Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл өңірдегі 6 елді мекенді газдандыру жоспарда бар

Биыл өңірдегі 6 елді мекенді газдандыру жоспарда бар

Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуда елді мекендерді ауыз сумен қамту маңызды. Бұл ретте өңірдегі 230 елді мекенді сапалы ауыз сумен қамту міндеті бар. Бүгінгі күні аймақта 230 елді мекеннің 198-інде ауыз желілері барған. Нәтижесінде халықтың 97 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қалған ауылдарға кезең-кезеңімен ауыз су тартылады. Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады. Жиынға облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Жаңабаев қатысты.

Алдымен елді-мекендерді газдандыру мәселесі қозғалды. Бүгінде аймақтағы барлық аудан орталықтары толыққанды табиғи газға қосылған. Биыл өткен жылы басталған 5 жобаның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, Қызылорда қаласындағы Наурыз және Махамбет, Қазалы қаласы, Шиелі ауданындағы Алғабас, Ақмая, Тереңөзек кентіндегі «Ақ дақтар» жобасы бар. Сондай-ақ, осы жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы арқылы Қазалы ауданындағы Жалаңтөс батыр, Пірімов, Басықара ауылдарын газдандыру жұмыстары басталады.

Биыл 6 елді мекен газдандыру үшін Энергетика министрлігіне өтінім берілді. Яғни Аралдағы Сексеуіл кентіне АГТС орнату және кентішілік газдандыру, Қармақшыдағы Төретам және Ақай елді мекендеріне, Шиелі ауданы Шоқай АГТС орнату мен Жаңақорғандағы Бірлік, Қыраш ауылдарына газ тарту межеленіп отыр.

Облыс әкімі құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы жүргізіп, уақытылы аяқтауды жүктеді. Табиғи газ бағасын бақылауда ұстау қажет екенін баса айтты.

Биыл Қызылорда қаласындағы 4 қосалқы станцияны жаңғырту құрылысы жалғасуда. Ал, Ұлттық экономика министрлігіне 2 жобаға бюджеттік өтінім ұсынылған. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жақ жағалау бөлігін электрмен жабдықтау және Шиелі кентіндегі қосалқы станциясын қайта жаңғырту бойынша 2 жоба әзірленуде.

Аймақ басшысы аталған жобалар бойынша бірқатар тапсырма беріп, коммуналдық тарифтердің көтерілуіне жол бермеу керек екенін атап өтті.

Еске салайық, аймақта жылу тарифі 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 1 Гкал жылу энергиясы үшін уақытша өтемдік тариф енгізіліп, 2020 жылдың деңгейімен салыстырғанда 13,4%-ға, газ тарифі 2020 жылмен салыстырғанда 5,9% төмендетілді.

Жылумен қамтамасыз ету бойынша да жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2022 жылға «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы арқылы әлеуметтік нысандардың жылу қазандықтарын қайта жаңғырту бойынша 4 жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.

Жиын соңында облыс әкімі жылу беру маусымын ақаусыз аяқтап, ауыз сумен қамту, газдандыру мәселелеріне кешенді түрде талдау жасау нақты шешімдерді қабылдау қажеттігін еске салды.
28 қаңтар 2022 ж. 493 0