Республикалық бюджет көлемі ұлғаяды
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикалық бюджет кірістерінің болжамды өсімін атады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Келесі үш жылға арналған республикалық бюджет пен Ұлттық қордың параметрлерін қалыптастыру кезінде Мемлекет басшысының үнемді және жауапты бюджеттік саясат тұжырымдамасын қамтамасыз ету бойынша қойған міндеттері ескерілді. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет саясатының оның кіріс базасын толықтырудың жаңа көздерін қалыптастыруға бағдарлануын және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландыруды ескере отырып айқындалды», деді Әлібек Қуантыров Сенаттың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, 2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері биылғы жылдың нақтыланған жоспарынан 37%-ға артық болады.
«Жоспарлы кезеңде 2025 жылға қарай республикалық бюджеттің кірісі 17,2%-ға өседі деп күтіледі. Мұндағы қосымша түсімдер Үкіметтің кіріс базасын кеңейту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету бойынша қабылдап жатқан шаралары есебінен қамтамасыз етіледі», деп толықтырды министр.