Мұнай бағасы 3%-дан астам өсті
Қақтығыстың қайта күшеюіне байланысты Ормұз бұғазы арқылы кеме қозғалысы бірнеше аптадағы ең төменгі деңгейге түсті. Иран Ормұз бұғазы жабылғанын мәлімдесе, АҚШ президенті Дональд Трамп оның коммерциялық кеме қатынасы үшін ашық екенін айтты. БАӘ-нің ADNOC компаниясы тамыз айына арналған Murban мұнайының ресми сату бағасын төмендетті, деп хабарлайды Egemen.kzReuters мәліметінше, дүйсенбі күні мұнай бағасы 3%-дан астам қымбаттады. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы жаңа әскери қақтығыстардан кейін Ормұз бұғазы арқылы мұнай жеткізіліміне қатысты алаңдаушылықтың күшеюі себеп болды.
Brent маркалы мұнай бағасы 3,51%-ға өсіп, барреліне 78,68 долларға, ал WTI 3,47%-ға қымбаттап, 73,89 долларға жетті.
ANZ сарапшыларының айтуынша, қауіпсіздік тәуекелдерінің артуына байланысты кеме қатынасы баяулаған. Демалыс күндері Иран Парсы шығанағындағы АҚШ нысандарына соққы жасап, Ормұз бұғазын қайта жапқанын мәлімдеді. Кейін Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ әскери базаларына шабуыл жасағанын хабарлады.
Қақтығысқа дейін Ормұз бұғазы арқылы әлемдік мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен 20%-ы тасымалданған. Kpler дерегінше, жексенбі күні бұғаз арқылы небәрі 6 кеме өткен.
Шабуылдардың күшеюі өткен ай ішінде АҚШ пен Иран арасында жасалған уақытша келісімнің болашағына күмән келтірді. Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA) мәліметінше, маусымда әлемдік мұнай жеткізілімі тәулігіне 4,1 млн баррельге артқанымен, соғысқа дейінгі деңгейден әлі де 9,4 млн баррельге төмен.
Соған қарамастан, Дональд Трамп Ормұз бұғазы коммерциялық кеме қатынасы үшін ашық екенін мәлімдеді.
Goldman Sachs банкі Таяу Шығыстағы құбыр желілерін кеңейту 2028 жылдың соңына қарай Парсы шығанағынан экспортталатын мұнайдың 60%-дан астамын Ормұз бұғазындағы ықтимал іркілістерден қорғауға мүмкіндік береді деп есептейді.
Сонымен қатар Иран теңіздегі мұнай қорын арттырғанымен, Қытайдың тәуелсіз мұнай өңдеушілері Ирак, БАӘ және Қатардың арзанырақ мұнайына ауысуына байланысты оның сатылымы баяулаған. Ал ADNOC тамыз айына арналған Murban мұнайының ресми сату бағасын барреліне 80,01 долларға дейін төмендетті.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы бітімнің аяқталғанын мәлімдеп, бұдан былай Тегеранмен келіссөз жүргізгісі келмейтінін айтқан еді.
Фото: Depositphotos.com










