ЖҰМЫСШЫНЫҢ ОРТАША ЖАЛАҚЫСЫ 186,5 МЫҢ ТЕҢГЕ
2019 жылдың екінші тоқсанында еліміздегі ең төменгі орташа айлық жалақы мөлшері Жамбыл облысында тіркеліп отыр, деп хабарлайды tirshilik-tynysy.kz baribar сайтына сілтеме жасап.
2019 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда бір жұмысшының орташа айлық атаулы жалақысы 186,5 мың теңге болды, бір жылда 14,6% өскен. Ал инфляция мен сатып алу жарамдылығын ескергенде жалақының нақты өсімі 8,9% болды. Finprom.kz аналитиктерінің мәліметінше, бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш.
Осы жылдың басынан бері елімізде ең төменгі жалақы 1,5 есе көбейді, ең төменгі жалақы алатын жұмысшылар үшін салық 10 есе азайды. 2019 жылдың 1 маусымынан бастап бюджет саласының жекелеген жұмысшыларының жалақысы 30% көбейтілді. Бүгінде аз жалақы алатын 1,1 миллионнан астам жұмысшының айлық табысына 31% үстемеақы қосылды.
Өңірлерге бөліп қарағанда ең жоғары орташа айлық жалақы Атырау облысының жұмысшыларына тиесілі – 325 мың теңге. Былтырғы екінші тоқсанда жалақы мөлшері 291,3 мың теңге болған. Бұдан кейінгі орындарда Маңғыстау облысы (289,6 мың теңге) және Нұр-Сұлтан (287,7 мың теңге) жұмысшылары тұр. Орташа айлық жалақының мөлшері жағынан үздік бестікке Алматы (227,4 мың теңге) және Батыс Қазақстан облысы (181,6 мың теңге) еңбеккерлері енеді.
Finprom.kz мамандары еліміздің 4 өңірінде орташа айлық жалақымөлшері орташа республикалық шамадан жоғары екенін анықтады. Атырау облысында 74,2%, Маңғыстау облысында 55,2%, Нұрсұлтанда 54,2% және Алматыда 21,9% жоғары.
Ең төменгі орташа айлық жалақы мөлшері Жамбыл облысында тіркелді – 126,5 мың теңге. Түркістан облысында 128,1 мың теңге, Солтүстік Қазақстан облысында 130,3 мың теңге.
Салалар бойынша айтсақ, орташа айлық жалақының мөлшері қаржы және сақтандыру (458 мың теңге, бір жылдағы нақты өсімі – 29,8%), тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді пайдалану (387,3 мың теңге, бір жылдағы нақты өсімі – 2,7%), кәсіби қызмет, ғылым және техника (315,1 мың теңге, бір жылдағы нақты өсімі 9,6%) сфераларында жоғары. Бұл жағынан ақпарат және байланыс (274,9 мың теңге), құрылыс (233 мың теңге) салалары да алғашқы бестікке еніп тұр.