Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнері - таусылмас қазына

Өнері - таусылмас қазына


«Өнер – таусылмас қазына, жұтамас байлық» дейді дана халқымыз. Қазақ қолөнері – өзінің көркемдік мән-мағынасымен  халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы, ата-бабамыздың ұшқыр қиялынан шыққан өнер туындысы, халық рухани байлығының көзі. Ол бір жағынан – өнер болса, екіншіден – ежелден келе жатқан кәсіп түрі. Ұсталар найза, қылыш, айбалта, семсер сияқты қару-жарақ түрлерін әзірлесе, ағаш шеберлері киіз үйдің сүйегінен бастап үй мүліктері – сандық, кебеже, асадал, тостаған, оқтау, астау және музыка аспаптары – домбыра, қобыз жасаған, – дейді
syrboyi.kz
Осылардың қатарында киіз, сырмақ басу, текемет, алаша, шым-ши, аяққап, құрақ көрпе және ұлттық киімдер мен кі­лем тоқу сияқты күні бүгінге дейін өз маңызын жоғалтпай келе жат­қан дәстүрлі қолөнер үлгі­лерін айтуымызға болады.
Осындай құндылықтардың маңызын қазіргі жастардың бірі білсе, бірі білмейді. Ұлттың ғұ­мыры уақытпен ғана емес, өзі­нің ұлттық болмысын сақтай бі­луімен өлшенетіні ақиқат. Дәс­түрді сақтап қалатын халық­тың өзі. Өкінішке қарай, қазір біз салт-дәстүрімізді, мә­дени мұра­ларымызды танып білуде олқы­лықтарға жол бердік. Мұның бір себебі осы өнерге шынайы жан­ашырлықтың жоқ­тығынан да бо­луы мүмкін.
Дегенмен, қазақ халқының қолөнерін әлемдік дәрежеге шы­ғарған,  артына өшпес мұра қал­дырған, халық мақтанышына ай­налған көптеген шеберлер есі­мі елге белгілі.  Солардың бірі қолөнер шебері – Жәнібек Маханбет. Оның есімі тек Сыр еліне ғана емес, бүкіл елімізге белгілі. Ж.Маханбет 1950 жылы Сырдария ауданы, Қызылөзек ауылында дүниге келген. Алғашқы еңбек жолын А.Тоқмағанбетов ауылындағы мектепте мұғалім, аудандық оқушылар үйінде үйірме же­текшісі қызметтерінен бас­тайды. 1987 жылдан бері ағаш ою өнерімен айналысып келе жатқан ол сол жылы Мәскеуде өткен қолөнер шеберлерінің фес­тиваліне қатысып, КСРО Суретшілер одағының дипломына ие болды. Бүгінде оның туындылары Американың Аризона штатында, Канаданың – Калгари, Англияның – Лондон  және Қазақстанның әр қала­сындағы жекелеген азаматтарда сақтаулы. 1998 жылы Астана қаласының ашылу мерекесіне арналған көрмеге қатысқан шебер 2006 жылы «Алтын сапа» конкурсының бас жүлдесіне ие болды. «Қызылорда облысының 70 жылдығы» мерекелік төсбел­гісімен, Туризм және спорт ми­нистрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған Жәнібек Асанұлы 2014 жылы облыстық «Қолөнер – сырлы өнер» атты IІ республикалық конкурста жүл­делі І орынға ие болды. Бұдан өзге республикалық, об­лыстық деңгейдегі сайыстарда бас жүлделерді қанжығасына байлағанын санамалап айту мүмкін емес.
Өзімді толғандырып жүрген сауалдар жөнінде сұхбаттасу үшін  оның үйіне барғанымда, ағаны шеберханасынан таптым. Қойған сұрақтарыма жауап берді. Шеберден «Қолөнермен айналысудың жеке тұлғаның қалыптасуына әсері қандай?» деп сұрадым.
– Жастарды қолөнердің тәрбиелік мәні арқылы оқыту кезінде дүниеге, білімге, өзіне деген көзқарасын қалыптастырып, шығармашылыққа баулимыз.Ой­ға алған туындың сәтті шы­ғуы үшін ең алдымен  жүрегің та­за болуы керек. Қазіргі жас­тар төзімсіз, істің басын бас­тап, аяқсыз қалдырады. Жалпы өнермен айналысу арқылы адам бойындағы жаман  қасиеттерді жеңуге болады. Бұл төзімділікке, алға қойған мақсатыңа жетуге, ойлау қабілетіңнің дамуына ықпал етеді. Еңбек үстінде шығармашылық ізденудің нә­тижесінде алуан қолөнер туындылары дүниеге келеді. Сол арқылы халықтың ілтипатына бөленесің, іштей өсу, түлеу болып, ынта артады. Бұл теріс әдеттерден аулақ қылады деген сөз. Ысырапқорлық – қазаққа жат қылық. Ежелден-ақ ата-бабаларымыз үнемшіл болып, қолдағы темір, сүйек, ағаш, тері тәрізді заттардың да кесінділерін қажетіне жаратқан, аяқ астына тастамаған. Олай болса, із­денімпаздықпен атқарған әр жұмыс ысырапқорлықтан тыйып, үнемділікке үйретеді, – деді ол.
«Елімізде қол өнердің дамуын тежеп, кедергі келтіріп отырған не?» деген сауал қы­зықтыратын. Шебердің ойынша қолөнердің дамуына ке­дергі көп. – Ең бірінші, әрбір адам саналы түрде оянып, не нәрсенің пайдалы, ненің зиян екенін ұғыну қажет. Қазір хи­миялық жолмен әзірленген ойын­шық, киім-кешек, тамақты күнделікті тұтынудамыз. Ақиқа­тында осыдан аурудың түрі көбеюде. Керісінше табиғи жолмен дайындалған бұйымдарға ұлттық тұрғыда назар аударсақ елдің денсаулығы жөнделіп, дәстүрлі өнеріміз дами түспек. Мысалы, ағаш ыдыстар денсау­лыққа, асты сақтауға пайдалы. Тамақ ішкенде ерін күйіп қалмауға себеп болады.Тез суып кетпеуіне, дәмінің бұзылмауына әсер етеді.
Жасөпірімдердің ой-өрісі тарылып, ешнәрсеге мән бермеуі, қызықпауы, қылмыс жасауы  кө­бейіп отыр. Ғылым мен тех­никаның қарыштап дамыған заманында оқушылардың жалпы білімін көтеру, біліктілігі мен дағдыларын қалыптастырып, бү­гінгі оқушы, ертеңгі жас ма­ман екенін ескере отырып, олар­ға кәсіби білім беріп, қабі­летін, дарынын аша білу, шығар­ма­шы­лыққа бағыт-бағдар беру – әр мұғалімнің және үйдегі ата-ананың мақсаты. Айтпағым жет­кін­шекті өнер арқылы тәр­биелеу қазақтың қолөнерінің дамуына әкеледі, бұл – өнер мен еңбекті ұштастыру деген сөз, – деді.
«Қолөнер бұйымдарының ұмыт болғандары көп пе, қайта­дан жаңғырту қиын емес пе?» деп сұрадым.
– Біз жасаған дүниелер бұ­рынғы ата-бабаларымыздың жұ­мыстарынан әлдеқайда төмен­деу. Ол кезде дайын станок­тар емес, қарапайым құралдар ар­қылы халықтың сұранысын өтеп отырған. Біз тек солардың үлгілерін түрлендіріп, заманға сай жаңғыртып жасаудамыз. Ұлттық қолөнер – бабалардан қалған мәдени мұраның ең асыл құнды қазынасы. «Өнер көзі – халықта» деген, алдымен өнерді халықтан үйреніп, көне мұраны жаңғыртып, ізденіп іске асыру перзенттік парызымыз деп түсіну керек, – деді.
Шебер EXPO көрмесінде туындыларын апар­ды. Халық­аралық көрмеден алған әсері туралы.
– Иә, көрмеде бастан-аяқ болдым. Қа­зақстан Қолөнершілер ода­ғы­­ның мүшелері бас қостық. Үздік деп бағаланған бұйымда­рымызды алып бар­дық. Жоғары деңгейде өткізіл­ген шарада  шет­елдіктер жұмыс­тарымызға жақсы бағасын бер­ді. Әсіресе, Польшадан, Ресей, Түр­киядан келген қонақтар қы­зы­­ғушылық танытты. Кейбір бұйым­дарымды ұнатып, сатып алғандары да болды. EXPO-да біз өзіміздің ұлттық дүние­лерімізді әлем елдеріне таныта да, көрсете де алдық деп ойлаймын, – деді.
Қазақ халқының ұлттық өнерін сүюге, құрметтеуге баулу арқылы бүгінгі шәкірттерді ертеңгі еңбеккер, жан-жақты жетілген азамат етіп тәрбиелеуге әбден болады. Шәкірттердің жү­ре­гіне жол тауып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру – қазақ қолөнерін жас жеткіншектердің санасына жет­кізудің құралы.
Жоғарыда көтерілген мәсе­лелер шешімін табу үшін, мек­тепте қолөнерге үйрететін ұс­таз­дың біліктілігін арттыру, оларға шығармашылықпен жұ­мыс жасауға арнайы кабинет беру, қажетті материалдар алуды мемлекет тарапынан қар­жы­ландыру қажет. Ұлттық өнер мен мәдениетке деген қамқор­лықты күшейту керек. Сонда ғана дәстүрлі өнеріміздің өркен жаятыны анық.

Арайлым ӨМІРБЕК,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенті.
 
03 қараша 2019 ж. 2 238 0