Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу талабы өзгеруі мүмкін

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу талабы өзгеруі мүмкін

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова жол-көлік оқиғасы және жүргізуші куәлігін беру мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде жыл сайын 13 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болады. Салдарынан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 18 мыңнан астам адам жарақат алады. Жол-көлік жарақаты 5 пен 14 жастағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы өлім-жітімнің негізгі себебі. Жол апаты көрсеткішінің жыл сайын өсуі алаңдатады. Биыл елімізде жол-көлік оқиғасы 9%-ға артқан және жол апатының 21%-ы адам өлімімен аяқталып отыр. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғасының 95%-ы жүргізушілердің кінәсінен орын алады. Жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтамауымен, маневр жасау, қарсы қозғалыс жолағына шығу ережелерін бұзуымен байланысты. Жыл басынан бері полиция 4,5 миллионнан астам жол жүру ережесін бұзу оқиғасының жолын кесті. Бұл автокөлікті басқаратындардың құзыреттілігінің төмендігін көрсетеді», - деді Гүлдара Нұрымова ҚР Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдай отырып.

Осыған орай халық қалаулысы елімізде жүргізуші куәлігін беру талабын күшейтуді ұсынып отыр.

«2018 жылдан бастап жүргізушілерді даярлау орталығын ашу үшін лицензия мен рұқсат талап етілмейді. Қазір елімізде 747 жүргізуші даярлайтын орталық бар. Материалдық-техникалық базасы жоқ мектептер саны өсті. Теориялық және практикалық емтиханды өткізу функциясы 2019 жылы ішкі істер министрлігінен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді. Нәтижесінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жанындағы автоматтандырылған автодромдардың қолжетімділігі төмендеді. Еліміз бойынша небәрі 17 автодром бар және олар облыс орталықтарында ғана орналасқан. Яғни ауыл, аудан тұрғындары облыс орталығына баруы керек», - дейді ол.

Жоғары айтылған жағдайды ескере отырып, келесі шешімді қабылдау ұсынылады:

1. Жүргізуші куәлігін алғаш алатындар үшін онлайн және өздігінен дайындалу мүмкіндігін алып тастау. Емтихан тапсыру процесіне қойылатын талаптарды күшейту.

2. Аудан орталықтарында емтихан тапсыруға мүмкіндік беруді ескере отырып, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы емтихан қабылдау тәртібін қайта қарау.

3. Жүргізушілерді даярлаудың мемлекеттік стандарттары мен ережелеріне ревизия жүргізу.

4. Өзін-өзі реттейтін ұйымдар мен кәсіптік бірлестіктерді, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын тарта отырып, автомектептердің бақылауы мен жауапкершілігін көздеу.
26 қазан 2022 ж. 285 0