Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еуропалық Одақ – Орталық Азия экономикалық форумында қандай мәселелер көтерілді

Еуропалық Одақ – Орталық Азия экономикалық форумында қандай мәселелер көтерілді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумында көтерілген негізгі мәселелерді қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлихан Смайылов форумның өңіраралық диалогты нығайтуға ерекше ықпал ететінін жеткізді.

«Жоғары деңгейде өткен отырыста біз өзара іскерлік байланыстың ауқымын кеңейту бойынша жан-жақты пікір алмастық. Бұл ретте өңірдің экономикалық тұрақтылығы бірінші кезекте біздің ортақ күш-жігеріміз бен нақты қадамдарымызға байланысты екенін атап өткен жөн. Ол үшін еркін бәсекені дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, бизнесті қолдауға басымдық беру қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Оның сөзінше, жасыл экономиканы дамыту мен цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

«Атап айтқанда, климаттың өзгеруіне қарсы күш біріктіру туралы жалпы түсіністікке қол жетті. Орталық Азиядағы экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары, оның ішінде су ресурстарын тегін пайдалану мәселесі кеңінен талқыланды. Өңір ішіндегі және Орталық Азия мен Еуропа арасындағы өзара көлік байланысын жақсарту тақырыбы да қозғалды. Бұл орайда Орталық Азияның көлік инфрақұрылымына инвестиция тарту жөніндегі жол картасын әзірлеу жөнінде келісім жасалды», - деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов ҚР Үкміеті Еуропалық инвестиция банкінің Орта Азияда екі өңірлік өкілдігін ашу туралы бастамасын қолдайтынын айтты.

«Бұл өз кезегінде инвестиция тартуға тың серпін беретінін атап өткім келеді. Жалпы біз Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы дәстүрлі қарым-қатынас халықтарымыздың игілігі үшін дами береді деп сенеміз», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.


Фото: t.me/Kzgovernment
19 мамыр 2023 ж. 215 0