Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан ет экспорты бойынша рекорд орнатты

Қазақстан ет экспорты бойынша рекорд орнатты

-Қазақстанда етті экспортқа шығару жоспары 25% артық орындалды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мал және өсімдік шаруашылығындағы бір жылғы нәтижелерге арналған брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

«21 желтоқсандағы мәліметке сүйенсек, ет экспортының көлемі 18,8 мың тоннаны құрады. Ал жоспарланған көлем - 15 мың тонна. Сыртқа шығарылған еттің тең жартысы Түркістан облысына тиесілі.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2017 жылы экспортқа шыққан еттің көлемі 5,5 мың тоннаны құраған. Ағымдағы жылдың екінші жартысынан шағын және орта шаруашылықтарға негізделген «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасын іске асыру басталып кетті. Оны жүзеге асыру үшін арнайы жеңіл несие беруді қарастыратын «Сыбаға» бағдарламасы бастау алды. Жұмыс жылдың екінші жартысында басталғанымен, белгіленген межеден артық орындалды. Бүгінгі таңда 700 фермер несие алды», - делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.

Фермерлік шаруашылықтардың ірі қар мал сатып алу бойынша жылдық жоспары 50,0 мың басты құрайды. 11 айда 67 мың бас малды сатып алуға өтінімдер қабылданды. Соның ішінде 55 мың басқа өтінімдер мақұлданып, несиелер берілген. Сондай-ақ «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 170 мың бас қой сатып алынған. «Аналық малды асылдандыру бойынша жоспар 1,0 млн бас. Бүгінгі таңда асылдандыруға 977 мың бас мал (98%) қатысып отыр. Қазақстанға 14,5 мың бас ірі қара әкелінген.

Аз уақыт мал әкелуде кідіріс болды (шілде-желтоқсан), оған себеп импорттаушы елдердің эпизоотиялық жағдайы», - деп атап өтті министрліктен. Сондай-ақ брифинг барысында өсімдік шаруашылығы саласындағы нәтижелер баяндалды. «Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының мәліметі бойынша, 2018 жылы 15,1ц/га астық өнімділігінен 22,8 млн тонна бидай жиналды.

Жалпы астық көлемі өткен жылдан 760 мың тоннаға немесе 3% артық, астық өнімділігі 0,6 ц/га немесе 4%», - деді АШМ-нан. Биылғы жылы қияр егу көлемі 2,5 мың гектарға артқан, жалпы өнім көлемі 460 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдан 50 мың тоннаға артық.

Ішкі нарықтағы сұраныс 480 мың тоннаны құрап отыр. Спикерлер көкөніс бағасының күрт өсуін өндіріс маусымдылығымен байланыстырып отыр. Бұдан бөлек, азық-түлік тауарларының қымбаттауына өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін факторлар - жанар-жағармай, электрқуаты, коммуналдық қызметтер бағасының артуы әсер етіп отыр.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлер азық-түлік өнімдеріне тұрақтандыру қорларын құрып жатыр. Қазақстанның 5 ірі қаласында көтерме және бөлшек сауда орталықтары құрылысы жүргізілуде.  

27 желтоқсан 2018 ж. 1 044 0