.
Тереңөзек – ән мен жырдың отауы,
Тереңөзек – таланттардың өлкесі.

КҮДІК
Кеудемді күдік билеп көптен бері,
Елімнің көз алдында өткендері.
Тірлікке соны серпін ала келді,
Қайырымды қайта құру өктем лебі.
Қиындап досты сыйлау, бос даурығу.
Жетпіс жыл тек құлдықта жүрген бе едік,
Қалайша сұрайды жұрт бостандығын.
Барады қала да азып, далада азып,
Жатырмыз сылдыр сөзден ода жазып.
Мінбеге мініп алып сайрайды кеп,
Алекснис, Петрушенко, Водалазов.
Соларға келмесе де ыңғай бергін,
Сөздерін құлақ тосып, тыңдайды елім.
Тосқауыл тірлік кешіп жатқан кезде,
Қалайша сағым менің сынбайды енді?
Съезд көп, жиындарда не дейді енді?
Күдік көп байларда да кедейде де.
Халықтың мазасы әбден кетеді екен.
Ақылгөй  адамдар тым көбейгенде.
Нарықтық жолға бізді бейімдеді,
Жас ұрпақ не күй кешер кейіндері.
Жақсылық болады деп жатырмыз ғой,
Бірақта бойдан күдік сейілмеді.
Тарылып неге заман кетті пейілің,
Үреймен, қорқынышпен өтті кей күн.
Сондықтан күні-түні жатсам, тұрсам,
Күдіктен тез арылсақ деп тілеймін.

МАҚТАН ЕТЕМІН
(Нұрсұлтан Әбішұлына)
Құт қонған мына дәуір, заман қандай,
Құлпырып жатқан қалам, далам қандай.
Қуаныш кернеп бойды жыр тербетіп,
Қолыма жата алмадым қаламды алмай.
Жиырма жыл тәуелсіздік алғаныма,
Бақ қонып, бал дарыған бармағыма.
Жайсаң жүз, жарқын істер жан-жағымда,
Жеткендей болдым мақсат-арманыма.
Тәңірден қолдау тауып бастамаңыз,
Айналды бар шындыққа тастағы аңыз.
Асқақтап бой көтеріп бара жатқан,
Ақ ордам арман қалам Астанамыз.
Көп көрген қазақ едік қайғыны біз,
Оңынан қайта туды ай-күніміз.
Тәңірдің бізге берген сыйы шығар,
Толассыз тасып жатқан байлығымыз.
Қиындық болды көрдік көзімізбен.
Жұбаттың жанды шуақ сөзіңізбен.
Бүгінде бар әлемнің лидерлері,
Кеп жатыр сыр бөлісіп өзіңізбен.
Ауғандай заманның нұр күні бізге,
Түзеліп жатыр дін де, тіліміз де.
Татулық, достық, бірлік жарасқан соң,
Шығады шырқау көкке үніміз де.
Жарасып жақсы өмірмен жарқын ісің,
Нық ұстап бойда елдің бар тынысын.
Ер тұлға, ерен ойлы Нұрсұлтаным,
Аман жүр елің үшін, халқың үшін.
Алдырмай жерімізді жатқа бөтен,
Қырандай отыршы нық тақта бекем.
Осындай бақытты елде, сүйікті елде
Қазақ боп туғаныңды мақтан етем.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТАҢЫ
Тәуелсіздік таңы атқанда құлпырып,
Кеуделерге күй қонақтап нұр тұнып.
Қыран текті қазағымның бір ұлы,
Шықты жайнап қия шынға ұмтылып.
Құла дүзде жан аяғы баспаған,
Қырат белін қиып бөліп тастаған.
Құдіреттің куәсі боп, өзі боп,
Қоныс тапты сол өңірден Астанам!
Қуаныштан бойда қуат тасыған,
Келер күнге қараймында асығам.
Кең даламның келбетіне сүйсініп,
Көз тігемін Бәйтеректің басынан.
Аңсап жүріп бар үмітін үзбеген,
Арман еді ата-бабам іздеген.
Қазағымның мықтылығын мойындап,
Бүкіл әлем санасты енді бізбенен.
Асығамыз алдағы арман күнге біз,
Абыройым асқақ, берік іргеміз.
Ел-халқының қамын ойлап тынбайтын.
Ерен тұлға Елбасымен біргеміз.
Алдымыздан атып арай таң күліп,
Атақ даңқым кетті бүгін жаңғырып.
Тәуелсіздік туы көкте желбіреп,
Құт, береке қона берсін мәңгілік

ТЕРЕҢГРАД
Поезд тұрды вагон іші сан халық,
Мен отырмын шетте осыны аңғарып,
Бір жолаушы терезеге қадалды
Көркем, ғажап, көріністерге таң қалып.
–Бұл қай жер деп сұрай берді таңданып,
–Тереңград, – дедім менде панданып.
–Тереңград? Естімегем бұрын мен
Таңқалғандық байқалды оның түрінен.
–Қандай ғажап ғимараттар, сәнді үйлер,
Сүйсінерлік сезілді оның үнінен.
Туған жердің тарихынан баяндап,
Жеткізгендей болдым ақын тілімен.
–Тереңград, Тереңөзек деген жер,
Тұла бойы тұнған байлық терең жер.
Бұл ауданнан шыққан ақын, ғалым бар,
Шыққан небір ғұлама мен кемеңгер.
–Жолаушы дос, енді өтсең бұл жерден,
Басынды иіп, қайта-қайта сәлем бер.
Бұл ауылдың топырағы да киелі,
Басып қалсаң төбең көкке тиеді.
Әрбір жантақ, жыңғылы мен шеңгелін,
Жомарт жұрты бапта дәйім сүйеді.
Жағасында сұлу Сырдың жавйқалып,
Сыр талдары Сырға басын иеді.
Таңдай берді ол ұйып мені тамсанып,
Кеудесіне нұр қонақтап қаншалық.
Бұл ауылдың адамы емес, даласы
Жатады ылғи күй тербетіп, ән салып.
Қонақ болып келсең мұнда жолаушым,
Кәрі-жасы шығады алдан қарсы алып,
–Жаңалық көп бұл ауылда қызығар,
Жайсандардың жатқан терең ізі бар.
Қонақ көрсе алдарынан кесе өтпей,
Келіндері сәлем беріп сызылар.
Түсінгендей барлық сырдың мәнісін,
Сүйсінгендей болды оның жаны шын.
Қолымды алып Тереңград дегенді,
–Енді міне, ұқтым, – деді танысым.
Қуанғаннан көз алдымнан біртіңдеп,
Өтіп жатты қол жеткен бар табысым.
Бір керемет сезім билеп бойымды,
Қиял тербеп кете берді ойымды.
Туған жер-ай әттең осы жолаушы,
Көрсе шіркін тоқсан жылдық тойынды.
Поезд  жылжып жүрді орнынан қозғалып,
Әңгімеге соңғы нүкте қойылды.
Тереңөзек туған жерім, мекенім,
Сенде білдім өмірдің не екенін.
Балалығым ұстап кеткен кездерде,
Топырағыңда аунап-қаунап кетемін.
Бір күн көрмей қалсам болды сағынып,
Құшағыңа құстай ұшып жетемін.
Алдымыздан атар талай таң күліп,
Атың сенің тұрар көкте жаңғырып.
Тереңград-Тереңөзек туған жер.
Жүрегімде жыр боп жатшы мәңгілік.

АУЫЛ
(Ініме)
Жолыңнан кері қайтып бара жатқан,
Қайта аштың қайпа есігін мана жапқан.
Балалық бал дәуренің түсті ме еске,
Әлде сен жалықтың ба қала жақтан.
Көп тұрдың кәрі еменнің түбіне кеп,
Қараймын көз астымен түріңе көп.
Ойладым туған жерге бауыр басқан
Сағыныш сезімдердің бірі ме деп.
Алма ағаш жеміс төккен ұнап тұр ма?
Қарайсың  гүл жамылған қырат қырға.
Тебіреніп толғанасың, күрсінесің,
Жатқандай жауабы жоқ сұрақ мұнда.
Жоқ бүгін сен шомылған  өзен, көл де,
Ұмтылып қалған жастық кезендерде.
Достармен доп қуалап жүрген жерді,
Қия алмай тұрғаныңды сезем мен де.
Жусанды қырдың анау иесі нар,
Бұл жердің құт-береке киесі бар.
Қай жақта қай қалада жүрсең де інім
Ауылды туған жерді жиі есеңе ал.
Жүрегің аптығады басылып бір,
Жүзіңнен жан-жағына шашылып нұр.
Бауырым келін күтер, ертең жұмыс.
Бар енді, жүргізушің асығып тұр.

АНАМА
Құстай бір қорғап жүрген балапанын,
Қарсы алып жұрттан бұрын дала таңын.
Маңдайдан бір-бір сипап өтуші еді,
Жұп-жұмсақ оттан ыстық алақаның.
Басында орамалың ақ болатын,
–Деуші едің ақ көп жерге бақ қонатын.
Күбіңді әбден пісіп болғаныңша,
Төсектен бізге тұру жат болатын.
Күлімдеп күн шықанда көректеніп,
Кетуші ең қора жаққа өрік теріп.
Тападан жаңа алынған ыстық нанға,
Май жағып жатушы едің бөліп беріп.
Күндер-ай сізді ортаға ап таласатын,
Қуанып күлген кезің жарасатын.
Анашым көрдік сіздің бойыңыздан,
Адамдық, адалдықтың парасатын.
Іздеймін сол күндерді гүл өмірден,
Жас төгіп, көзден емес жүрегімнен.
Көре алмай немеренің бар қызығын,
Анашым ерте кеттің бұл өмірден.
Сағыныш өзіңді аңсап жүзді арманым,
Сезінем кеудемде мұң із қалғанын.
Мен үшін мәңгі тұрар таусың анам
Мен сенің төсегінде өскен қызғалдағың.

СЫРДЫҢ СҰЛУ ҚАЛАСЫ
(Қызылорданың 150 жылдығына)
Соны серпін сұлу Сырдың бойында,
Сән-салтанат бүгін қыр мен ойында.
Қалам тартпай қалай мен де отырам,
Қызылорданың 150 жылдық тойында.
Орынбордан  көшін бері бастаған,
Қызылордам – менің тұңғыш Астанам.
Ақмешіт боп бастап өмір баянын,
Арман шынға аяқ басқан жас қалам.
Кеудесі күй, гүлге толған құшағы,
Көрген сайын кеудем көкке ұшады.
Күннен күнге қанат жайған сәнді үйлер.
Келешектің, жақсы өмірдің нышаны.
Қызылорда – құтты қалам, бақ қалам,
Талай-талай  сенен бақыт тапты адам.
Қайда жүрсем арқа тұтып өзінді
Тарихыңнан сыр төгілтіп мақтанам.
Сенің де әбден мақтанатын хақың бар,
Сырдың елі, жырдың елі атың бар.
Сенен шыққан талай тұлға, батырлар,
Сенен шыққан ғұламалар, ақындар.
Арман қалам, кеудеңде жыр, асыл ән,
Алыс кетсем жетуге мен асығам.
Құдірет-ай, құшағыңның ыстығы-ай,
Еркелеп кеп еніп барып басылам.
Қайта естіліп таныс дауыс, таныс үн,
Қайта келіп тіріліп бар арысым.
Тұра алмайсың тебіренбей, толғанбай,
Тыңдағанда «Қызылорда вальсін».
Кеттің бүгін арудайын түрге еніп,
Ұл-қыздарың қуанышты түр келіп.
Құтты қалам, мықты қалам, бақ қалам,
Құлпыра бер жайнап өсіп, гүлденіп.

СЫР СҰЛУЫ
Тарихтың толқымен жүзіп арман,
Табылған құтқа айналып, қызығы алдан.
Халықтың панасы боп, анасы боп,
Бойында ұлы ерліктің  ізі қалған.
Атқанда арайланып күліп таңдар.
Атағын жырға қосып, ұлықтаңдар.
Адамға мерейін төккен Сыр ананың
Аялы алақанын ұмытпаңдар.
Сан ғасырдың құшағында тербелген,
Салмақты ой, сабырлы салт сен берген.
Сырласым да, мұңдасым да бір өзің,
Сыр анашым сені ешкімге теңгермен.
Батырлардың, тұлғалардың тұрағы,
Сен бүгінде ақындардың жыр-әні.
Сенің отты алақаның әрдайым,
Ел жұртыңа шуақ төгіп тұрады.
Келгендері құшақ ашып, қарсы алып,
Келбетіңе жұрт сүйсінген тамсанып.
Жағалауың жасыл желек жамылып,
Жатады ылғи құстар шулап, ән салып.
Даналардың алдың талай батасын,
Дархандықтың көрсеттің тек атасын.
Әлі күнге мейір төгіп халқыңа,
Несібесін бөліп беріп жатасың.
ҚАЛАҒАНЫҢ СЕНІКІ
 
О, туған ел, барымның
Қазынасы сенікі.
Сені сүйген жанымның
Базынасы сенікі.
Лайланбас арымның,
Мың алғысы сенікі.
Қияға ұшқан ойымның
Қыран құсы сенікі.
Еңбек сүйгіш қолымның,
Өнерлі ісі сенікі.
Мендік соқпақ жолымның
Белеңдісі сенікі.
Бәйгеде озсам арындай,
Орамалы сенікі.
Тарттым елім тарылмай,
Қалағаның сенікі.

БАСТАУ АЛҒАН ӨЗІҢНЕН
(Аудандық газеттің тойына)
Жүрегімді тербеп ыстық сезіммен,
Жас жанымды баурап оты сөзіңмен.
Жырларымды жұртқа тынбай жеткізіп,
Жақын досым болдың бала кезімнен.
Арманымның бұлақ көзі ашылып,
Ақындығым бастау алған өзіңнен.
Көз алдымда қайта келіп өткенім,
Күлімдейді қолын созып көкте күн.
Шабытымның шырқау шыңын аңсаумен,
Талпынады талант атты көктемім.
Қай кезде де маған құрмет, мақтаныш,
Қырық жылдай сенде еңбек еткенім.
Қасиетіңнен айналдым мен ақылшым,
Сергексің де сезімталсың, батылсың.
Қолдарынан  тастамайды сені ешкім,
Кәріге де, жасқа да сен жақынсың.
Ауданымның абыройын көтеріп,
«Тіршілік тынысы» боп жатырсың.
Әзіл-сықақ әрбір өткір сөз қандай,
Күн-түн оқып, қызығамыз көз қандай,
Әділдің, адалдықтың туы сен,
Қай жарыста тұлпарың бір озғандай.
Заман мынау жатса дағы өзгеріп,
Қалпыңды ұстап сен жатырсың қозғалмай.
Күлімдеді қайта жастық көктемім,
Қонғандай кеп алақанға көкте күн.
Сен арқылы бақытымды таптым мен,
Сен арқылы өсіп, өндім көктедім.
Өнегенді өн-бойыма дарытып,
Өмірдегі болдың үлкен мектебім.
Мың құлпырып өс берсін көсегең,
Қанатыңды жайып жолға төсе кең.
Жетпіс жасқа толған мынау тойында,
Ақ қайнарды көтеремін кесемен.
Сағар деген махаббаттың белгісі,
Жүрегімді жарып шыққан осы өлең.
Қиналма сен нарық деген заманда,
Жақындай түс жанашыр бол адамға.
Жақсылардың жақсы ісін паш етіп,
Жемқорларды желкелей біл табанда.
Біз екеуміз қол ұстасып жүрейік,
Біз екеуміз қартаймайық әмәнда.
МАҚТАН ЕТЕМ
(Қадыр Мырзалиевше)
Қазақ деген ойшыл да, дана халық,
Қасиетіне қашан да дала қанық.
Бақ-дәулетін бейнетпен тауып жүрген,
Байтақ жерін тәңірден қалай алып.
Қазақ деген жау жүрек батыр халық,
Қияметтен өткен ол тақымға алып.
Жүрген жері той-думан, әзіл-күлкі.
Шежіреші, жыршы да ақын халық.
Қазақ деген аңқау да жарқын халық,
Түсінбейтін тірліктің нарқын да анық.
Жалқаулықтан алдына жан салмайтын,
Несібесінің жүретін артын бағып.
Қазақ деген  жомарт та, жайсаң халық,
Қозғалмайтын қонысын қойсаң да алып.
Кешір десе, кешіре сала берер,
Жалғыз атын көзінше сойсаң да алып.
Көз жіберсем елімнің өткеніне,
Көп орандық азаптың от лебіне.
Ата-бабам армандап жете алмаған,
Тәуелсіздік, бостандық көктеміне.
Ойламаған тып-тыныш жама деп те.
Тұрағы бір болмаған жаһан көкте.
Азаттықты армандап аңсап өткен,
Абылай да, Исатай,  Маханбет те.
Көз алдырмай еліне жатқа бөтен.
Елбасымыз отыр нық тақта бекем.
Көкбайрақты көтеріп, желбіретіп,
Қазақпын деп жар салып, мақтан етем.

Мұхтар Сақтапов Жаналханұлы
06 ақпан 2020 ж. 761 0