Баға өсімі нарыққа байланысты
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің мәліметінше, ауданда барлығы 157 сауда нүктесі бар екен. Біз сол сауда нысандарындағы баға бағамын таразылап, отбасылық бюджетті дұрыс жоспарлау жөнінде ізденген едік.
Соңғы уақытта азық-түлік бағасының шарықтау шегі көрінбей тұр. Бағаның өсуі халық қалтасына едәуір салмақ түсіруде. Күнкөріс деңгейін жақсарту үшін кейбір сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілгенімен, керісінше нарықтағы тауар бағасы күн сайын тұрақсыз күй кешуде. Қарапайым халықтың айтар базынасы жетікілікті. Нарық бағасы бір орнында тұрмайды. Азық-түліктің сан алуан түріне сұраныс артқанымен, қымбат бағаның қазіргі күйіне көпшілік күйініп жүр. Баға бағамы мен отбасындағы кіріс көзін салыстырмалы түрде жетпейтіндігін барлығы жақсы біледі. Мәселен, шағын отбасының пікірін ескерсек, осыдан 7-8 жыл бұрын 1 айлық азық-түлік қорына еттен бөлек 10-15 мың теңге жұмсаса, осы күні 35-40 мың теңге көлемінде қаражат қажет. Бұл жерде шағын отбасына түсетін табыс көзі ең төменгі жалақы 42500 теңге екенін ұмытпаған жөн.
Көпшіліктің пікірін жан-жақты саралай келе, өткен аптаның сенбісінде Тереңөзек кентіндегі «Серікбол» сауда үйі мен «Ақжол», «Қасым-Жомарт», «Дильназ» дүкеніне барып, баға тұрақтылығын бақылаған болатынбыз. Сауда орындарын аралау барысында біз халық көп тұтынатын қант, өсімдік майы, шәй, макарон өнімдері, картоп, пияз, сүт, сәбіз, кеспе, жұмыртқа, тауық еті, күрішпен қатар, жеміс-жидек бағасын білдік. Сонда аңғарғанымыз, сұраныс пен ұсыныс деңгейі қалыпты. Нарықтағы бағаның өзгеруін әр дүкен иесі өзінің тауарына жұмсаған қаржысына байланысты қалыптасқанын түсіндірді. Мәселен, «Серікбол» сауда үйінде құмшекердің 1 келісі 270 теңгені, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 320 теңгені, «Ақжол» дүкенінде 280 теңгені құрайды. Ал «Серікбол» сауда үйінде түйір қанттың 1 келісі – 300 теңге, «Қасым-Жомарт» дүкенінде түйір қанттың орташа қораптағысы 200-250 теңге екені белгілі болды. Барлық отбасында жоғары сұранысқа ие өсімдік майы «Серікбол» сауда үйінде 630-3250 теңге, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 600-3250 теңге, «Ақжол» дүкенінде 2950-3300 теңге, «Дильназ» дүкенінде 600-3200 теңге аралығында екенін айта кеткен жөн. Ең маңыздысы, өсімдік майының нарықтағы бағалары әр литріне байланысты қойылады екен. Сонымен бірге оның арнайы маркасы мен сапасы да сатылым барысына едәуір әсер ететіндігін білдік.
Ендігі кезекте, тұрмыста жиі қолданылатын көкөніс және жеміс-жидек өнімдерінің бағаларын назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз. Негізінен, «Серікбол» сауда үйінде картоптың 1 келісі 160 теңгені, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 170 теңгені, «Ақжол» және «Дильназ» дүкенінде 180 теңгені құрайды. Сондай-ақ сәбіздің 1 келесі «Серікбол» сауда үйінде 150 теңгеден, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 130 теңгеден, «Ақжол» дүкенінде 140 теңгеден, «Дильназ» дүкенінде 180 теңгеден сатылуда. Ал пияз болса, «Серікбол» сауда үйі, «Қасым-Жомарт» және «Ақжол» дүкенінде 100 теңгеден, «Дильназ» дүкенінде келісі 120 теңгеден сатылымға шығарылған. Өткен жылдың күз маусымында қартоп бағасы 100 теңгеден сатылғандығын жергілікті халық жақсы біледі.
Аталған сауда орнындағы жеміс-жидек әр түрлі бағада тұтынушыға ұсынылуда. Алманың 1 келісі «Серікбол» сауда үйі мен «Ақжол» дүкенінде 400 теңге, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 400-450 теңге, «Дильназ» дүкенінде 250-450 теңге аралығында екеніне мән берген жөн. Бананның 1 келесі «Ақжол» дүкенінде 650 теңгені құраса, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 700 теңге. «Серікбол» сауда үйінде бананның 1 данасы 130 теңгеден, «Дильназ» дүкенінде 100 теңгеден сатылуда. Бұл ретте өзіне ыңғайлы сатылым ережесін дүкен иесі бекітеді. Мандарин жемісін «Серікбол» сауда үйі 1 келісін 350-850 теңгеден, «Ақжол» дүкенінде 350 теңгеден, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 550-1400 теңгеден, «Дильназ» дүкенінде 500 теңгеден сатуда.
Айта кету керек, тұрмысқа қажетті азық-түлік қатарында макарон өнімдері, шәй, кеспе, күріш, жұмыртқа, құс еті, сүт бар. Мәселен, макарон өнімдері «Серікбол» сауда үйінде 270-1250 теңге, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 450-480 теңге, «Ақжол» дүкенінде 450-490 теңге, «Дильназ» дүкенінде 200-520 теңге аралығында тұтынушысына жеткізілуде. Нарықтағы шәйдың бағасы «Серікбол» сауда үйінде 780-800 теңге, «Ақжол» дүкенінде 650-1000 теңге, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 750-900 теңге аралығында екен. Аталмыш шәй бағалары салмағына қарай қойылған. Сонымен бірге сапасы да назарға алынған. Кеспе бағасы «Серікбол» сауда үйінде 180-870 теңге, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 180-280 теңге, «Ақжол» дүкенінде 160 теңге, «Дильназ» дүкенінде 100 теңге екеніне көз жүгірттік. Ең маңыздысы, ауданымызда өндірілетін Сыр салысының бағасы да өзіндік көрсеткішке ие. Күріштің бағасы «Серікбол» сауда үйінде 5 келілігі 1500 теңгені, 10 келесі 2700 теңгені, 25 келісі 6500 теңгені, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 1 келісі 250 теңге, яғни 25 келісі 6250 теңгені, «Ақжол» дүкенінде 1 келісі 290 теңге, 25 келісі 7250 теңгені құрап отыр.
Еліміз бойынша соңғы айларда жұмыртқа бағасы күрт жоғарылады. Республикалық БАҚ-тарға шолу барысында жұмыртқа мен құс етінің өсуіне жем бағасының қымбаттауы тікелей әсер еткен. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңыңда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы алты миллион дана жұмыртқа өңірге әкелінгені туралы айтқан еді. Қазіргі таңда жұмыртқа бағасы «Серікбол» сауда үйінде 38-45 теңгеден, «Ақжол» дүкенінде 48 теңгеден, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 48-50 теңгеден, «Дильназ» дүкенінде 50 теңгеден сатылуда. Осыдан 6 ай уақыт бұрын 25-27 теңгеден сатылған жұмыртқаның бағасы да едәуір өскен.
Ал құс еті «Қасым-Жомарт» дүкенінде 620 теңге, «Ақжол» және «Дильназ» дүкенінде 650 теңге екенін айта кеткеніміз жөн. Тұрғындар арасында жоғары сұранысқа ие сүттің бағасы «Серікбол» сауда үйінде 1 литрі 240-380 теңгені, 2 литрі 510-600 теңгені, «Ақжол» дүкенінде 1 литрі 220-260 теңгені, 2 литрі 520 теңгені, «Дильназ» дүкенінде 1 литрі 240 теңгені, 2 литрі 550 теңгені көрсетеді.
Қарапайым тұрмыста қолданылатын кір сабын мен дәретхана қағазының да нарықтық бағасы да басты назарда. Мәселен, кір сабын «Серікбол» сауда үйінде 120 теңгеден, «Ақжол» дүкенінде 110 теңгеден, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 100-120 теңгеден сатылуда. «Дильназ» дүкенінде 70-170 теңгеден сатылуда. Ал дәретхана қағазы дүкендерде 35-60 теңге көлемінде көпшілікке ұсынылуда.
Өз кезегінде азық-түлік өніміне бақылау жүргізіп келе жатқан аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрбек Әзірбектен баға тұрақтылығына байланысты жұмыс барысын білген болатынбыз.
– Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі тарапынан азық-түлік бағамына бақылау әр апта сайын жүргізіліп отырады. Біздің мамандарымыз халық көп тұтынатын 19 азық-түлік бойынша баға бағамын таразылайды. Мониторинг барысында барлық сауда орнында аса маңызды азық-түлік өнімдері тұрақты сатылуда. Мониторинг қорытындысы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына уақытылы жолданып отырады. Қызылорда қаласының, еліміздің басқа да өңірлерінің, жақын және алыс шет елдердің көтерме сауда орындарынан алған негізгі азық-түліктердің бағасын аудан тұрғындарына бөлшек сауда жасау барысында 5-15 пайыздық үстемеден асырмау жөнінде 2021 жылы аудан бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша 96 сауда нүктелерімен меморандумдарға қол қойылған, – дейді бөлім басшысы.
Дегенмен, әр апта сайын мониторинг жасалатын дүкендерде азық-түлік бағасы әлі де тұрақты болмай тұр. Себебі, дүкен иесі фирма қызметіне тәуелді. Фирма қызметі қай кезде өз бағасын бекітіп, тауарларын ұсынады, сонда баға тұрақталады. Көп жағдайда сатушы пайда түсіру үшін фирманың бағасынан жоғары қояды. Сондықтан дүкен сөресіндегі тауар бір түсіп, бір көтеріліп тұрады.
Айлығыңыз көнкөріс деңгейін көрсетеді
Отбасында күнделікті және ай сайын түсетін табыс көзіне байланысты азық-түлік себеті жасақталатыны белгілі. Ең маңыздысы, тұрмыстағы ахуалдың тұрақты болуы – күнкөріс деңгейіне тікелей әсер етеді. Тұрғындардың азық-түлік және тағы да басқа тауарларға жұмсалатын қаржы көлемін анықтау үшін тұрғындардан сауалнама жүргізген едік.
Өзін Жансая деп таныстырған келіншек отбасында ата-енесімен бірге тұрады. Күнделікті ортақ бюджетті барлығы бірге жоспарлайды. Дегенмен, жас отбасының өздеріне тән шығын жиынтығы қалыптасқан.
– Отбасында ата-енемізбен бірге тұрғанымызбен кейде отағасы екеуміз қаржыны игеретін кездер болады. Отағасының табыс көзі – 60-70 мың теңгені құрайды. Өзімнің балаларға алатын 20 мың теңге жәрдемақым бар. Негізінен, бізде азық-түлікке жиырма мың теңге, балалардың тамағы мен бір реттік жаялығына 10 мың теңге, балабақшаға 10 мың теңге, несиеге 35 мың теңге жаратамыз. Бір ай көлемінде 75 мыңға жуық қаражат азық-түлік, несие, балалар қажеттілігіне жұмсалады. Қалған қаржыны мақсатты пайлануға тырысамыз. Ең алдымен, барлық отбасы қаражатын үлестіруді ұмытпаймыз. Үлкендермен ақылдасып шешеміз, – дейді жас ана.
Оқырман қауымға түсінікті болу үшін біз тек жас ерлі-зайыптының отбасы бюджетін жоспарлауын көрсеттік. Боюджетті жоспарлау барысында жас отбасы ең алдымен, балалардың шығыны мен азық-түлікті назарда ұстайды. Ал басқа қажет тауарларды алу үшін келесі айлықтан артылатын табысты күтеді. Кезек күттірмейтін мәселе туындаса қайтпек керек?
Ендігі кезекте, зейнеткерден бір ай көлемінде отбасылық бюджетін жоспарлау барысын сұрап білдік. Осыдан 11 жыл бұрын зейнет демалысына шыққан Ұлбосын Жақапбаеваның отбасында осы күні екі адам тұрады. Басқа балалары өз алдына бөлек шығып кеткен. Зейнеткерлікке дейін сауда саласында еңбек еткен Ұлбосын апа нарықтағы азық-түлік бағасын жақсы біледі.
– 2021 жылдың қаңтар айынан бастап, зейнетақының көбейгені мәлім. Көбейген зейнетақым 61 мың теңгені құрайды. Ай сайын азық-түлікке жұмсалатын қаржыны есептеп отырамын. Соңғы жылдары баға тұрақсыздығы қалыптасып, күнкөріс деңгейі біршама өзгеріп келеді. Барлық азық-түлікті қамтумен қатар, тұрмысқа қажетті заттар мол қаржыны талап етеді. Сондықтан зейнетақымның 50 пайызға жуығы азық-түлікке жұмсалады. Ең бастысы, қалған қаражаттың бір бөлігі несие төлеуге, коммуналдық шығынға кететінін ұмытпаған абзал, – дейді зейнеткер.
Жалпы, зейнетақы, жәрдемақы, айлық табысын есептеп кәдеге жарататын азаматтар баршылық. Өзге отбасы мүшелері де табыс көзін барлық қажеттілікке жаратып отырады.
Баға тұрақтылығы мен күнкөріс деңгейін саралау барысында қоғам өмірінде кездесетін жекелеген қиындықтарға отбасылар тап болып жатады. Тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында кез келген адам қолынан келген іспен айналысады. Материалдық қажеттілікті күнделікті өтеу – кей отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты. Өз кезегінде тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар, жалғыз басты кісілердің азық-түлікті алуға мүмкіншілігі болмауы мүмкін. Осындай қиын-қыстау уақытта немесе тұрмыстың түрлі жағдайларына байланысты аудан орталығы Тереңөзек кентінде «Әлеуметтік дүкен» жұмыс жасап келеді. Негізінен, 6 жылға жуық уақытта жеңілдетілген бағамен аудан тұрғындары азық-түлік алып келеді. Қазіргі таңда 125 отбасы бойынша 588 адам күріш, ұн, қант, өсімдік майын нарықтағы бағадан 30 пайыз жеңілдік негізінде алуда.
Айта кету керек, азық-түлік алатын отбасылар ай сайын арнайы комиссия шешімімен өзгеріп отырады.
Қайырымдылық – ізгі қасиет
Әлемді әбігерге салған пандемия уақытында еліміз бойынша тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға қайырымды жандар қол ұшын созды. Жаны жомарт жандар қаржылай немесе азық-түлікпен көпшілікті қамтамасыз еткен болатын. Бұл ретте жергілікті әкімдіктер де тың бастамаларға иек артты. Сонымен бірге жергілікті кәсіпкерлер де барынша көмектесті. Ерікті жас ретінде қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырған Сәуле Сыздықова қазақтың бойындағы ізгі қасиеттің берері мол екенін айтады. Қайырымдылық акция барысында бір отбасына қажетті азық-түлікті алу үшін жұмсалатын қаражат есебін шығарып, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесуді мақсат тұтады.
– Қайырымдылық – ізгі қасиет. Ерікті жас ретінде жақсылық жаршысына айналғаныма қуаныштымын. Қай кезде де қайырымдылық акциясын өткізер алдында тұрғындарға хабарлама жасаймыз. Олар азық-түлік немесе қаржылай көмек беріп жатады. Көпшіліктен жиналған қаражатты азық-түлікке жұмсап, тұрмысы төмен отбасыларға үлестіреміз. Мұндай игі шаралардың басы-қасында кәсіпкерлер, жергілікті тұрғындар, аудандық мұсылмандар мешіті үлес қосады, – дейді ерікті жас.
Мәселен, өткен аптаның жұмасында аудандық мұсылмандар мешіті аудан жамағатына тегін 100 дана нан таратты. Аудан тұрғындарына тегін наннан таратқан қайырымды жандарға мешіт ұжымы алғысын айтады. Бізбен әңгіме барысында аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Асхат Асқаров мұндай ізгі іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табатындығын жеткізді.
Нан бар жерде ән бар
Сауда орындарына баратын адамдар көбіне нан өнімдерін алуға барады екен. Маркетология саласының кейбір тұстарын қарапайым тұрғындар өздері қалыптастырады. Яғни, дүкенге нан алуға барған тұрғын міндетті түрде үйге қажетті азық-түлікті қоса алады. Бұған дейін оның ойында тек нан алу керектігі бар болатын. Бір мезетте, нан алуға барған әрбір тұрғын дүкеннен кемінде 500 теңгеге сауда жасап шығады. Сондықтан дүкен иесі тәулік бойы тұрғындарды нанмен қамтамасыз етуді көздейді. Баға тұрақтылығын бақылау мақсатында біз барған дүкеннің барлығында бөлке нан 70 теңгені құрады. Ал тандыр нан, таба нан, тоқаш, қара нан секілді өнімдер сапасы мен көлеміне қарай бағасы өзгеріп отырады екен.
Осы күні екі адамның басы қосылса, нарықтағы ұн бағасының өскендігі жөнінде талқылайтындығын көріп жүрміз. Бүгінде ұнның бағасы «Серікбол» сауда үйінде 2 келісі 460 теңгені, 25 келісі 4050 теңгені, 50 келесі 7900 теңгені, «Ақжол» дүкенінде 25 келісі 4000 теңгені, 50 келісі 7500 теңгені, «Қасым-Жомарт» дүкенінде 25 келесі 4200 теңгені, 50 келісі 8000 теңгені құрайды.
Аудан орталығындағы 10-15 дүкенді нанмен қамтамасыз етіп отырған «Айша» кондитерлік цехы 10 жылдан бері үздіксіз жұмыс жасап келеді. Күніне 900 дана бөлке нан пісіретін цехта 6 адам жұмыс жасайды.
– Қазіргі уақытта нан бағасын 65 теңгеден қойып отырмыз. Бөлке наннан бөлек, біздер тандыр нан, таба нан, тоқаш пісіруді қолға алғанбыз. Бүгінде тәулігіне 6 қап ұн жұмсалады. Ұн бағасы бұрынғы уақытпен салыстыруға келмейді. Сол себепті, нан бағасы да өзгеріп тұрады, – дейді цех иесі Гүлжан Әбдіғаппарова.
Қазақта бұрыннан келе жатқан үрдіс бойынша отбасында нан көміліп жатады. Анығында бір отбасыға қажетті ұн мөлшері мен нан өнімінің пайдалануы туралы асхана ханымдарынан сұрап білдік.
– Отбасымызда ертеректен қалыптасқан күнделікті нан көму үрдісі бар. Адам санына қарай күн сайын 1 немесе 2 таба нан көміп жатамыз. Қыз-келіншектер түрлі тәтті пісіретіндіктен ұнды көптеп жарататынымыз белгілі. Дүкеннен нанды жиі сатып алмаймыз. Отағасы мен балалар қолдың нанына үйренген. Орташа есеп бойынша ұнды 1 немесе 2 айда алып отырамыз. Кейбір жағдайда сапасы мен сортына байланысты ұнның бағасы өзгеріп отырады. Кейде көпшілік арасында ұнның бағасы көтіріліп тұрғаны жиі естейтінім рас. Шын мәнінде бір шаңырақ астында 10-12 жан тұратын отбасы үшін ұнның бағасының өсуі тиімсіз,– дейді Алтын Үргенішбекова.
Ет жемесең...
Қазақта «Ет тырнақтан ажырамас» деген мәтел бар. Асылында, қазақ ұлты ықылым заманнан еттен еш уақытта ажырамаған. Зымыраған уақыт аясында нарықтағы ет бағасы едәуір көтерілгені рас. Расында, аудандағы 2500 отбасының басым бөлігінің ет алуға деген қаражаты жеткіліксіз болуы мүмкін. Еш уақытта таразы басы теңейспейді. Қазіргі уақытта ет бағасының шарықтауы – отбасы табысының жартысынан көбін жұмсауына әкеп соқтырады.
Бұл ретте Сырдария ауданы әкімдігі «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында келтірілген мәліметке сүйенсек, өткен жылы мал шаруашылығын дамыту жолға қойылған. Жалпы, аудан бойынша ірі қара мал саны 1,1 пайызға, жылқының саны 6,8 пайызға, түйенің 21,1 пайызға, уақ малдың 6,2 пайызға өскендігін байқаймыз. Негізінен ауданда өткен жылы 3924 тонна ет өнімі өндірілген.
Күнделікті тұрмыста отбасының басым бөлігі жергілікті кәсіпкерлерден жілік алатыны рас. Сонымен бірге тұрғындар әркез етті 1 немесе 5 келі аралығында сатып алады. Ет бағасының қазіргі нарықтағы бағасын саралай келе ірі қара малының еті 1900 теңге, жылқы малының еті 2100 теңгеден сатылып жатқандығын білдік. Осыдан 9 жыл бұрын мал бордақылап, жеке кәсібін ашқан Серік Тәженов ет бағасының 4-5 жыл көлеміндегі бағасымен салыстыруға келмейтіндігін айтады. Мал азығының қымбаттауы – ет бағасының өсуіне тікелей әсер етеді екен.
– Мал бордақылауды бірнеше жыл бойы қолға алып келемін. Осыдан 5 жыл бұрын бір тайды 130 мың теңгеден алатын едік. Қазіргі уақытта 6 айлық жабағыны 200 мың теңгеге аламыз. Жылқыны 3 ай бағып, 180-190 келі ет шығаратынын жорамалдаймыз. Кейбір жағдайда одан төмен болады. Ал 1 жасар сиырды бұрын 45-50 мың теңгеге алатын болсақ, бүгінде 100 мың теңгеге ірі бұзауды ғана ала аласыз. Әрине, баға бағамының өсуі қарапайым халық қалтасына әсер етеді. Дегенмен, мал азығы қымбаттап тұр. Бірнеше жыл бұрын жемнің 1 келісі 20 теңгеден сатылса, осы күні ол баға 80 теңгеге барды. Уақ малдарды бағу да тиімсіз болып барады. Ірі тоқтыны базарда 30 мыңға бағалап тұр. Қайбір жылдары тоқтыны 13 мыңнан алатынбыз, – дейді жеке кәсіпкер.
Тұрақты бағаны бақылау кезінде жергілікті тұрғындар айлығымыздың жартысы жілікке кетеді деген пікірді жиі айтады.
– Шын мәнінде, қазақ халқы ет алудан бас тарта алмаймыз. Жыл көлемінде бірнеше рет жілік алып, кәдемізге жаратамыз. Отанасы үйде артық ет тұрғанын қалайды. Қапелімде қонақ күтетін болсақ, сүр етіміздің болғанын дұрыс санаймыз. Нарықтағы бағаның өсуі – қалтамызға түсетіні анық. Мал бағудың бейнетін білеміз. Дегенмен, қазіргі бағаны арзандату керек секілді. Қоғамда ет алуға табыс көзі жетпейтін қаншама отбасы бар. Қазіргі уақытта негізгі асымыз ет болып тұр. Шын мәнінде, бағасының өсуіне бақылау жүргізілсе, – дейді кент тұрғыны Роза Байтөреева.
P.S. Жұмыстан ерте қайтқан келіншек дүкен аралап жүр. Дүкен сөресіндегі тауардың бағасы әртүрлі. Қолында үйінен жазып шыққан азық-түлік тізімі бар. Тұрмысқа керекті азық-түлікті алып, касса алдына келді. Оның алған тауарына байланысты жұмсалатын қаржы көзі жиырма мың теңге болды. Осыдан 1 жыл бұрын аталған азық-түлік тізбесіне он мың теңге жұмсайтын. Екі қалта затты көтерген келіншектің ойына балаларына жеміс шырының алу есіне түсті. Кенет үйден алып шыққан ақшасы жетпейтіндігін байқаған ол айлықтан алып беруге шешім қабылдады. Бірақ, айлықтан несие, коммуналдық төлем, интернет желісі, балабақшаға төлеу керектігі тағы бар. Сондықтан ол жаз маусымында жапқан жеміс шырынын ашып балаларына берді. Қайткенмен, табиғи өнімге ештеңе жетпейді дейді ол.
Айтпақшы, өткенін еске алған анам екі мың теңгеге бұрын біраз дүние алуға болатындығын айтқан болатын. Ал қазір Сіз екі мың теңгеге не аласыз?
Балтабай ОРДАБЕКОВ