Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қөшпелі қазақтардың құрар-жабдықтары

Қөшпелі қазақтардың құрар-жабдықтары

Арба – ежелден келе жатқан қарапайым көлік түрі. Арбаны тек қазақ халқы ғана емес, бүкіл жер шарындағы халықтардың бәрі қажетіне жаратқан. Оны ертеде әскери көлік ретінде пайдаланса, кейін жол жүруге, жүк тасуға қолданды. Тіпті жылжымалы тұрғын-жай қызметін де атқарды. Арбалар екі не төрт дөңгелекті болады. Жасалуына қарай күйме арба, қоқан арба деп бөлінеді.
Күйме – арбаның үстіне қондырылған киіз үй немесе матадан жасалған қалқа. Күйме қатты заттардан, сәнді былғарыдан, тоқыма шарбақтан, жібек матадан да жасалған.
Қоқан арба – қос доңғалақты, ойлы-қырлы жерлермен жүруге ыңғайлы келеді. Оның дөңгелектерінің диаметрі 2 м-ге дейін жетеді. Осындай қоқан арбалардың бірі Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі жанындағы мұражайда сақтаулы.
Арба түрлері шаруашылық, тұрмыс қажеттіліктеріне байланысты үнемі жетілдіріліп отырған.
Шана – жүк тасуға, адам тасуға арналған қатынас құралы. Шананы көбінесе қайыңнан жасайды. Ол үшін қайыңды жастай қиып алып, оның иілетін бөлігін бауырлап жонып, екі ағаштың арасына не болмаса тез тәріздес арнаулы қалыпқа салып қысып иеді де, қайыспен не кендірмен таңып байлап тастайды. Ағаш әбден кепкен соң байлауын шешіп, шананың табанын дайындайды. Шана табанының үстіңгі жағынан 5-6 жерден қашаумен ойып, оған қарама сұғып бекітеді. Қарамалардың жоғарғы жағынан шананың жан ағашы кигізіледі. Екі жақтау ағаштың арасына бірнеше жерден кергіш шабақ өткізіліп, шананың екі басы бұрап байланған, талмен не екі шетінде қаусырмасы бар кергіш ағашпен керіледі. Шанаға көп жүк сыю үшін шананың жақтау ағаштарынан 30 см-дей шығып тұратындай етіп кең канат жасалады. Шананың табаны тозбау үшін оны жалпақ темірден табандайды. Алдыңғы қарамаларға екі тәрте байланады. Мұндай шананы «жайдақ шана» деп атайды. Шананың адам мінуге арналған түрін «кәшауа» дейді. Кәшауаның ұзындығы жайдақ шанадан қысқа, сүйегі нәзік, басының иіні анағұрлым қайқы болады. Кәшауаның үстіне тақтай төселіп, оған кісі отыруға лайықтап жасалған қорап орнатылады. Қораптың арқалығы биік, жаны аласа болып келеді. Кәшауаның алдыңғы жағында делбеші отыратын, ал арқалық қалқанның дәл түбіне тірей орнатылған жолаушы отыратын орындық болады. Кәшауа жылы болу үшін табанына киіз төселеді.
Шығыр – құдықтан су тартуға арналған құрал. Ұзындығы 1 - 1,5 метрдей жұмыр ағаш кеспектің өзегіне ұзын жұмыр темір өткізіліп, ол құдықтың екі шетіне қарама-қарсы қағып орнатылған екі тіреу ағашқа бекітіледі. Темірдің қолға ұстайтын ұшы майыстырылып иінді етіп жасалады. Ағаш кеспектің орта бөлігіне шеге арқылы кендір не шынжыр бау байланып, оның екінші ұшына шелек ілінеді. Тұтқаны бір бағытпен айналдырғанда шелек төмен түседі, ал керісінше айналдырғанда шелек жоғары көтеріледі.
Науа – төрт түлік малға арналған жем-шөп, тұз салатын, су беретін ыдыс. Науа ағаштан немесе темірден жасалады. Көбінесе, ұзын әрі жуан ағаштан ойып істеледі. Науаны малдың жем-шөбін аяқ астына таптамай жеуі, тазалығы үшін биік тірекке орнату қажет. Қазіргі кезде де мал ұстап отырған ауыл тұрғындары науаны пайдаланып жүр.
Шалғы – шөп шабуға арналған құрал. Шалғы басының алқымындағы ойығына темір шығыршық кигізіледі. Шалғының шүйдесі мен алақаны қос-қостан тесіліп, олардың арасына қиғаштай жіңішке темір шыбық шегелеп бекітіледі. Бұл шөп шапқан кезде шалғының желкесіне көп күш түспеу үшін керек. Шалғыны ұзын сырықпен саптайды. Шалғының сабына (оның басынан бастап есептегенде шалғышының беліне дәл келетіндей тұсына) талдан иіп жасалған білік (шалғышы ұстайтын тұтқа) орнатады. Шалғы өткір болу үшін оны төстің үстіне қойып, шың балғамен біркелкі етіп шыңдайды. Шыңдалған шалғыны қайрақпен жанып, жүзін тегістейді.
Айыр (аша) – шөп, сабан сияқты мал азығын жинап көтеру үшін қолданылатын құрал. Айырдың ағаш және темірден жасалатын түрлері болады. Ағаш айыр екі не үш ашалы талдың сабағы мен бұтақтарын аршып, кептіру арқылы жасалады. Аша бұтақтарды жас кезінде бір бағытта сәл иіп, араларын жақындатып кергіш ағашқа таңып қояды. Әбден кепкен тал кергішке таңылған қалпын сақтап қалады. Одан соң оның қабығын аршып, ашаларын ұштап, сабын тегістеп өңдейді.
Темір айырдың басы зауытта темірден құйып жасалады. Ол үш не төрт аша болады. Оның ұңғысына ағаш сап сұғып, шегемен бекітеді. Ағаш сап ұстауға ыңғайлы әрі қолды қажамайтындай болуы үшін мұқият жонып, жақсылап тегістейді.
Арқан – мал байлау үшін, жүкті, киіз үйдің туырлығының етегін үйдің қанқасына таңып бекіту үшін пайдаланылатын шаруашылық құралы. Оны жүннен, қайыстан, кендірден есіп, дайындайды. Бұлардан басқа ат арқандауға, қой қосақтауға, жылқы матауға арналған арқандар да болады.
Жүннен арқан ескенде, ең алдымен, қойдың өлі жүнін (жазғытұрымғы жабағы жүн) сабаумен сабап, қолмен түтіп, майдалап алады да, оған ешкінің қылшықты жүні мен жылқының жал-құйрығын қосып шүйкелейді. Шүйке жетерлік мөлшерде дайындалғаннан соң оларды біріне-бірін жалғап, алақанға салып еседі. Бұдан арқанның бір өрімі (тілі) жасалады. Дайын болған тілді домалақтап орап, арқан тартуға әзірлейді. Арқанның тілі үшеу болады. Оның екеуі оң, бірі теріс есіледі. Арқанның тілдері оның қолданылатын орнына қарай әр түрлі жуандықта жасалады.
Қайыс арқан түйенің, сиырдың, кейде жылқының иленген терісінен (жылқы терісі жұқа болғандықтан, одан көбінесе саба, торсық, мес істейді) тіліп жасалады. Қайыс арқанның екі түрі бар. Олар - өрме және жұмыр арқан. Жалпақтығын екі елідей етіп тіліп алған қайысты шебер екі шетін бүгіп жұмырлайды да, одан соң оны арнаулы әзірлеген ынжыдан (ағаш тесігінен) өткізеді. Жұмырланған дымқыл қайыс кепкен кезде жазылып кетпей, өзінің жұмыр қалпын сақтап қалады.
Өрме арқанды дайындау үшін шебер қайыстың бір ұшынан бастап үштен бір бөлігіне дейін алты не сегіз таспа етіп тіледі. Тілінген бөлігін кәдімгі қамшының өрімі сияқты жұмырлап өреді. Тілінбеген бөлігін ынжыдан өткізіп жұмырлайды. Қайыс арқан көбінесе шалма тастау үшін пайдаланылатындықтан, олардың бір ұшына темір шығыршық бекітіледі. Қайыс арқанды жиі майлап отыру дұрыс. Кендір арқан да жүннен ескен аркан сияқты жеке тілдерден есіп жасалады.
Ноқта – малды байлауға, жетектеуге қажетті әбзел. Ол мұрындық, төбелік, сағалдырық, шылбыр сияқты бөліктерден тұрады. Ноқта мықты болу үшін, көбінесе, жіңішке арқаннан жасалған. Ноқта малдың басынан сыпырылып кетпеуі үшін жағының астынан байланатын бөлігі сағалдырық деп аталады. Кейде ноқталар сағалдырықсыз да жасала береді. Шылбырдың ұзындығы – 2 метр, кейде одан да ұзындау болады. Аттарға жүгенмен бірге ноқта да тағылып, негізінен, байлап қою үшін пайдаланылады. Түйе, құлын, бұзаулар да ноқталанады.
Мұрындықты қатты ағаштан мұқият сүргілеп жасайды, әбден кептіріп, майлап барып түйенің мұрнын тесіп өткізеді. Мұрындықтың ұшы істік болады, үш жағында кертік болады, түп жағында қалың киізден, немесе былғарыдан тығырық кигізіледі, екінші ұшы тығырық шығып кетпейтіндей жуан доғал болады. Мұрындықтың кертігіне шеттік (мықты жіңішке жіп) тағады. Шеттікке бұйда (жуандығы бармақтай жіп) байлайды. Бұйданың (түйенің бас жібі) ұзындығы құлаш жарымдай болады, ол қой жүнінен, кейде қыл араластырылып есіледі.
Желі – мал байлауға арнап әдейі керілген арқан. Ол жүн араластырған қыл немесе кендірден есіледі. Желінің құлын байлайтын, түйе байлайтын, қозы көгендейтін түрлері бар. Құлын байлайтын желі бес тілден тартылып ерекше жуан етіп жасалады. Оның ұзындығы байланатын құлынның санына қарай әр түрлі болады. Жалпы алғанда, қатар байланған екі құлынның арасы бір метрден жақын болмауы көзделеді. Құлын байлайтын желі қатты керілуі керек. Ол үшін, алдымен, екі шеткі қазық қағылып, одан соң ортадағы кіндік қазық бір бүйірге бұрыштай тартып қағылады. Бір желіге 10 шақты құлын байлануы мүмкін.
Көген – ешкі мен қой жүнінен жылқы қылын араластырып ескен желі арқан, ұзындығы 25-30 метрдей болады. Сонымен бір көгенге 50-60 қозы-лақ көгенделеді. Көгеннің желісі де үш тілден тартылады. Арқан тартушы желіні тартқан кезде оның тілдерінің арасына қашықтықтарын 15 сантиметрдей етіп, алдын ала дайындалған көгеннің бұршағын өткізіп отырады (Үш-төрт сүйем сайын бұршақ (мойын жіп) орнатылады).
Қазық — жерге қағуға арналған үшкір құрал. Қазықты ағаштан да, темірден де жасайды. Ағаш қазықтың жуандығы мен ұзындығы қағылатын жерінің топырағына қарай мөлшерленіп алынады. Қазақ халқы қазықты ат арқандауға, мал байлауға, киіз бастыруға, т.б. жағдайларда пайдаланған. Биені, көбінесе, ағаштан жасалынған қазыққа байлаған. Ал темір қазық ат арқандағанда не шатыр тіккенде, балыққа ау құрғанда қажет. Қазыққа арқанды қазықбау шалып, кейде күрмеп байлайды.
Тоқпақ – қазық қағу үшін қолданылатын құрал. Тоқпақ (сабымен бірге) қайынның безінен жасалады. Тоқпақ неғұрлым салмақты болса, қазық жерге соғұрлым оңай кіреді. Тоқпақ жасалатын ағаштың қабығы аршылып, көлеңкеде кептіріледі. Сабы қолға ұстауға лайықтап жіңішкертіледі. Тоқпақ басының бұтақтары тазартылып тегістеледі, Тоқпақпен қаққан ағаш қазық жарылмайды.
Иінағаш (мойынағаш) – иықпен жүк көтергенде пайдаланылатын ағаш құрал. Иінағаш мықты жас ағаштан иіліп жасалады не табиғи иіні бар ағаш таңдап алынады. Оның иыққа тірелер жерін жалпақ етіп (шамамен 4-5 сантиметрдей) жасайды да, екі иінін жұмырлап не төрт қырлап жонады. Олардың диаметрі жалпы 2,5-3 сантиметрдей болады. Иіндердің екі ұшына темірден ілгек орнатады не шелек ілуге келетіндей етіп ағаштың өзін кертеді.

Ғаламтор көзінен алынды
29 қыркүйек 2019 ж. 853 0