АҚШ елшілігі қайтадан иммиграциялық виза бере бастады
Кубадағы АҚШ елшілігі 4 жылға созылған үзілістен кейін жергілікті азаматтарға иммиграциялық виза бере бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Гаванадағы дипломатиялық өкілдік келешекте қызметкерлер санын өсіріп, консулдық қызметті кеңейтетінін мәлімдеді. Мәселен екі мемлекет арасындағы қатынас Дональд Трамп билігі кезінде салқындап, дипломатиялық өкілдік жұмысы едәуір шектелген. Вашингтон бірнеше рет Гаванадағы америкалық елшілікке акустикалық шабуыл жасалды деп мәлімдеген. Бірақ Куба билігі бұл айыптауларды жоққа шығарып келген еді. Осыған байланысты АҚШ Гаванадағы консулдық қызметті шектеп, кубалықтар визаны алдымен Колумбияға, кейін Гайанаға барып алуға мәжбүр болған.