Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кімге қанша төленеді?

Кімге қанша төленеді?

Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі Қа­зақ­станда 2023 жы­лы зей­нетақы, мүгедектік бойын­ша жәрдемақы, атаулы әлеу­меттік кө­мек, жұмысынан айы­рылған жағ­дайда төлене­тін төлемдер мен асырау­шы­сынан айырылғандар алатын жәрдемақылардың мөлшері артатынын хабарлады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпо­рациясының» Әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі Сырдария аудандық бөлімінің хабарлауынша, аудан бойынша 12752 мыңнан аса зейнетақы және жәрдемақы алушы бар. Осы күні бөлімшенің мамандары зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерін арттыру және 2023 жылдың қаң­тар айының төлем қажеттілігіне енгізу жұмыстарын то­лы­ғымен аяқтаған.

«2023-2025 жылдарға арналған республи­калық бюд­жет туралы» ҚР Заңына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтар­дан бастап зейнетақының ең төменгі мөлшері 77 417 теңге болады. Мүгедектік бойынша жәрдемақы мөлшері мүгедек­тіктің тобына және себебіне, сондай-ақ қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң­да белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына байланыс­ты болатыны айтылады. Яғни, 2023 жыл­ғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша мем­ле­кеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөл­шері күнкөріс дең­гейі­нің шамасының өзгеруіне байланысты 8,5 пайызға артатын болады. Нақты айтқанда, I топтағы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері – 77 889 теңгені, II топта – 62 068 теңгені, III топта – 42 190 теңгені құрайды.

Баланың тууы бойынша төлемдер жұмыс істейтін әйел­дерге де, жұмыс істемейтін әйелдерге де төленеді. «Жәр­демақы мөлшері: бірінші, екінші жә­не үшінші баланың туы­­луына 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 131 100 теңге болады. Төртінші және одан да көп балаға жаңа жылдан бастап 217 350 теңге төленетінін айтады жауапты мамандар. Тиісінше, бала күтімі бойынша жәрдемақыда да өзгеріс болады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыс істе­мейтін ата-аналарға арналған жәрдемақы мөлшері – бірінші балаға – 19 872 теңге, екінші балаға – 23 495 теңге, үшінші балаға – 27 083 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 30 705 теңге болып белгіленген.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға нақты облыс үшін жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, қан­дастар, босқындар, шетелдіктер және Қазақстан Рес­пуб­ликасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар құ­қылы.

Егер әрбір отбасы мүшесінің табысы осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық АӘК мөлшері болады.Сон­дықтан әрбір нақты отбасы үшін АӘК тағайындалған со­масының мөлшері жиынтық табысқа және кедейлік ше­гінің мөлшеріне байланысты жеке анықталады.

Асыраушысынан айырылу бойынша жәр­дем­ақы мөл­шері қайтыс болған адамның асы­рауындағы адам­дардың санына, сондай-ақ тиісті заңда белгіленген ең төменгі күн­көріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына бай­ланысты асыраушысынан айрылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 8,5 пайызға артады. Жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап бір еңбекке жарамсыз отбасы мүшесі болған жағдайда – 34 888 теңге, екеу болған жағдайда – 60 445 теңге, үшеу болса – 75 049 теңге, төртеуге – 79 512 теңге, бес адамға – 82 352 теңге, отбасының алты және одан да көп еңбекке жарамсыз мүшелері болған кезде әрбір адамға берілетін жәрдемақы мөлшері 85 597 теңгенің тең үлесі ретінде есептеледі.

Осылайша, жаңа жылдан бастап мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлемдер артатын болады. Бұл да болса әлеуметтік осал топтың мұқтажына қосылатын көмек.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
24 желтоқсан 2022 ж. 269 0