Жәрдемақының жаңа түрі
05.04.1999 жылғы № 126 «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы Заңына» өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы 12.10.2021 жылғы №67 VII Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 1- топ мүгедегіне күтім жасағаны үшін күтушіге жәрдемақы тағайындалып, төленеді. Осы уақытқа дейін аталған жәрдемақы тек мүгедектік себебі «бала кезінен» деп көрсетілген мүгедектерге байланысты болса, енді мүгедектік себебіне қарамай барлық 1 –топ мүгедегінің күтушісіне төленеді.Жәрдемақы мөлшері күнкеріс деңгейінің 1,4 есесі (34302х1,4=48023).
Осыған орай 1-топ мүгедегінің күтушісіне аудандық ХҚКО-да құжат қабылдануда. Құжат қабылдауда күтім жасаушының жеке куәлігі, есеп шотының 20 сандық үзіндісі, 1 –топ мүгедегінің жеке куәлігі сұралады. Күтім жасаушы жүйке аурулар диспансерінде, наркологиялық есепте тұрмайтын болуы және 1- топтағы мүгедегімен бір елді-мекенде тұруы қажет. Атап өтетін жәйт жәрдемақы өтініш берген күннен бастап тағайындалады және де аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінен күтушілікке төлем алып тұрған алушыға төленбейді.
Тағы бір жаңалық. Бұрын жәрдемақы алушы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының екі түрі тиесілі болғанымен тек бір ғана жәрдемақы алуға құқылы болса, енді жоғарыда аталған Заңға сәйкес екі түрін алуға да құқылы. Яғни, асыраушысы қайтыс болған алушының асырауындағы баласы мүгедек деп танылып, тек қана мүгедектік жәрдемақы алып отырса, енді асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы да тағайындалып, төленеді.
С.ЕЛАМАНОВ
«Азаматтарға арналған Үкімет» МК» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы әлеуметтік қамсыздандыру бойынша Сырдария аудандық бөлімінің басшысы