Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналистер мен блогерлер Антальяға саяхаттады

Журналистер мен блогерлер Антальяға саяхаттады

Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен, GoTurkiye туризмді дамыту және ілгерілету агенттігінің ұйымдастыруымен журналистер мен блоггерлер Анталья қаласында бес күндік саяхатқа барды.

Әлемді жайлаған пандемиялық ахуал Түркия туризмінің аяғын тұсаулағандай болғаны рас. Алайда 1 шілдеден бастап түрік ағайындар жан жақтан ағылатын туристерге есігін айқара ашты. Тарихы бай ескі қалалар, асханасы алуан түрлі түрік тағамдары, әдемі жағалау, тұзды теңіз аталмыш елдегі демалысты естен кетпестей есте қалдыратыны сөзсіз.

Оған арнайы сапарда көзі жеткен демалушылар "Түркия мен туризм егіз ұғымдай әсер қалдырды" дейді. Екі мың жылдық тарихы бар, әлі күнге жұрнағы сақталып қалған ескі қалаларымен туристерді еріксіз арбайтыны бөлек тақырып. Курортты қалаларындағы жоғары қызмет көрсету үлгісі, әлемдегі пандемиялық жағдайға қарамастан қауіпсіздік пен жайлылықты қатар сезінтіп, демалыс кезінде денсаулығыңа алаңдамауға кепілдік береді. Туристік орындардың қызметі Түркияның туризм саласын әлдеқашан жолға қойып алғанын аңғартады.

– Қай жерде болмасын түріктердің ұлттық тағамдары сан алуандығымен, дәмділігімен баурап алады. Яғни сырттан келетін туристерге де алуан түрлі бай дастарханымен тойдырып, ұлттық асханасының алуан түрлілігімен кез келген қонақты тамсанта алатыны байқалады, – деп пікір білдіреді сәтті саяхаттың куәгері болған журналистер.

Атап айта кетер жайт, Түркияда туристердің қауіпсіздігіне, саулықтарына аса қатты мән беріліп, жағалауларына дейін антисептикпен, маскалармен қамтамасыз етілген. Қонақ үйден басталған дизенфекциялау шаралары жағалауда да, асханаларында да, таксилерінде де тіпті сауда орталықтарында да мұқият қадағаланады. Яғни індетке орай індет жұқтырып алуға қорқыныш болғанымен, қаладағы мұқият жасалынатын тазалық шаралары көңілдегі күдікті серпіп тастайтын көрінеді.

Коронавируспен байланысты шектеулерді біртіндеп алып тастаудың арқасында Анталиядағы жазғы туристер ағыны көбейіп келеді. Осы жылдың қаңтар-маусым айларында мұнда 1,5 миллионға жуық шетелдік қонақ келген.

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстаннан Анталияға 41 114 турист келіпті. Дегенмен Анталья мұнымен шектеліп қалмай, туризімімен талай елді таң қалдырып, елге келетін туристер санын арттыра беруді мақсат етіп отыр.
31 шілде 2021 ж. 452 0