Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үкімет "Семей орманында" өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге 4,1 млрд теңге бөлмеген

Үкімет "Семей орманында" өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге 4,1 млрд теңге бөлмеген

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің 2024 жылға арналған бюджетін қалыптастыру кезінде үкімет "Семей орманы" резерватында өртті ерте анықтау жүйесін енгізу үшін 4,1 млрд теңге бөлуден бас тартқан. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оның айтуынша, биылға Азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспары аясында 16,7 млрд теңге, оның ішінде экология министрлігі үшін 9,1 млрд теңге және жергілікті атқарушы органдар үшін 7,6 млрд теңге жоспарланған.

"Министрліктің 2024 жылға арналған бюджетін қалыптастыру кезінде материалдық-техникалық жарақтандыруға 5,4 млрд теңге бөлінді, бірақ "Семей орманы" резерватында өртті ерте анықтау жүйесін енгізуге көзделген 4,1 млрд теңге қаражаты қолдау таппады", – деді Нысанбаев мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Министр табиғат қорғау мекемелерінің қолданыстағы арнайы көліктерінің 60%-ы есептен шығаруға жататынын атап өтті. Айтуынша, орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті атқарушы органдарда осы жылы қаражат көзделмеген.

"Премьер-министрдің бірінші орынбасарының 2024 жылғы 24 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес министрліктің табиғат қорғау мекемелерінің орман өрт сөндіру станциялары үшін: 108 өрт сөндіру көлігін, 79 шағын орман өрт сөндіру кешенін, 37 тракторды лизингке сатып алу мәселесі пысықталуда. Мемлекеттік орман қорын авиациямен патрульдеуге нормативті ұшу сағатына жеткілікті (нормаға сәйкес 9024 сағат) 7,7 млрд теңге қарастырылған", – деді ведомство басшысы.

Айтуынша, бүгінгі күні орман және табиғат қорғау мекемелерінің қарауында 99 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Олар былтыр ормандардағы өрт қаупі жағдайын барлау және анықтау мақсатында 575 рет ұшқан.
Нысанбаев табиғат қорғау мекемелерін ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жарақтандыру жұмысы жалғасатынын айтты.

Жалпы экология министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп республиканың барлық орман шаруашылығын материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін 2023-2027 жылдарға арналған азаматтық қорғау саласындағы бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарын әзірледі.

Жоспар бойынша барлық кезеңге 68,6 млрд теңге шығыс көзделген. Бұл сомаға:

1082 арнайы көлік (өрт сөндіру машиналары, тракторлар, патрульдік машиналар);

өртке қарсы және ормандарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған 948 тіркеме және қосымша жабдықтарды сатып алу (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер, цистерналар);

орман өртін ерте анықтау жүйесін орнату;

орман мекемелерінің аумағында 102 өрт бақылау мұнарасын салу (тек жергілікті атқару органдарының табиғат қорғау мекемелері) көзделген.
12 ақпан 2024 ж. 54 0