Еліміз дүниежүзілік ұйымды басқарады
Қазақстан жаһандық теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының төрағасы болып сайланды. Бұл топқа 32 мемлекет кіреді. Олар Африка, Азия, Еуропа және Оңтүстік Америка елдері. Мүше мемлекеттердің бәрі Қазақстанның төрағалығын бір ауыздан қолдады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде атқарған табысты еңбегінен кейін Қазақстанға қайта жауапты міндет тапсырылды. Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобы елімізді ұйымның төрағасы етіп сайлады. Жарты миллиардтан аса халқы бар 32 мемлекеттің мәселелері ортақ. Бұл – географиялық алшақтық, теңізге шығар тікелей жолдың болмауы және әлемдік сауда жолдарынан оқшау орналасуы. Көптеген қабылданған қарарларға қарамастан, осы сын-тегеуіріндерді еңсеруде айтарлықтай жетістіктер байқалмайды.
Қайрат Омаров, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:
– Қазақстанның ұйымға төрағалығы екі жылға, 2021 жылдың соңына дейін жалғасады. Бұл өте жауапты әрі үлкен жұмыс. Қазақстан – жер аумағы жағынан теңізге шығар жолы жоқ ең ірі ел. Сол себепті осы елдер тобында төрағалық ету біз үшін өте пайдалы әрі тиімді болмақ. Өйткені өзіміз де осы мәселелермен айналысып, транзит пен өзара әрекеттесуді жақсартып, әлемдік сауда орталықтарына шығу жолдарын табуға тырысып келеміз.
БҰҰ штаб-пәтерінде топқа мүше 32 ел және халықаралық ұйымдар өкілдері арасында үнемі кездесулер өтіп отырады. Осы диалогқа қатысушылар Қазақстанның өзара ынтымақтастық бойынша жол картасын құрудағы инновациялық әдістерін ерекше атап отыр.
Джеффри Сакс, БҰҰ даму бағдарламасының өкілі:
– Бұл – теңізге шығар жолы жоқ 32 мемлекеттің маңызды кездесуі. Олар жаһандық және аймақтық деңгейде ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеп жатыр. Қазақстан төрағалығы қарқынды басталды, оны өзгелерге үлгі етуге болады.
Отырысқа қатысушылар дамушы елдер тобының халықаралық құқықтық негізін күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаровтың айтуынша, ең алдымен бұл елдерге экономикасын әртараптандыру және экспорттық мүмкіндіктерін арттыру мәселелерін шешу қажет.
Қайрат Омаров, Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:
– Біз Еуропалық одақ басшылығымен кездесіп, Вашингтондағы Дүниежүзілік банкке барып, әлемнің сауда орталықтарына шығу мүмкіндіктерін талқыладық. Өткен аптада Женеваға сапар жасап, БҰҰ-ының бірқатар мекемелерімен келіссөздер өткіздік.
Эрик Тиаре, Буркина Фасоның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі:
– Жол картасы - өр міндеттер белгілеген құжат. Онда Қазақстан төрағалығы кезінде өз алдына қойған маңызды мақсатттар аталған. Қазірдің өзінде Қазақстан атқарып үлгерген еңбегі таң қалдырады. Елдеріңіз осы бағдарламасымен Женевадағы БҰҰ кеңсесінде таныстырды, барлығымыз осы бастамаларын қолдап отырмыз.
Төрағалық ету кезінде Қазақстан БҰҰ мекемелерін, халықаралық қаржы институттарын, жеке секторды және ғылыми орталарды қоса алғанда, дамушы елдер Тобы мен барлық мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықты арттыруға бар күшін салуға ниетті.