«Ауыл - ел бесігі» жобасына биыл 143 миллиард теңге бөлінді
2023 жылы мемелекет меншігіне 5 миллион гектар жер қайтарылмақ. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ауылды дамытудың алдағы 5 жылға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2022 жылы ауыл шаруашылығы саласы жоғары өсу қарқынын көрсетті, жалпы өнім көлемі 9 процентке өсті. Кейінгі 10 жылда біз астық дақылынан ең жоғары өнім алдық», - деді Р. Скляр Сенаттағы «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда.
Оның айтуынша, 5,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне өтті. 2023 жылы тағы 5 миллион гектар жер қайтарылмақ.
«Бұдан бөлек, жалпы сыйымдылығы 201 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы іске қосылды. Азық-түлік қауіпсіздігі жоспары мен қант өнеркәсібін дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Нәтижесінде азық-түлік өндірісі 4 процентке өсті», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар ол «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру нәтижесіне тоқталды.
«Өткен кезеңде (2019-2022) 326 млрд теңге бөлініп, 4 мыңға жуық жоба жүзеге асырылды. Бұл өз кезегінде 334 тұрғын үй-коммуналдық, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысанын және 2 мың көлік инфрақұрылымы жобасын жаңғыртуға мүмкіндік берді. Кейінгі жылдары барлығы 1031 ауыл арнайы жобалармен қамтылды. «Ауыл - ел бесігі» жобасы бойынша биыл 736 ауыл үшін 1,5 мыңнан астам жобаға 143 миллиард теңге бөлінді. 119 тұрғын үй-коммуналдық нысаны, 275 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны және 1 мың көлік инфрақұрылымы жобасы жаңғыртылады», - деді Р. Скляр.