Қаламгер Қалмақан
Бұл сонау елуінші жылдың орта кезі еді. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетіне жұмысқа орналасқан кезіміз. Бір күні ортамызға шағын мұрты бар, таза арық қара шал келді. Редакторымыз Қалқабай Әбенов оны бірден әдеби қызметкер ретінде қабылдап, 80 сом жалақы алатын қызметке қойды. Әңгімешіл кісі екен. Бұл кісі «Мың бір түнді» тамылжыта аударған аудармашы аға деді жауапты хатшы Дүйсенбі Смайылов. Сыр сүлейі ақын Бұдабайдың туған жиені, «Қажымұқан», «Келес қызы» повесін жазған, соғысқа қатысқан офицер жазушы, – деді журналист Әбдірашид Сатыбалдиев.
Біз осындай танымал жазушының ортамызға келіп, аудандық газетке әдеби қызметкер болғанына аң-таң күй кештік. Иә, неге келген жазушы?
Бір әңгіме үстінде сонау әсем Алматыдан Шиеліге неге келгенін өзі айтты.
– Алматының дымқыл ауасы жақпады. Дәрігерлер күні ыстық, ауасы құрғақ туған жерім Шиеліге тұруға кеңес берді. Жан керек, қызық көргім келеді, соғыстан аман-сау оралдым, енді сырқат айналдырып жүр.
– Шиеліде тудыңыз ба? – деді Шәден Бектасов.
– Менің туған жерім «Бақсы ата», қарағым. Ата-бабам сол жерде жатыр. Бір кезде «Телікөл» ата-қонысымыз болған. Ауылда ақын жігіт атандым. Өлең жаздым. 1925 жылы 22 жасымда ауылдан Ақмешітке – осы күнгі Қызылордаға тарттым. «Еңбекші Қазақта» жауапты хатшы Бейімбет Майлин еді. Бірден газет тарататын арбакеш етіп қабылдады. Арсынғаным жоқ. Бір арбаны жөндеп, Кертөбелге жектім. Жануар нағыз арбаның аты еді. Кейін арбакештік қызметтен көтеріліп, «Еңбекші Қазақтың» тілшілер бюросының меңгерушісі болдым. Жер-жерден тілшілер тарттым. Тағы не сұрайсыңдар?
Бәріміз үнсіз қалдық. Әуелде «осы шалға не жоқ» деп күмілжіп қалсақ, енді өмір дерегін айтқан соң сілтідей тынып, сұрақ қоюды доғардық. Арбакештен көтеріліп, бір бөлімді алған Қалекең оңай болмады, бізде де бір бөлімге көтеріліп, біреумізді қуып шықпаса болар еді деген күдік көбейді.
Жоқ, бөлімге қызықпады, әдеби қызметкер болып жүріп, кейін малшыларды аралайтын Қызыл отау деген штат ашылып, соған меңгеруші болып кетті.
Қалмақан аға шындығында әңгімешіл кісі екен.
– Біз сенің өлеңдеріңді сүйіп оқимыз. Сенің қаламың еңбекші елге бал, таңдайына тәтті, сен жазған сайын ел бал жалағысы келеді. Жаз, Қалмақан жаз! – деп кеңес берді ақиық ақын Ілияс Жансүгіров. Ал Сәкен Сейфуллин «нашардың аз оқыған баласы төңкеріс күшімен әдебиет майданына шығып, бар-жоғы он жылдың ішінде белгілі жазушылардың қатарына қосылды» десе, Сәбит Мұқанов: «Қалмақан қысқа жазып, ұзақ поэманың сөзін айтып тастайды. Ол оқуы төмен ақындардың ішіндегі өзіндік ерекшелігі бар ақын», деді.
Бұл сөздер маған қанат бітірді. Әсіресе Бейімбеттің қамқор құшағы бөлек болды. Асыл ағалар-ай, − деп Қалекең күйзелген кейіп байқатты.
Сонымен, бірер жыл Қалмақан ағамен сырлас, қызметтес болғаным әлі ұмытылмайды. Кейін марқұм, ауыл мұғалімі Айдар Достияров «Қалмақан аға қандай еді?» деген естелік жазды, тамсана оқыдық.
Жақында «Егемен Қазақстанда» (21.X.2019) филология ғылымдарының докторы Күләш Ахметтің «Сәкен және «Еңбекші Қазақ» деген бір беттік мақаласы шықты. Жата-жастанып, қайталап оқыдық. Автор Сәкен «Еңбекші Қазаққа» үш жылдай басшылық жасағанда 200-дей өзекті мәселе көтергенін нақты фактімен дәлелдеген екен. Шындығында, бүгінгі түсінік-таныммен Премьер-Министр. Осы екі қызметті үш жылдай қатар атқарған. Неткен, жанкештілік.
Бар болғаны 28 жасар Сәкен Сейфуллиннің «Еңбекші Қазақтың» мәртебесін биіктеткені тағзым етуге тұрарлық.
Ғалымның осы бір дүниесін оқып отырғанда жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың «Еңбекші Қазаққа» сіңірген еңбегі ойға оралады. Жауынгер жазушының Берлиннен оралған сәтінде неміс классиктерінің бір қап дүниесін арқалап әкелгені аңызға бергісіз әңгіме.
Қызылордада алғаш шыққан «Еңбекші Қазақтың» тігінділеріне көз жүгіртсек, Қалмақанның талай дүниелер жариялағаны байқалады. Ат арбамен ауыл-ауылға газет таратып, «Еңбекші Қазақты» бүгін оқымасаңдар, кеш қаласыңдар, ұтыласыңдар, қапы қалмаңдар! – деп өлеңдетіп, бірде-бір насихатшы болғанын бүгінгі «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығында тағы бір еске салмасақ, арымызға сын.
«Еңбекші Қазақтың» 1925 жылдың 10 тамызындағы санында Қалмақанның «Сырдария» атты өлеңі шығыпты. Ақын қуанышында шек жоқ. Туған жерді, Сырдың сұлу Сырдариясын ақын былайша жырлап еді-ау.
Басым бұлақ,
Таудан шығад
Атым – дария, – мен анаң,
Суым сүтің,
Жерім құтың,
Еңбекші елім, мен балаң!
Ал 1927 жылы «Үлгі» деген өлеңінде колхозды ауылдың болашағын тамсана, болжай жырлады.
Ақынның «Еңбекші Қазақта» жарияланған дүниелері 1928 жылы «Жалшы» деген атпен басылып шықты.
Біздер, аға буын журналистер Қызылорда қаласында «Еңбекші Қазақ» дәстүрін одан әрі жалғастырған «Егемен Қазақстанның» нағыз кемел шағы жүз жылдығын мерекелеу пешенемізге жазды. Бүгінгі 200 мыңға жуық оқырманы бар қара шаңырақ биіктей бер, өрлей бер! – деп тілек айтқанды парыз санаймын.
«Сәкен «Еңбекші Қазақта» үш жылдай редактор болды. Әр саны Сәкеннің мақаласынсыз шықпады. Уақыт тауып, сан алуан тақырыпта қалам тартты, еңбекқорлығы бізді тәнті етті. Әр мақаласы бір-біріне ұқсамайды. Бұқараны еңбекке, білімге, өнерді, әдебиетті меңгеруге, жерді қадірлеуге, таза қазақ тілінде сөйлеуге, кеңсе қағаздарын қазақша жүргізуге үндеді. Қысқасы, «Оян, қазақ!» деп жар салды. Тар жол, тайғақ кешу дәуірінен жаңа заманның белсенді азаматы болуын аңсады», дейтін еді-ау ақын Қалмақан.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ
Қызылорда