Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шілдеден бастап қазақстандықтар коммуналдық қызмет үшін артық ақша төлеуі мүмкін

Шілдеден бастап қазақстандықтар коммуналдық қызмет үшін артық ақша төлеуі мүмкін

Өйткені тарифтерге қатысты мораторий күшін жояды. Мұндай тәуекелді Ұлттық банк болжады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ Ұлттық банк жыл соңына дейін елдегі инфляция 15 процент деңгейінде қалыптасуы мүмкін екенін болжап отыр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар да қымбаттайды. «Жығылғанға жұдырық» деген осы шығар. Мамырда жылдық инфляция қарқыны 14 процентке өсті. Әрине наурыздағы рекордтық деңгейдей емес. Әзірге базалық мөлшерлеменің артуы инфляцияны басып тұрғаны рас. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс ұзаққа бармауы мүмкін.

Мақсат Халық, экономист:

– Егер ұзақ мерзімге Ұлттық банк дәл осындай мөлшерде ұстай беретін болса, онда іскерлік белсенділік бар, жалпы экономика кішкене дамуы тежеледі. Сондықтан осындай сын айтылып жатқаны орынды белгілі бір дәрежеде. Бірақ Ұлттық банкте одан басқа тиімді инструмент болмай тұр қолында. Ал енді халықтың жағдайына келетін болсақ, бұл инфляция халықтың төлем қабілетіне тікелей қатты әсерін тигізіп жатыр. Әсіресе орта таптан төмен қарай, кедей тап деп айтамыз мысалы, халықтың көп бөлігі өте қиын жағдайда. Төлем қабілеттерін нашарлап жатыр. Неге? Себебі инфляция азық-түлік жоқ дегенде 20 процент қымбаттады. Бұл ресми мәлімет. Шынайы кейбір тауарлар 2 есе, дәрі-дәрмекті қараңыз мысалы, 2-3 есе қымбаттап жатыр.

ҚЫМБАТШЫЛЫҚ, ҚАЙДА БАРАСЫҢ?

Халықты қымбатшылық қысып барады. Мамыр айында азық-түліктің жылдық инфляциясы 19 процентке дейін өскен. Бұл экономист айтпақшы, ресми мәлімет. Қалың қарашаның қамы да күйттелмей жатқан жоқ. Мысалы, жалақыны индекстеу үшін Ұлттық қордан 110 млрд теңге бөлінді. Мақсат Халық мұны «өте аз» дейді. Оның сөзінше, қазіргі жағдайға шаққанда, индекстеуді бірден 20 процентке арттыру қажет. Ол импорттық инфляция күшеймесе, Ұлттық банк келесі жылы көрсеткішті 7,5-9,5 процентке дейін баяулата алатынына сенеді. Ол үшін Үкімет отандық өнімдердің үлесін арттыруы тиіс. Әйтпесе, теңгені нығайту оңайға соқпайды. Әңгімені қымбатшылықтан бастадық қой. Экономист «Үкіметтің баға нарығына тікелей араласуы дұрыс емес» дейді. Өйткені бұл нарықтық экономика заңына қайшы. Дұрысы, Үкімет дәл осы жағдайда үйлестіруші міндетін атқаруы керек.

Мақсат Халық, экономист:

– Негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері қазір қымбаттап жатқан. Азық-түлік қымбаттап жатыр. Осы тұста ауыл шаруашылығы мамандары бар, фермерлер бар. Солармен тікелей жұмыс жасалуы керек. Оларға барып жетпей жатқан дүниесі болса, субсидиямен жеткізіп беруі керек. Тұқымдары жетпей жатыр ма? Алып беруі керек. Форвордтық келісімдер бар. Солар тиімді бізде жүзеге аспай отыр. Соны жүзеге асыру керек. Фермермен келіседі. Күзде сізден осынша өнімді осындай бағада аламыз дейді. Тура сондай бағада, жол шығындарын ғана үстінен қосып, онда арада делдалдар болмайды. Баға қатты қымбаттамайды.


15 маусым 2022 ж. 246 0