Туристік елге айналған тарихи шаһар
Туристік елге айналған Түркияның теңізде демалғысы келетін туристерге жасалатын жағдайынан бөлек, келушілерге танымдық мақсатта көрсетері де көп. Мәселен теңіз, жағажай, туристік қызмет көрсетуден бөлек елдің бай тарихы мен өткеніне саяхат жасауға да мүмкіндік мол. Осы орайда Анталья қаласының айналасындағы Сиде, Перге секілді ескі қалаларды ерекше айтып өтуге болады.
GoTurkiye туризмді дамыту және ілгерілету агенттігінің ұйымдастыруымен саяхатқа барған журналистер алғашқы күні Антальяның қақ ортасына орын тепкен ескі қала Каличи ауданынан бастаған.
– Ескі қала Каличидегі рим императоры Адриананың құрметіне аталған Адриана қақпасы қала тұрғындарының екі мың жыл бұрынғы тарихынан сыр шертіп қана қоймай, ежелгі қаланың көркем сәулетін де аңғартады. Адриана қақпасына жалғасып жатқан ескі қаланың тар көшелерін бойлай жүріп, ескі қала ғимараттарының әлі күнге халыққа қызмет етіп жатқанын көріп таң қалдық. Тіпті сол ескі ғимараттар әлі күнге мемлекеттің мүддесіне әкімдік, Турим орталықтары ретінде пайдаланылады екен, – дейді қазақстандық туристер.
Осы тар көшелерді жағалай сан алуан ұлттық бұйымдар, кәдесыйлар сататын дүкендер орналасқан.
– Қала тұрғындарының өзі туристерге бейімделген. Әлгі дүкендердің қайсысына кірсек те шайы мен тәттісін ұсынып, жік жаппар болып, кәдесыйларын бірін сатып алсаң келесісін сыйға беріп, іші бауырыңа кіріп кете жаздайды. Туристерге бейімделген қала тұрғындарының, дүкен иелерінің сырттан келген қонақтарға жақсы әсер қалдыруға барынша тырысатындары байқалады. Сауда да жасап, ескі қаламен танысып, түрік асханасынан дәм татуға да қолайлы жағдай жасалған Калечи ауданы туристерге өте қолайлы екен, – деп түрік елінен сыр шертеді жақсы демалыс өткізген журналистер.