Топ-баннер
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Инвестиция - өңір дамуының басты қозғаушы күші

Инвестиция - өңір дамуының басты қозғаушы күші

Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған негізгі міндеттердің бірі инвестициялық ахуалды жақсартып, отандық және шетелдік капитал тарту. Бұл экономиканы әртараптандырудың, жаңа өндірістер ашудың және жұмыс орындарын құрудың басты тетігі.

Өткен жылы Қызылорда облысында 27 жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында жаңа жылу электр орталығы, нан өнімдері кешені, кірпіш, айна, күріш және аз тұз өндіру зауыттары, шағын өнеркәсіптік аймақ пен 40 МВт күн электр станциясы бар. Бұл жобалар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, өндірістік әлеуетін арттырды.

Алдағы 2026-2029 жылдары 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биылдың өзінде 21 жобаны іске қосу жоспарланған. Атап айтқанда, құс фабрикасы, тауарлы-сүт фермасы, қонақ үй кешені, қағаз өндіру кәсіпорны және екі күн электр станциясы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, ірі өндірістік нысандар тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені, қонақ үй құрылысы, әк және сода зауыттары, кен-байыту фабрикасы мен шыны бөтелке шығаратын кәсіпорын жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Аграрлық бағытта да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде аграрлық-индустриялық кластер қалыптастыру мақсатында техникалық қара сора, жүгері және соя өсіріп, терең өңдейтін өндірістер іске қосылуда. Крахмал-сірне зауытының құрылысы басталып, мыңдаған гектар жер игерілуде. Сонымен бірге, заманауи жылыжай кешені салынбақ.

Энергетика саласында да ірі жоба қолға алынды. Қуаттылығы 1100 мегаватт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы басталып, оған арнайы жер телімі бөлінді.

Жалпы алғанда, жүйелі инвестициялық саясаттың нәтижесінде өңір экономикасы жаңа серпін алып, өндіріс көлемі ұлғайып, халықты жұмыспен қамту мүмкіндігі арта түсуде.
27 ақпан 2026 ж. 45 0