Өз кәсібінен береке тапқан
Сурет түсіру де үлкен өнер. Мақсаттың бойында осы өнерге деген ынтызарлық бала күнінен оянды. Мерекелерде аудан орталығындағы алаңда суретке түсіріп жүрген ағайларға қызығушылықпен қарайтын. Баласының талабын байқаған әкесі Байырбек Мақсатқа мектептегі оқушы кезінде фотоаппарат сатып алып берді. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде оқытушылар мен сыныптастарын суретке түсіріп, алғашқы қадамын бастады. Осы өнерге 17 жасында, яғни 2005 жылы бірыңғай ден қойды. Ол іздене жүріп, қалай түсіргенде сурет жақсы бейнеде болады, осы жағына көңіл аударды. Суреттің жақсы шықса, тапсырыс берушіге керегі де сол емес пе?
Мақсат Байырбекұлы сурет түсірумен шектеліп қалған жоқ. Бейнетаспаға түсіруді де меңгерді. Нарық заманы қазақы тойларға жаңа реңк беріп, онда суретке, бейнетаспаға түсіру маңызды орынға ие болды. Бұған дейін аудан орталығындағы алаңда көпшілікті суретке түсірумен айналысқан. Бірте-бірте тойларға шығып, өнерін ұштай түсті. Мақсат – осы сала бойынша аудандағы алғашқы кәсіпкердің бірі.
– Табысым жаман емес. Бір отбасын асырауға жетеді. Әрине табыс оңайлықпен келмейді. Демалыс дегенді білмеймін. Шақыртулармен тойда жүремін. Танымалдығың артқан сайын көпшілік те жиі шақырады. Аудан көлемімен шектеліп қалмаймын, қалада да қызмет жасаймын. Менің негізгі айтайын дегенім, біз тәрізді жас кәсіпкерді мемлекет тарапынан қолдаудың болып отырғаны. Соның арқасында сурет пен бейнетаспаны монтаждайтын қазіргі заманауи қондырғыларды алдым, – дейді М.Байырбекұлы.
Бұл қондырғылар үйінің бір бөлмесінде орналасқан. Сурет пен бейнетаспаны түсіріп келгеннен кейін монтаждауға кіріседі. Жас кәсіпкерге бұл өнерді ешкім үйреткен жоқ. Тыңбай ізденіп, ғаламторды ақтарып, қазіргі цифрландыру бағдарламасының сырын ұқты. Осыдан 2-3 жыл бұрын кәсіпкерлікке оқып, сертификат алды. Содан кейін мемлекеттік грант ұтып алу жолын қарастырды. Оған да қол жеткізді.
«Байлықты өнермен, шарауамен, қызметпен іздер болар» деп ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы айтқандай, кәсібінен табыс табуды суретке, бейнетаспаға түсіру өнерімен жалғастырып келеді. Ол қандай тапсырыс болмасын сапалы орындайды. Алып-сатарлықпен емес, кәсібін қазіргі заманауи қондырғылардың жетістігімен дамытып отырған жас кәсіпкер алдағы уақытта тағы да мемлекеттік грант ұтып алып, кәсібін кеңейтуді көздейді.
Елдің экономикасын дамытуда – кәсіпкерліктің маңызы зор. Жалындап тұрған жас кәсіпкер Мақсат та өз бизнесін халық көңілінен шығатындай етіп жүргізіп, аудан экономикасының қарыштап алға басуына өзіндік үлесін қосып келеді.
«Жас келсе – іске» дегендей, одан көпшіліктің күтетін үміті мол.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ