Ескі қала Сидені көрген де арманда, көрмеген де арманда
"Ескі қала Сидені көрген де арманда, көрмеген де арманда" дейді таң қалыстарын жасырмаған GoTurkiye туризмді дамыту және ілгерілету агенттігінің ұйымдастыруымен саяхатқа барған журналистер мен блогерлер.
Тауды да, теңізді де беріп туристерге барынша демалуға қолайлы мүмкіндік берген Анталья қаласының айналасында, түріктердің тарихымен танысқысы келгендерге ескі қалалар да көп. Солардың бірі – Сиде қаласы.
Анталья қаласынан 80 км қашықтықта жатқан Сиде қаласы талай туристердің сүйікті қаласы. Ескі қала орнына бой көтерген құрылыста ескі қалаға деген құрмет айқын көрінді. Ескі қаланың құрылыстарын әйнек астынан асфальтты жағалап тамашалауға мүмкіндік бар. Дәл сол асфальт жиегіндегі заманауи бутиктерден қалаған жәдігеріңізді, керек жарақтарды сатып ала беруге болады. Яғни ескі тарихы мен бүгінгі тұрмыс тіршілігі қатар өрбіп жатыр. Бұл келген туристерге керемет көңіл күй сыйлайтыны анық. Ескі қалаларына таңырқап келе жатып, жағалауына шомылып, көшелерінде сауда саттық жасай отырып, ескі қала жұрнақтарымен суретке түсу мүмкіндігі де қарастырылған.
Афины мен Аполла қамалдарына тұрғындардың қаланың бойтұмары, қорғанышы ретінде қарауы, туристерді одан әрі еліктіреді.
– Жер сілкінісінен қирап қалған құрылыс қирандыларына дейін сақтап, қоршап қойған. Бір шеті теңізбен жалғасқан, көшелерінде ескі қаланың айшықтары айқын байқалатын түріктердің ежелгі тарихы мен бүгінгі тұрмыс тіршілігі айқын байқалатын Сиде қаласы кез келген туристің көңілінен шығары сөзсіз. Сиде қаласынан шыға бере Аспендустағы амфитеатрға табан тіредік. Бір сәтте 20 мың адам сыйып кететін бұл амфитеатр көлемі жағынан Эфес қаласындағы амфитеатрдан кейінгі екінші орында. Екі мың жылдан бері сақталып тұрған амфитеатр әлі күнге керемет сақталған, – дейді саяхатшылар.
Бұл 2000 жылдық тарихы бар амфитеатрды әлі күнге фестивальдарда пайдаланады. Тас қамалдардан тұрғызылған ең ірі амфитеатр әлі талай ғасыр қызмет етеді.