Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сұлу Сырдан – Жасампаз Жайыққа: екі өңір арасын өнер жалғады

Сұлу Сырдан – Жасампаз Жайыққа: екі өңір арасын өнер жалғады

Өнер – ұлттың рухани қазынасы, халықтың жүрегінен орын алған асыл мұра. Қазақ даласының қай өңірінде болсын ән мен жырдың, күй мен терменің қасиетті үні үзілген емес. Сол өнердің алтын бесігіне айналған Сыр өңірі талай дүлдүлді дүниеге әкеліп, ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Сыр бойының сазды әуені мен сыршыл өнері талай аймақтың төрінде шырқалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Жақында Сырдария ауданының өнер­паздары өнер мен руханияттың алтын мекені – Жайық жұртына сапар шегіп, «Сұлу Сырдан – Жасампаз Жайыққа» атты тағылымды концерттік бағдарламасын ұсын­ды. Екі өңірдің мәдени байланысын нығайтып, рухани сабақтастықты дәріп­теген бұл өнер керуені туған жерге деген құрмет пен перзенттік парыздың жар­қын үлгісін көрсетті.

Сырдария ауданы мәдениет саласы ардагерлерінен құрылған «Алтын қазы­на» ансамблі бастаған аудан өнер­паздарын аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, мәдениет саласының өкілдері ақ жол тілеп, дұғай сәлем жолдап шығарып салды. Өнер мен өркениеттің киелі мекенінен келген бір топ өнерпазды Жайық жұрты ерекше ықыласпен, кең тыныспен, зор құрметпен қарсы алды. Өз кезегінде Орал қаласының «Алтын орда» мәдениет үйінде мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті.

Игі бастаманың ұйытқысы болған мәдениет саласының майталманы, Сыр елінің Құрметті азаматы Жантемір Айсин үшін бұл сапардың мәні ерекше. Жайық топырағында дүниеге келіп, саналы ғұмырын Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерін өркендетуге арнаған азамат туған жерге туын тігіп, кіндік қаны тамған өлкеге шығармашылық тағзымын жасады. Өнер арқылы қос өңірдің арасын жақындастырып, туған жерге деген перзенттік сағыныш пен құрметтің өнегелі үлгісін көрсетті.

Сыр сүлейлерінің мұрасын арқалаған өнерпаздар Жайық жұртшылығына ән мен жырдан шашу шашып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Рухани үндестік пен мәдени сабақтастықты дәріптеген кеш қос өлкенің арасындағы достық пен бауырластықтың тағы бір жарқын көрінісіне айналды. Сыр бойының саф өнері, шежірелі өлкеден жеткен сырлы әуен, ұлттық рухқа суарылған мәдени керуен Жайық жұртымен қауышты.


Ең алдымен мәдениет үйінің фое­сінде Сыр өңірінің ардақты тұлға­ла­ры­ның суреттері қойылған көрме ұйым­дас­тырылса, сахна шымылдығы да «Туған елдің тұғырлы перзенттері» прологымен түрілді. Тақырыптық пролог барысында А.Тоқмағанбетов, Қ.Мұхамеджанов, С.Майқанова, С.Қожықов, Құрақтың Досжаны образы сомдалды. Одан кейін лед экран арқылы Сырдария ауданы мәдениет саласының жетістіктері көрсетілді. Кейін концерттік бағдарламаға кезек берілді. Жайық халқы Сыр өнерпаздарының өнерін жоғары бағалап, ерекше қолдау көрсетті. Мәдениет майталмандары сах­на шымылдығын түріп, есті әнмен көрер­меннің ыстық ықыласына бөленді. Көпшілік Сырдария ауданы мәдениет саласы ардагерлерінен құрылған «Алтын қазына» ансамблінің өнерін тамашалады. Бұл ретте тәжірибе мен тағылымның, өнер мен өмірдің тоғысқан тұғырына айналған ансамблдің жетекшісі мәдениет майталманы, «Мәдениет саласының үз­дігі» Күлзакира Аманжолова екенін айта кету орынды. Сондай-ақ халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Абылайхан Қилымханов күмбірлете күй төксе, Сыр елінің мақтанышы «Сырдария» квартеті, Абылай Байділдаев қоңыр үнмен, әсем сазбен көрермен жүрегін жаулай алды. Рамазан Таймановтың әні мен Адырбек Сопыбековтің сөзіне жазылған «Екі әйелдің өсегі» интермедиясы ән мен әуенге толы кештің сәнін кіргізді. Сазды әуен көрерменге ерекше әсер сыйласа, күмбірлеген күй тыңдарманды рухани әлемге жетеледі. Ал әдемі әзілге негізделген қойылым көрерменді бір сәт сергіткені анық. Кештің негізгі қонағы «Алтын қазына» ансамблінің орындауындағы әндердің әрбір иірімі тыңдарманды ерекше әсерге бөледі.

Сыр өңірінің бай мәдени мұрасы мен ұлттық құндылықтарын кеңінен наси­хаттаған концерттік кешке жиналған көрер­мен өнерпаздардың шеберлігіне жоғары баға берді. Өнер ардагерлері мен аудан өнерпаздарының сахналық шеберлігі көрерменнің зор қошеметіне ие болып, ерекше әсер сыйлады. Кеш соңында өнерлерімен мерекелік кештің көркін кіргізіп, туған жермен қайта қауышқан ардақты жерлестер, Жайық өңірінің тумалары, мәдениет саласының арда­герлері Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Мәдениет саласының үздігі Жантемір Айсин мен «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері, мәде­ниет жанашыры Күләш Құдабаева зор құрметке бөленіп, жүрекжарды лебіздерін арнады.
– Көңілдің көкжиегін кеңейтіп, жүрек­ке сәуле себетін құдіреттің бірі – өнер. Өнер – уақытпен өлшенбейтін рухани байлық, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан асыл мұра, халықтың жан дүниесінің айнасы. Бұл кештің де өзіндік мәні терең. Сыр – тарихтың үнін сақтаған өлке болса, Жайық – жаңару мен жасампаздықтың символы. Осы екі қасиетті мекенді жалғап тұрған алтын көпір – өнер! Жайық – менің кіндік қаным тамған қасиетті мекенім. Балалық шағымның ізі қалған, азамат болып қалыптасуыма негіз болған туған өлкем. Ал саналы ғұмырымның, еңбек жолымның ең жарқын кезеңдері Сыр өңі­рінде, Сырдария ауданында өтті. Сыр елі мені бауырына басты, абырой берді, азамат ретінде танытты. Сондықтан мен өзімді осы қос өңірге де ортақ перзент санаймын. Көптен бері көкейімде жүрген бір арманым бар еді. Туған жерімдегі ағайын Сыр елінің қандай жасампаз өңір екенін, өнері мен мәдениеті қандай биік деңгейде екенін өз көзімен көрсе деген ниет болды. Бүгін сол арманымның орындалған күні деп есептеймін. Сырдан келген өнерпаздар Жайық жұртына шынайы өнердің үлгісін ұсынып, екі өлкенің арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайтты. Адам қайда жүрсе де туған жерінің топырағын, туған елінің тынысын ұмытпайды. Бүгін мен туған өлкеме құр қол келген жоқпын, өзіме қанат бітірген Сыр елінің сәлемін, өнерін, рухани байлығын ала келдім. Осы кеш арқылы Жайық пен Сырдың арасын өнер жалғап, ағайындықтың алтын көпірі тағы бір мәрте беки түсті, – деді ерекше тебірене сөз сөйлеген Жантемір Айсин.

Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы сөз алып, шынайы ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі кештің сәні мен салтанатын айшықтап отырған – саналы ғұмырын мәдениет пен өнер сала­сы­ның дамуына арнаған, ұлттық құнды­лықтарды ұлықтап, рухани мұра­мызды наси­хаттауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан мәдениет саласының ардагерлері. Ал осы бағдарламаның жоғары деңгейде өтуі Сырдария ауданы әкімі Берік Әбдіғаппарұлының қолдауы мен демеушілігінің нәтижесі екенін айта кету керек. Өнер – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын аманат, ел рухын асқақтататын асыл қазына. Бүгінгі сахна төрінде сол қазынаны жүректерге жеткізген – мәдениет саласының арда­герлері, өмірін өнер мен руханиятқа арнаған жандар болды. «Сұлу Сырдан – Жасампаз Жайыққа» атты мерекелік концертіміз арқылы Сыр елінің өнерге деген ілтипаты мен халқымыздың дархан көңілі тағы бір мәрте көрініс тапты деп сенеміз. Өнердің құдіретімен табыстырған бұл кеш әр шаңыраққа шаттық, әр жүрекке жылылық сыйласын. Қол соғып қолдау көрсеткен барша көрерменге шынайы алғысымызды білдіреміз, – деген Анар Сраждинқызы жақында тұсауы кесілген, ауданының тарихы таңбаланған құнды туынды «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» кітабын Орал өлкесіне сыйға тартты.

Кеш қорытындысында Батыс Қазақ­с­­­­тан облысы әкімінің ықылас гүлі табыс­талып, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Алғыс хатымен «Алтын қазына» ансамблі мен Сырдария квартеті марапатталды. Ал керемет кештің ұйытқысы болған мәдениет майталманы Жантемір Айсиннің кеудесінде туған жері, кіндік қаны тамған ауылы Қараоба ауылының құрылғанына 60 жыл мерейтойлық медалі жарқырады. Келесі күні аудан өнерпаздары халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы-драматург Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» спектаклін тамашалады. Айта кетейік, Бұл спектакльде Қараоба ауылында өмір сүрген үш абысынның ғибратты ғұмыры, сол дәуір тынысы әсерлі баяндалады. Болған оқиғалар негізіндегі әдеби еңбек шыншылдығымен, шынайылығымен, шебер тілімен, пси­хологиялық тәсілдерімен баурап алатын шығарма басты кейіпкерлерінің бірі – Жантемір ағамыздың анасы екенін айтып өту керек.

Осылайша, «Сұлу Сырдан – Жасампаз Жайыққа» атты өнер керуені екі өңірдің арасындағы рухани байланыс­ты нығайтып, мәдени сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті. Сырдың сырлы сазы мен Жайықтың асқақ рухын тоғыстырған тағылымды кеш көрермен көңілінен шығып, ұлт өнерінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Туған жерге деген перзенттік құрмет пен елге деген жанашырлықтан бастау алған бұл игі бас­тама өнердің шекара талғамайтын ұлы құндылық екенін айқын аңғартты. Бірі – туған жері, бірі – тағдыр тоғыстырған құтты мекені болған қос өңірдің арасын алтын көпірдей жалғаған өнер сапары көпшілік жадында ұзақ сақталары анық. Өнермен өрілген бұл кездесу ел бірлігі мен ағайындықтың, туған жерге деген тағзым мен ұлттық мәдениетке деген құрметтің жарқын көрінісі ретінде тарих бетінде өз ізін қалдырды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

27 маусым 2026 ж. 79 0