Министрлік электр қуатының тұтыну көлемін қашықтан есепке алатын құрылғы орнатуды ұсынды
Электр энергиясының тұтыну көлемін өлшейтін индукциялық аспаптардан бас тартып, орнына қашықтан есепке алатын құрылғыларды орнату қажет. Мұндай ұсыныс Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі ашық талқыға шығарған «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасында» айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Электрмен жабдықтау саласында есепке алу аспаптарымен қамтамасыз етілу деңгейі – 100%. Бірақ, олардың көпшілігі ескі үлгіде және энергия тиімділігі талаптарына сәйкес келмейді. Ең төмен тоқпен жұмыс істейтін заманауи тұрмыстық аспаптар мен электр қондырғылары механизмі сыртқы ауа температурасы суық болғанда көп қателік жібереді, көрсеткішті дұрыс есепке алмайды. Бұл коммерциялық шығындардың пайда болуына әкеледі. Қазіргі кезде индукциялық есепке алу аспаптары өлшеу құралдарының мемлекеттік тізілімінен шығарылмаған. Тиісінше, олар әлі қолданыста. Сондықтан, бұл аспаптарды пайдалануды кезең-кезеңмен төмендетіп, кейін көрсеткіштерді қашықтан есепке алатын аспаптарын орнату қажет деп есептейміз», - деп жазылған құжатта.
Ведомство ақпаратына қарағанда, елімізде электр энергиясын өндірумен айналысатын 567-ден астам кәсіпорын бар. Олар былтыр барлық секторға сағатына 113 млрд кВт электр қуатын беріп отырды.
Құжатты ашық талқылау 15 наурызға дейін жалғасады