Кәсіпкерлермен кездесу
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, палата директоры Пірмұхаммед Сыздық, Өңірлік кеңес мүшелері мен Палата өкілдері, мемлекеттік мекеме, құзырлы орган, микрокредиттік ұйым өкілдерімен бірлескен жұмысшы тобын құрып, Сырдария ауданы кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.
Алдымен жұмысшы топ Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаевпен кездесіп, Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту тапсырмасын талқылады. Негізгі жиынды аудан әкімінің орынбасары жүргізіп, мемлекеттік қолдаулар арқылы еліміздегі кәсіпкерлік саласын дамытудың маңыздылығына, аудан кәсіпкерлігінің тынысына тоқталды.
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов өз кезегінде Палата жұмысы мен Өңірлік кеңестің ондағы рөлін ашып айтса, палата директоры П.Сыздық жұмысшы топтың миссиясын және кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау түрлерін айтты.
Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіруге, ақпарат беруге келген арнайы делегация, облыстық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік басқармалары, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, «Байқоңыр» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы» АҚ, «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалы және «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы қаржы ұйымдарының өкілдері, түсіндірме жұмыстарын жүргізумен қатар кәсіпкерлердің сұрағына жауап берді.
Жиынға қатысушыларды басты кезекте ауылдық елді мекендерге 2,5 пайызбен несие қаражатын алуға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі хабарлаған 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін декларациялаудың ІІІ кезеңінен міндетті түрде өту қажеттігін, өтпеген жағдайда айыппұл салыну мәселесі қызықтырып, осы тұста көптеген сауалдарын қойды. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдармен қатар прокуратура органдары тарапынан жүргізілген шаралар жөнінде аудандық прокурор Асқар Кемалов баяндады.
Іссапар барысында жұмысшы топ аудандағы кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысты. Соның бірі 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы құм блоктарын өндіруге арналған матрицаларды сатып алуға 7,3 млн теңге алған жеке кәсіпкер Өмірхан Бержановтың өндіріс орны. Мекеме қазіргі таңда тәулігіне 1000 дана құм блоктарын шығарып, 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Екінші нысан Қалжан ахун ауылындағы 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы алынған 8,6 млн теңгеге «Жылыжай» салған жеке кәсіпкер Серік Әбжалиев. Ол өз жылыжайында қияр егіп, 3 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшы топ өкілдері кәсіпкерлерге қолдау білдіруге әрқашан дайын екенін айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ