Сырдың күріші – сыртқы нарықта
Былтыр Қазақстан экспорттаушылары «Экспорттық акселерация» бағдарламасы аясында 262 млн долларға тауарлар мен қызметтерді жеткізуге келісімшарт жасасты. Бұған экспортты мемлекеттік қолдау операторы «QazTrade» ықпал етті, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Бағдарламаға қатысушылардың қатарында күріш өнімдерін өндірумен айналысатын қызылордалық «Асыл Дән LTD» компаниясы да бар. Компанияның сату бөлімінің басшысы Ақнұр Дарханның айтуынша, мемлекеттік қолдаусыз отандық тауарлардың шетел нарығына шығуы қиын. Сондықтан жұмысы жолға қойылған компанияларға да мемлекеттің қолдауы ауадай қажет.
– 2013 жылы тәулігіне 25 тонна шитті күріш өндіретін дайын шағын күріш өңдеу цехын сатып алдық. Содан кейін оны қайта жөндеуден өткізіп, шикізатты қайта өңдейтін және ұнтақталған күріш өндіретін жаңа зауыттың құрылысын бастадық. Нәтижесінде, 10 жыл ішінде өндіріс көлемін тәулігіне 80 тонна шитті күрішке дейін арттырдық. Қазір де даму мен жетілдіруді жалғастырып келеміз. «Асыл дән» брендімен өнімдерімізді сыртқы нарықтарға экспорттап, Қазақстанның шетелде танылуына үлесімізді қосып жатқан жайымыз бар. Жоспарымыз – тағы бір зауыт ашу және қуаттылықты арттыру, – дейді ол.
Экспортқа шығатын тауардың сапалы болуы маңызды. Сондықтан бұл компания да өнімнің сапасына ерекше мән береді. «Біздің ұранымыз – «Алдымен сапа» және әр клиентке жеке көзқарас танытамыз. Өнімдер бірінші дәрежелі биологиялық шикізаттан жасалған, сондықтан экологиялық тұрғыдан таза, оның тағамдық қауіпсіздігіне кепілдік беріледі. Сондай-ақ, жоғары сапа стандарттары күріш тұқымын өңдейтін заманауи жоғары технологиялық жабдықты қолдауға мүмкіндік береді. Кезеңдердің бірінде шикізат соңғы өнімді күріш дәнінің түсі, сапасы және жетілуі бойынша бағалайтын автоматты жарық бақылау жүйесі арқылы өтеді. Жыл сайын біздің күріштің жармасы Қазақ тағамтану академиясында генетикалық түрлендірілген организмдерге тексеруге жіберіледі және «Халал» стандартына сәйкестігін растайды», дейді компания өкілі.
А.Дарханның айтуынша, глютенсіз өнімдерді тұтынудың тұрақты үрдісі қалыптасып келеді. Сонымен қатар күріш пен күріш өнімдерін тұтыну жыл сайын артып отыр. Бұл түсінікті де. Күріш ұны кейде құрамында глютені көп бидай ұнын алмастырғыш ретінде қолданылады. Оның үстіне күріш өнімдері дәміне қарай бейтарап және жақсы сақталады. «Нарықта болып жатқан өзгерістерді мұқият қадағалаймыз. Сұранысты үнемі зерделеу, шығарылатын өнімнің ассортиментін кеңейту, оның сапасы мен қауіпсіздігін арттыру жергілікті нарықта және одан тыс жерлерде өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қамтамасыз ететін стратегиялық міндет болып саналады», дейді ол.
Тауарды өздігінен сыртқы нарыққа экспорттау компанияларға қиындық тудырады. Сондықтан «Асыл Дән LTD» былтыр «Экспорттық акселерация» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан.
– Бұл отандық шағын және орта бизнес кәсіпорындарына өнімді шетелдік нарыққа шығару үшін дайындалуға әрі тауарлар мен қызметтерді экспорттауды бастауға көмектесетін бағдарлама. Осылайша, бастапқы экспорттаушының барлық мәселесі мен қиындығы «QazTrade» арқылы шешіледі. Сарапшылар экспорт үшін ең тиімді бағытты таңдап, бізге жетекші шетелдік бөлшек сауда желілерінің өкілдерімен бизнес-кездесулер ұйымдастырды. Сұранысымыз бойынша жеке экспорттық бейін мен каталог, сондай-ақ экспорттық стратегия және басқа құжаттар әзірленді. Сонымен қатар біз экспорттық тақырып бойынша бірнеше семинар-воркшоптардан өттік. Бағдарламаға қатысу нәтижесінде, шетелдік бөлшек сауда компанияларымен бірнеше экспорттық келісімшарт жасадық. Бұл жалпы көлемнің шамамен 35 пайызын құрайды. Бұл тек бастамасы ғана, – дейді Ақнұр Дархан.
Өнімді экспорттау үдерісінде тауар өндірушілер түрлі сын-қатерлерге тап болады.
– Біздің өнім экспортының негізгі нарығы – Ресей Федерациясы, ал Әзербайжанды қосымша нарық ретінде таңдадық. «QazTrade» бізге «брендті тану» деп аталатын кедергіні жоюға, сондай-ақ өнімді экспорттау үшін қажетті құжаттарды дайындауға көмектесті. 2022 жылдың жазында компанияны Қазақстанның Әзербайжандағы сауда-экономикалық миссиясы Баку қаласына шақырды. Онда Қазақстанның тауар өндірушілері таныстырылды. Бакудегі бөлшек сауда желілерінің өкілдерімен бірнеше кездесу өткіздік. Нәтижесінде, экспорттық келісімшарт жасалды. Қазір біздің өнімдерімізді Әзербайжанға жеткізу шарасы күтіліп отыр. Сондай-ақ біздің бейінге сәйкес келетін ресейлік сатып алушы серіктестерді таңдауға көмек көрсетілді және олармен онлайн В2В кездесулер ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Қызылорда күрішін Ресей Федерациясына экспорттау туралы келісімшартқа қол қойылды, – дейді сату бөлімінің басшысы.
Отандық компания өкілі Қазақстанның өндірушілеріне «Экспорттық акселерация» бағдарламасына қатысуға кеңес берді. «Білуімізше, биыл да экспортқа бағдарланған компаниялардан өтінім қабылданады. Бұл бағдарлама бизнестің көкжиегін кеңейтуге жәрдемдесе отырып, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін ашуға көмектеседі. Бизнеске мемлекет тарапынан осындай тиімді қолдау қажет», дейді ол.
«QazTrade» 2020 жылдан бері KPMG компаниясымен бірлесіп «Экспорттық акселерация» бағдарламасын іске асырып келеді. Оған осы күнге дейін 326 отандық компания қатысқан: 2020 жылы – 35 компания, 2021 жылы – 101 компания, 2022 жылы – 190 компания. 2023 жылдың қаңтарында шетелдік нарықтарға шығуға дайын қатысушылардан өтінім қабылдау басталды.