Депозиттегі қаржы – 15,7 трлн теңге
Бүгінгі қоғамда көпшілік депозитте ақша сақтауға бейімделген. Оны ел тұрғындарының екінші деңгейлі банктерде сақтаған депозитінің көлемінің 15,7 трлн теңге болғанынан байқауға болады. Яғни, отандық банк секторы 2020 жылдан бері ауыр сынақтарды бастан кешсе де салымшылар сеніміне ие.
Жалпы қазіргі нарықта 21 банк бар. Сарапшылардың бағам-дауынша, халық депозиттерінің жылдық өсімі бойынша Kaspi.kz абсолютті көшбасшы болып танылды: 1 желтоқсанда банктегі бөлшек депозиттер портфелі 3,4 трлн теңгеге жеткен, бұл бір жыл бұрынғыдан 895,2 млрд теңгеге артық. Небәрі бір айдың ішінде банк клиенттері депозит портфельдерін 108,4 млрд теңгеге ұлғайтқан.
«Kaspi.kz бөлшек депозиттерінің нарықтағы үлесі бір жыл бұрынғы 19,4 пайызбен салыстырғанда 21,6 пайызды құрайды. Айта кетейік, дағдарыс кезеңінде бөлшек сегменттегі мұндай өсім қазақстандықтардың қаржы институтына деген сенімін және ілеспе қолжетімді экожүйеге (нарық, төлем жүйесі, финтех) жоғары қызығушылығын көрсетеді. Жеке тұлға депозиттерінің жылдық өсімі бойынша екінші орында Halyk Bank – 806 млрд теңгеге көбейіп, шамамен 5 трлн теңгеге жетті. Айта кетерлігі, өз маркетплейсі бар бұл банк те қашықтан қызмет көрсетуді дамытып жатыр. Үздік үштікті «Банк ЦентрКредит» түйіндеп тұр – бір жылда 784,4 млрд теңгеге ұлғайып, 1,5 трлн теңгеге жетті. Бұл банктің осыншалықты өсуі бұрынғы ресейлік «Альфа-Банкті» сатып алуымен байланысты» деп хабарлады Ranking.
Аталған үштіктен басқа, оның өзінде біреуі басқа банкті сатып алғанын ескерсек, депозит портфелінің жоғары өсімі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік қаржы институты – «Отбасы банкінде» ғана байқалды. Бұдан қазақстандықтардың банкпен жұмыс істегенде барынша сауатты әрі мұқият екенін аңғарамыз.
Жалпы, сектор бойынша елдегі 21 екінші деңгейлі банк ішінде 14 қаржы институты жылдық динамика бойынша оң көрсеткіш көрсетсе, қалған 7 банктің көрсеткіші төмендеген. Портфель көлеміндегі ең үлкен шығын тағы бір бұрынғы ресейлік «Сбербанк» деп аталған қазіргі Bereke Bank-ке тиесілі – 794,9 млрд теңгеге құлдырап, небәрі 180,4 млрд теңгені құрады.
Еске сала кетейік, елімізде депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесі жұмыс істейді және оған 19 екінші деңгейлі банк кіреді.
«Қазақстандықтар форс-мажор кезінде ақшаны қайтаруды емес, жалпы ешқандай форс-мажордың болмауына кепілдік сұрайды. Халықтың депозиттері ең ірі және дәлелденген қаржы институттарына сенімді түрде ағып жатқанына қарағанда, халық пен еліміздегі шетел азаматтары өз таңдауын жасап қойған» дейді сарапшылар.
Олардың айтуынша, депозитпен бірге несие көлемі де қарқынды өсімін жалғастырып жатыр. Депозит көлемінің өсуі кредит көлемінің азаюын аңғартпайды.
– Соңғы екі жылда депозит те, кредит те өскен. Мысалы, кредиттік портфель 2020 жылы 14,65 трлн теңге болса, қазір оның көлемі – 26,9 трлн теңге. Бұл жерде де халық бизнесті сәл де болса басып озып келеді. Бизнестің кредитке деген қызығушылығы төмендей бастаса, халықтың өз қарқынын көбейткенін байқаймыз. Бірақ халық алған кредиттің 90 пайызы – 500 мың теңгеге дейінгі сома. Сонда халық кредитті көп алады, бірақ сомасы аз. Қазіргі картина осындай, – дейді мамандар.
«ТТ» ақпарат