Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Азық-түлік бағасы құбылмалы

Азық-түлік бағасы құбылмалы

Қай кезде де азық-түлік бағасы сан құбылып, нарық­тық экономикада сауда-саттық көрсеткіші бо­йын­­­ша өзгеріс болып тұрады. Әрине, бағаның тұрақты болуы жергілікті халықтың тұрмыстық жағдайына едәуір әсер ететіні рас. Ай сайынғы табысқа иек артатын көпшілік азық-түлік пен коммуналдық шығынға табысының басым бөлігін жұмсайды. Бұл ретте, азық-түлік бағасының бүгінгі жай-күйіне қанығу мақсатында Тереңөзек кентіндегі бірнеше сауда орнын аралап көрген болатынбыз.

Азық-түлік тауар­ларының қоры мен баға­­сын реттеу мәселесі аймақ бас­­­­шы­сы Нұрлыбек Нәлібаевтың ұда­йы наза­рында. Мәселен, облыс әкі­мі тиісті сала басшыларына нақты тап­­сыр­­ма беріп, азық-түлік баға­сына қатысты мәселе туында­мауы керек­тігін айтты. Күн тәртібіндегі мәселе басты назарда болатындығын жет­кіз­ді.

«Өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ба­ға индексі 98,8 пайызды құрап, рес­­­пуб­ликалық орташа көрсет­кіш­тен 1,5 пайызға төмен қалыптас­ты. Қазіргі уақытта тауарлар мен қыз­меттерге баға деңгейі респуб­ликалық көрсеткіштен төмен болға­ны­­мен, оны тұрақты ұстап тұруға мін­­дет­­тіміз. Бірінші кезекте нарықта халық тұтынатын тауарлардың қоры жет­кілікті болуы қажет. Өткен жыл­­дан бері көкөніс өсіруші шаруа­шы­­лық­­тарды алдын-ала 70 па­йыз қаржы­ландырып, форвардтық келі­сім­­шарт жасау тәжірибеге енгі­­зіл­ді. Енгізілген өзгерістерден және жүр­гізілген тауар интервенциясынан кейін көкөніс бағасы өткен жылдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда бір­ша­ма төмен. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс­тар жалғасуы қажет», – дейді аймақ басшысы.

Өз кезегінде азық-түлік тауар­ларының баға­сын тұрақтандыру үшін ішкі саудадағы делдалдық тіз­бекті қысқарту және сауда үсте­месін 15 пайыздан асырмауды ұйым­дастыру жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіп­керлік корпорациясына әлеуметтік дүкен­дер мен бұрыштарда 19 әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарының төмен­гі бағада сатылуын қамтамасыз ету тап­сырылған.
Жоғарыда көтерілген мәселе қашанда өзек­тілігін жоймайды. Ең алдымен, біз кент орта­лығындағы «Жазира» азық-түлік дүкеніне барғанымызда жергілікті тұрғындар тұрмысқа қажетті көптеген тауарды сатып алатына көзіміз жетті. Мәселен, азық-түлік дүкенінде картоптың келісі 260 теңгеден, пияздың келісі 110 теңгеден, сәбіз­дің келісі 160 теңгеден, макаронның келісі 320 теңгеден, қырыққабаттың келісі 80 теңгеден, күріштің келісі 440 теңгеден, құмшекердің келісі 410 теңгеден, тауық етінің келісі 1200 теңгеден сатылып жатқаны назарымызға ілікті. Сонымен қатар дүкенде тұтынушыға нан 90 теңгеден, «Күнікей» өсімдік майының литрі 490 теңгеден, ұнның 25 келісі 5400 теңгеден ұсынылуда.

Расында, Тереңөзек кентінде 11 мыңнан аса халық болса, оның ішінде, көпбалалы және жас отбасы жеткілікті. Баға тұрақтылығын бағамдау кезін­де үйінде 4 адам тұратын жас отбасының азық-түлікке жұмсайтын шығынын есептеген едік. Ота­насы Жансая Қорғанбай жолдасы екеуінің ай сайын­ғы табысын есептеп, отбасылық шығынды өтеуді дағдыға айналдырған.

– Бүгінде базар бағасы ұдайы өзгеріп отырады. Біз отбасымызда 1 айға қажетті азық-түлікті алып қою­ға дағдылана білдік. Бүгін сауда орталығынан 50 мың теңгеге жуық қаржыға азық-түлік себетін алған едік. Әр апта сайын қосымша бес мың теңге­­ден жо­ғары қаражатқа зат алып тұрамыз. Бұдан бөлек, коммуналдық шығын, балабақша төлемі, балалар киімі секілді қажеттілікті өтеуге артық қаражат жұм­саймыз. Әрбір жас отбасы бюджетті жоспарлап, табысын еселеп отыруға мүмкіндік қарастырған жөн. 2 жыл бұрын үлкен үйден енші­міз­ді алып, бөлек отау болғанымызда жолдасым екеуміз ай сайын жұмса­латын қаражат көлемін жан-жақты таразылап отырамыз деп шешім қабыл­дадық, – дейді Жан­сая Қорғанбай.

Күніне 500-ден аса тұтынушыға қызмет көр­сететін «Серікбол» сауда үйінде сатылып жатқан азық-түлік бағасын өзге дүкенмен салыстырған болатын­быз. Яғни, сауда үйінде картоп 250 теңгеден, пияз 100 теңгеден, сәбіз 155 теңгеден, жұмыртқа 38 теңгеден, өсімдік майының 1 литрі 670 теңгеден, күріштің 1 келісі 440 теңгеден, шайдың мөлшеріне қарай 900 теңгеден, макарон­ның 2 келісі 680 теңгеден, құмшекердің келісі 400 теңгеден, сүт­тің 2 литрі 790 теңгеден, ұнның 50 келісі 11500 теңгеден сатылымға шық­қанына қа­нық­тық.

– Қай кезде де тауардың сапасына мән беру керектігін естен шығармаймыз. Азық-түлікке дүкенге келу бағасынан тек 15 пайыз ғана қоса аламыз. Халық арасында сұранысқа ие тауардың бағасы күн сайын өзгеріп отырады. Әрине, жұртшылыққа қажетті тауарды уақытылы жеткізіп, бағасына бақылау жасап отыруға міндеттіміз, – дейді Гүлзағира Кішкенеева.

Жергілікті кәсіпкер мен халықтың ортақ пікірі­не сүйенсек, үнемі бағада өзгеріс болатыны жасырын емес. Кенттегі «Нұрай» сау­да дүкенінде пияз 120 теңгеден, макаронның келісі 390 теңгеден, өсімдік майының 5 литрі 2500 теңгеден, сүттің 1 литрі 350 теңгеден, жұмыртқа 36 теңгеден, құмшекердің келісі 420 теңгеден, ұнның 50 келісі 12000 теңгеден, тауық етінің келісі 1200 теңге­ден сатылымға шығарылған. Сөреде тұрған әрбір тауар­дың бағасында белгілі бір уақытта өзгеріс еніп тұратыны анық байқалады.

Расында, зерттеу жүргізу барысында біз бір отба­сының айына 20 келі ет өнімін тұтынатынын аңғар­дық. Жылқы етінің келісін 2400-ден есептегенде 20 келі етке бір отбасы 48 мың теңге жұм­сайды екен. Сонымен қатар сиыр етіне бір айда әр­бір отбасы 46 мың теңге қаражат жаратады екен. Базар бағамы құбылып тұратыны жасырын емес. Сондықтан әр отбасы баға тұрақтылығын назарда ұстап, үнемшілдікке иек артқан дұрыс.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: Н.НҰРЖАУБАЙ
11 маусым 2024 ж. 113 0