Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда газбен қамтамасыз ету деңгейі қандай

Қазақстанда газбен қамтамасыз ету деңгейі қандай

Қазақстандықтар газды өзіндік құнынан төмен бағада пайдалануда. Сонымен бірге, соңғы бес жылда халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі 30-дан 50 пайызға дейін өсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Energyprom-ға сілтеме жасай отырып. 

«Бесжылдықта газға қосылатын балабақшалар, мектептер, ауруханалар және әлеуметтік әрі коммуналдық саладағы басқа да нысандар саны 86,5 пайызға артты.

Биылғы мамырға қарай бөлшек сауда тұтынушылары үшін ел ішіндегі тарату тораптары бойынша жеткізілетін газ тарифі шамалы көлемде өсті. Табиғи газ сегментінде өсім 1,5 пайызды (текше метріне 18,7 теңгеге дейін) құрады», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, баллондарда жеткізілетін сұйытылған газ бағасы 2,1 пайызға өсіп, 50 литріне 2673 теңгеге дейін жетті. Белгілі болғандай, табиғи газбен қамтылған әкімшілік-аумақтық нысандар саны 984-ті, ал сұйытылған газ тартылған нысандар 14-ті құрады.

Табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша ең жоғары көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында тіркелді, яғни бұл өңірде 231 нысан бар. Мұнымен қоса, көшбасшылар қатарында Жамбыл (178 нысан) және Түркістан (148 нысан) облыстары бар. Естеріңізге сала кетейік, соңғы бес жылда газды пайдалану мүмкіндігін үш миллионнан астам қазақстандық иеленді, ал халықты газдандыру деңгейі 30-дан 50 пайызға дейін өсті.

«ҚазТрансГаз» АҚ мәліметінше, бүгінде Қазақстанда көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігі 11 облыстың тұрғындарында бар. Егер де бес жыл бұрын елімізде газдандырылған 1 056 402 абонент тіркелсе, 2018 жылдың қараша айына қарай бұл көрсеткіш 1 777 394-ке дейін артты.

Бұл тұрғыда өсім 68 пайыз болды. Осы арқылы, бүгінде табиғи газды 9 млн қазақстандық пайдаланып келеді. Таратушы тораптарға қосылатын балабақшалар, мектептер, ауруханалар, түрлі әлеуметтік және коммуналдық сала нысандарының саны артуда. «ҚазТрансГаз» АҚ дерегінше, бес жылда газдандырылған коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар саны 22 090-нан 41 189-ға дейін немесе 86,5 пайызға өсті.

www.inform.kz

04 маусым 2019 ж. 805 0