Облыс әкімі сауда және интеграция вице-министрімен кездесті

Бүгінде аймақ әлеуметтік-экономикалық дамуда тұрақты өсімге қол жеткізді, жалпы өңірлік өнім 104,8%. Экономика құрылымының 31%-ын құрайтын сауда саласында тауарлар мен қызметтер көлемі 6,1%-ға артты.
Өңірде 30-ға жуық кәсіпорын күріш, балық өнімдері, ас тұзы, цемент, шыны, уран шала тотығы және аммоний метаванадатын экспорттап, экономиканы әртараптандыруға үлес қосуда. Алдағы бесжылдықта 2 трлн теңгенің 89 инвестициялық жобасы іске асырылып, 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ.
Биыл өңірдің кірпішке деген сұранысының 90%-ын қамтамасыз ететін жаңа зауыт пен 3,5 мың адамға қызмет көрсететін «Orhun Medical» медицина орталығы іске қосылды. Сонымен қатар ЖЭО, қиыршық тас және айна шығару өндірістері, жолаушылар вагондарын жөндеу кешені, кондитерлік және макарон өнімдері цехтары, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт, коммуналдық базар және екі шағын өнеркәсіптік аймақ ашылады.
Құрылысы басталатын 14 ірі жобаның қатарында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауыты, «Rixos» бес жұлдызды қонақ үйі, кальциленген сода зауыты, «Шалқия» кен байыту фабрикасы және бөтелке шығаратын зауыт бар. Бұған қоса, Қатармен бірлескен қуаттылығы 1100 мегаваттық бу-газ қондырғысы және испандық «Roca Group» компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық өнім өндіретін зауыт құрылысы қолға алынды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, "Қорқыт Ата әуежайы" жанынан арнайы экономикалық аймақ құрылды. Оның аясында құрылыс индустриясы, машина жасау, логистика және инновациялық бағыттағы жобалар жүзеге асырылмақ.
Сапар кезінде вице-министр қала орталығындағы «Сыбаға», «Сұлтан-2» сауда базарлары мен экспортқа бағдарланған өндірістік кәсіпорындарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі