Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпбалалы аналар жәрдемақысы көбейді

Көпбалалы аналар жәрдемақысы көбейді

Босағадан аттаған жаңа 2022 жылдың алғашқы айы да аяқ­талуға жақын. Жыл басынан мемлекеттік жәрдемақының кө­ле­мі өскені белгілі. Бұл ай­лық есептік көрсеткіштің 3063 теңгеге артуымен байланыс­ты. Яғни биыл еліміздің аналары алатын жәрдемақы мен жөр­гекпұл мөлшері де тиісінше көбейді.

Жағымды жаңалық баланың туылуы­мен байланысты. Мемлекет тарапынан берілетін біржолғы жәрдемақы жұмыс іс­тейтіндерге де, жұмыссыз әйелдерге де тағайындалады. Биыл дүниеге келген от­басыңыздың бірінші, екінші және үшінші балаңызға 38 АЕК мөлшерінде, яғни 116394 теңге, ал төртінші балаңыздан бастап кейінгілер үшін 63 АЕК немесе 192969 теңге төлене бастады. Егер отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы жәрдемақы әр сәбиге жеке жеке төленеді.

Бала күтімімен декреттік демалыс­та отыратындарға да ай сайынғы жәрдем­ақы сәби бір жасқа толғанға дейін төле­не­тіні бекітілген. Бұл жәрдемақы міндет­ті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыс­паған жұмыссыз әйелдерге немесе ер кісілерге тағайындалады. Бірінші сәбиге 17643 теңге, екіншіге 20860 теңге, үшінші балаға 24045 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 27261 теңге төленетін болады.

Ал декреттік демалысқа дейін жұмыс істеген әйелдерге әлеуметтік төлем бөлек есептеледі.

– Жұмыс істеген әйелдің соңғы 2 жыл­дағы табысы 24 айға бөлінеді. Мәселен табыс көлемі 4 млн 200 мың болса, осыны 24 бөлгенде 175000 теңге болады. Енді 175000 теңгені 0,4 коэффициентке көбейтеміз. Ол 70000 теңге болады. Осы сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын алғанда, 63 мың теңге ай сайын бала күтіміне байланысты алатын жәрдемақы шығады. Жүктілікке және босануға байланысты төлем қалай төленеді деген сауалды тарқатып жауап берсек, орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күн­дері коэффициентіне көбейтеміз, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жар­насын алып тастаймыз. Бірақ еңбекке жарамсыз парағы 126 күнге берілетінін ескеру керек, сонда коэффициент 4,2-ге тең. Түсінікті болу үшін айталық, бір жылда зейнетақы жарнасын алып тастағанда 1 944 000 теңге табыс таптыңыз делік. Осыны 12 айға бөлгенде, орташа айлық табысыңыз 162000 теңге болады. Енді 162000 теңгені 4,2 коэффициенке кө­бейт­кенде 680400 теңге шығады. Осы сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасын ше­гересіз, сонда 612360 теңге сіздің есеп шотыңызға жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем ретінде ау­дарылады, – дейді «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемелкеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиа­лының әлеуметтік қамсыздандыру бойынша аудандық бөлім басшысы С.Ела­манов.

Мемлекетімізде «Алтын алқа», «Кү­міс алқа» иелеріне бірдей мөлшерде жәр­демақы төленетіні белгілі. Сонымен қатар жәрдемақының бұл түрі «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға табыс көлеміне қарамастан төленеді. Мем­ле­кеттік жәрдемақының көлемі биылғы жылдан бастап 6,4 АЕК-ні құрап, 19604 теңгені құрағанын айту керек.

Жаңа жылдан бастап төлене бастаған мемлекеттік жәрдемақының тағы бір түрі ол – көпбалалы аналарға тағайындалатын жәрдемақы. Біздің елімізде отбасында кәмелетке толмаған 4 және одан көп, сондай-ақ күндізгі бөлімде оқитын 23 жас­қа толмаған студент балалары бар отбасылар үшін беріледі. 2022 жылы бала санына қарай төлене бастады. 4 балаға – 49100 теңге, 5 балаға – 61383 теңге, 6 балаға – 73666 теңге, 7 балаға – 85948 теңге, 8 балаға – 98018 теңге, тоғызыншы балаға – 110268 теңге.

Жыл басындағы мемлекеттік жәрдем­ақы мөлшеріндегі өзгерістер осындай болды. Ал оның көлемі көптің көңілін көн­шіт­пегенімен, отбасының әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізері анық.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
25 қаңтар 2022 ж. 340 0