Сырдариялық Асқар топ жарды

Асқар бұл байқаудың үлкен мотивация сыйлағанын айтты. Додаға қатысуға мыңдаған жас ниет білдіріпті. Тек жүйріктер ғана оза шауып, қазылар алқасының оң бағасына ие болған.
– «Eл үміті» – дарынды жастарды қолдауға, олардың азаматтық белсенділігін арттыруға бағытталған республикалық марафон. Салмақты шараның басы-қасынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы – Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев табылды. Ел ағаларының қолынан осындай марапат алу бұйырғанына қуаныштымын, – дейді Асқар.
Шын дарын ауылдан шығады. Себебі, талапшыл жас бұған дейін де алдыңғы шептен көрініп жүр. Ол – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жаратылыстану факультетінің студенті. Бір ғана оқумен шектеліп отырған жоқ. Жеке кәсіптің тізгінін ұстап, іскерлігін шыңдауда.
Ол бұған дейін Қызылорда қаласында көлік жуу бекетін ашқан. Содан соң кәсіпкерлік әлемінде жастардың бағдаршамына айналған «Zhas Project» жобасына қатысып, жеңімпаз болды. Қазір «Alma» көшірме орталығына жетекшілік етеді. Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына да қатысып, бағын сынауда. Бұдан бөлек жүйелеген жоспары көп. Оның өзіне деген талапшылдығы әр ісін алға сүйрейтіні сөзсіз.
М.СНАДИНҚЫЗЫ.