Бөлме гүлдеріне арналған 7 тыңайтқыш
Терезе алдындағы "кішкене бақшамыз" көз қуантып, көтеріңкі көңіл сыйлайды. Оларды дұрыс күтіп, гүлдер өздерін жақсы сезінуі үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Бүгінгі материалда гүлдерді өсіруде қандай тыңайтқыштар қолдануға болатынын жазамыз.
Қант
Қант — бөлме гүлдерін құнарландыру үшін қолданылатын табиғи тыңайтқыштардың бірі. Қантты топыраққа себеді немесе сумен араластырады. Егер сумен араластыратын болсаңыз, 10 гр қантты 200 мл суда ерітіңіз. Бұл ерітіндімен гүлді аптасына екі рет суару қажет. Сонымен қатар, дәріханадан глюкоза сатып алып, 1 таблетка глюкозаны 1 л суда ерітіп, бөлме гүлдерін суаруға болады. Мұндай ерітінділерді гүлдердің жапырақтарына шашуға да болады. Бұл ерітінділер әлсіз және ауырып тұрған гүлдерге жақсы көмектеседі. Ал мықты бөлме өсімдіктері мұндай тыңайтқышты қажет етпейді.
Кофе
Кофе ішкен соң қалдығын төкпеңіз, оны топырақпен араластырыңыз. Бұл тыңайтқыштан соң топырақ борпылдақ бола түседі. Сонымен қатар, топырақтың қышқылдығы артып, гүлде де қышқыл болады. Тыңайтқыш ретінде тек кофе емес, шай қайнатымын да пайдаланады. Алайда абай болу қажет. Себебі, топырақтағы шайды шіркейлер жақсы көреді.
Цитрус тұқымдас және басқа да жемістер
Бөлме гүлдерін өсіруде апельсин, мандарин және бананның қабығы жақсы тыңайтқыш болады. Мұндай тыңайтқышты дайындау үшін апельсиннің немесе мандариннің қабығын ұсақтап турап, 1 литрлік құтыға салып, туралған қабықтар бататындай етіп қайнаған су құясыз. Бір күн тұрған соң құтының ішіндегі қабықтарды алып тастап, оның шырынына 1 л құты толғанша таза су құясыз. Содан соң гүлдерді суара беруге болады.
Күл
Күл — магний, темір, фосфор, кальций және күкірт секілді пайдалы химиялық элементтерден тұрады. Гүлдерді құнарландыру үшін күлді топырақпен араластыру керек. Сонымен қатар, күлден сұйық тыңайтқыш дайындауға болады. Ол үшін 20 гр күлді 1000 мл суда ерітіңіз.
Ашытқы
Ашытқы — бөлме өсімдіктерінің жылдам өсуіне жақсы әсерін тигізетін тыңайтқыш. Топырақты ашытқымен суару кезінде микроағзалардың белсенділігі бірден артып, көмірқышқылды бөлуі жоғарылап, азот пен фосфор бөле отырып, жылдам минералмен құнарландыру процесі жүзеге асады. Топыраққа 1 пайыздық ашытқы тұнбасын құйғанның өзі стандартты тыңайтқыш комплексінің әсерімен теңеседі. Ашытқы тыңайтқышын дайындау үшін 10 гр ашытқы мен 1 ас қасық қантты 1 л жылы суда ерітіңіз. Егер үйіңізде тек құрғақ ашытқы болса, 10 гр құрғақ ашытқы мен 3 ас қасық қантты 10 л суда ерітесіз. Ашытқы тұнбасы 2 сағат тұру қажет. Одан соң сол тұнбаны 1:5 қатынаста сумен араластырып, бөлме өсімдіктерін суара беріңіз.
✅ Пияз қабығы
Пияздың қабығы көптеген микроэлементтерге бай болғандықтан, одан тыңайтқыш дайындауға болады. Ол үшін 50 гр пияз қабығына 2 л су құйып, қайнатыңыз. Қайнаған соң, отты сөндіріп, суытыңыз. Суыған соң, сұйығын сүзіп алып, залалсыздандыру мақсатында сол сұйықтықпен өсімдіктерге және топырақтың бетіне шашыңыз.
Жарма жуылған су
Жарма (күріш, қарақұмық және т.б.) жуылған суды тыңайтқыш ретінде қолдануға болады. Мұндай судың құрамында күкірт, темір, магний, фосфор болады.
Бөлме гүлдеріне тыңайтқыш қолдану үшін төмендегі ережелерді сақтаңыз:
- Өсімдікті жаңа топыраққа көшіріп отырғызу кезінде 2 ай уақыт өтпей, құнарландырмаңыз. Себебі, жаңа құнарлы топырақта өзінің тыңайтқышы болады. Ал топырақта тыңайтқыштың мөлшерден тыс көп болуы да өсімдіктің өлуіне алып келеді;
- Өсімдікті құнарландырар алдында оны қарапайым сумен суарып алыңыз. Себебі, тыңайтқыштың концентрациясы жоғары болып кетсе, өсімдіктің өлуінен сақтайды;
- Барлық әлсіз және ауру өсімдіктерді мұқият тыңайту керек. Ол кезде тыңайтқыштың концентрациясы аз болуын бақылаңыз;
- Тыңайтқышты жыл бойы қолданудың қажеті жоқ. Бөлме гүлдері тыңайтқышты көктем-жаз мезгілінде ғана қажет етеді.