Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аграрлы аймақтың алдағы жоспары қандай?

Аграрлы аймақтың алдағы жоспары қандай?

Сыр күріші – ел ырысы. Осы қанатты сөз облыс орталығынан бастап, аймақтың әр ауданында ілулі тұр. Себебі аграрлы аймақ үшін егін шаруашылығының маңызы ерекше. Оның үстіне Қызылорда – күріш егуге бейімделген, халқы да осы кәсіпке машықтанған бірден бір өңір. Сондықтан дала академигі атанған Ыбырай Жақаевтың ізін жалғаған диқандар егін егу мен оны жинау кезеңін асыға күтеді.

Соңғы жылдары су тапшылығына байланысты егілетін күріш көлемін қысқарту мен ауыл шаруашылығын әртараптандыру жұмысы қолға алынды. Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімдігінің ұйытқы болуымен диқандарға нақты көмек пен қолдау көрсетілуде. Өңір шаруаларының өзекті мәселелері Парла­мент­те де көтеріліп, Үкіметке, сала­лық министрліктерге депутаттық сауалдар жолдануда. Нақты мәліметке сүйенсек, депутаттық сауалдардың басым көпшілігі оңтүстік және батыс аймақтардағы су тапшылығы мәселе­сін шешуге бағытталуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәлі­метін­ше, ҚР Үкіметі мақұлдаған индикаторлар бойынша биылғы жы­лы облыста 187,5 мың гектарға ауыл­ шаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарланған. Оның ішінде, дәнді дақылдар көлемі 91,6 мың га болса, майлы дақылдар 4,8 мың, мал азықтық дақылдар 71,6 мың, картоп, көкөніс, бақша 19,5 мың гектарға егілмек. Ал негізгі дақыл күріш 78,3 мың гектарға егіледі деп межеленуде.

Соңғы жылдары жергілікті тұрғын­дарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қосымша егістік жер берілуде. Биыл облыс бойынша қосымша 3179 гектар жер дайындалуда. Мамыр айына дейін егін егуге ынта білдірген отбасылар саны нақтыланып, егіс көлемі әлі де артатын болады. Осы ретте биылғы жылдың көктемгі егісіне қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқым­дары 100%-ға толық қамтамасыз етіл­генін айтып өткеніміз жөн. Дайындалған күріш тұқымының 2,4 пайызын отандық сорттарды, 97,6 пайызын Ресейлік және Украина сорттарды құрайды. Мине­ралдық тыңайтқыштармен қам­­­ту­­­­ға келсек, 63,6 мың тонна тыңайт­қыштың 56,0 мың тоннасы сатып алынған. «Шаруашылықтар минералдық тыңайтқыштарды отандық тыңайтқыш өндіруші зауыттар мен облысқа жеткізуші мекемелер арқылы сатып алуда» дейді басқарма мамандары. Көктемгі егіс егу мен дала жұмыс­тарын жүргізуге 12,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген.

Облыста көктемгі дала және ерте егілетін дақылдарды егу жұмысы нау­рыз айының бірінші онкүндігінде бас­талды. Негізгі дақыл күрішті егу ауа-райы жағдайына байланысты сәуір айының 3-інші онкүндігінде басталады деп жоспарланған. Ал аудан бойын­ша биыл жалпы 32829 гектарға ауыл­шаруашылық дақылдары егіл­мек. Оның ішінде күріш көлемі – 20451 гектар. Көктемгі дала жұмыс­тарын жүргізуге барлығы 780 тех­­ника қатысуда. Мұнан бөлек шаруа­шылық­аралық канал­дар­дың 11,9 шақырымы, ішкі су жол­дарының 185,6 шақырымы таза­ланып, 15 гидробекет, 48 су тартатын қондырғы жөн­дел­ген.

А.ИБРАГИМҰЛЫ
23 сәуір 2024 ж. 174 0