Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарызы бастан асқан адамдарды қаржылық сауаттылыққа үйрететін сайт ашылды

Қарызы бастан асқан адамдарды қаржылық сауаттылыққа үйрететін сайт ашылды

«AMANAT» партиясының баспасөз орталығында Qogamfin.kz платформасы таныстырылды, деп хабарлайды Кaz.inform.kz.

Бұл ресурс «Қарызсыз қоғам» жобасының аясында, елдегі екінші деңгейлі банктердің демеушілігімен әзірленген. Мақсаты – қарызы көбейіп, қайтара алмай жүрген адамдарға қаржылық сауаттылық әліппесін үйретіп, қажет дегендерге заңгердің көмегін тегін ұсыну.

Жоба жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева былтыр бағдарламаға қатысқан 65 мың адамның орташа жасы 36 жас болғанын, бүкіл контингенттің 75 пайызы әйелдер болғанын, 10 пайызы зейнеткерлер екенін айтады.

«Өңірлер арасында Түркістан облысының тұрғындары белсенді қатысты. Осы 65 мың адамның 10 пайызы бір жылдың ішінде несиесін жапты. Бірақ бұл – шағын сомадағы несиелер. 5-6 млн теңгеден қарызы бар адамдар, өкінішке қарай, әлі төлеп жүр. Бұл жерде оларға төзімділік керек. Ондай адамдардың көбі біздің заңгерлердің тегін көмегінің, құқықтық сүйемелдеуінің арқасында борышын қайта қаржыландырды. 65 мың адамның 15 мыңы осы мүмкіндікті пайдаланды. Олардың ай сайын төлейтін сомасы азайтылғанмен, жылы ұзарды», - деді ол.

Айтуынша, биыл жобаға 750 мың адамды тарту көзделген. Оның ішінде 200 мың ересек адам, 100 мың студент, 450 мың оқушы бар.

«Биыл қаржылық сауаттылық дәптерін шығардық. Жобаға қатысушыларға бұл дәптерлер тегін беріледі. Бұл дәптерді жалпақ тілмен» шпаргалка» деп атауға болады. 5 күн ішінде бағдарламаны толық меңгере алмағандар, меңгергенін ұмытып қалған адамдар осы дәптер көмегімен берілген білімді қайта пысықтай алады. Биыл біз бағдарламаның қамту аясын қайта қарадық. Биыл ол елдегі 17 өңірден бөлек үші ірі қала – Астана, Алматы мен Шымкентте де іске асырылады. Біз бағдарламаны блоктар бойынша күшейттік. Атап айтсақ, инвестициялар блогын қостық. Қатысушылардың оған деген қызығушылығы жоғары. Биыл біз онлайн платформа жасап шығардық. Бүгінде осы онлайн платформа арқылы бағдарламаға қатысуға өтінім қабылданып жатыр. Qogamfin.kz сайтына кіру арқылы ауыл, аудан, қала тұрғындары өтінім жіберіп, бағдарламаға қатысушы ретінде тіркеле алады. Сайтта оқу кестесі тұрады. Соның ішінен өзіңізге ыңғайлы уақытты таңдап көрсете аласыз. Уақытты таңдап жазылғаннан кейін жоба менеджері қоңырау шалады. Осылай байланыс орнайды», - деді Ақмарал Бекмұрзаева.

Биыл да жоба аясында қарызын қайтара алмай жүргендерге бағдарлама заңгерлері тегін көмек көрсетпек. Платформаны әзірлеуші Әлішер Өмірбаевтың сөзіне қарағанда, бұл сайттан аптаның жеті күнінде 24 сағат бойы қажетті ақпарат алуға болады. Тек ақпарат алып қана қоймай, қаржылық сауаттылық машықтарын қашықтан алуға мүмкіндік бар. Тіпті бұл сабақтарға қатыса алмағандардың курс материалдарын бейнесабақтар мен әдістемелік материалдардан алуына жағдай жасалмақ.


Фото: Н.НҰРЖАУБАЙ
23 ақпан 2024 ж. 102 0