Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№2 газет

10 қаңтар 2026 ж.

№ 1 газет

06 қаңтар 2026 ж.

№ 100 газет

31 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » » Сахнаның киесіне ұшырамайық

Сахнаның киесіне ұшырамайық

Жақында отбасымызбен елге танымал әртістің қатысуымен өткен концертте болдық. Концерт барысында біз сүйіп тыңдап жүрген әртісіміздің сахнада қызулау тұрғаны байқалды. Сонда да келіншегім екеуміз бір-бірімізге қарап, байқамаған болып отыра бердік. Сол жағымда отырған ауданға белгілі апамыз:

«Марат-ау... мен концертке осы кісі үшін келіп едім. Мына кісі мас қой, қай­та-қайта сөзін қайталап ұят болды ғой» деді.

Анығын айтқанда, бәріміз іштен тынып, фонограммамен айтылған әнді тыңдап, сахнаға қарауға ұялып отыр­дық.

Үйге келіп, шай үстінде немере­лерімнің әжесі екеуміз ілгеріде өткен бір оқиғаны есімізге түсірдік. Сол оқи­ғаны сіздерге айтып бергім келеді. Ұмытпасам, 1983 жыл болуы керек. Ауылға Роза Бағланова келді. Майдангер әнші, СССР-дің халық әртісі келеді дегеннен, бүкіл ауыл болып күттік. Әлі есімде: жаздың бір ыстық күні болатын. Клуб адамға толды. Тіпті көрші Шаған, Шіркейлі ауылдарынан өнер сүйер қауым ағылып келіп жатты. Концерттің алдында, шамамен бір сағат бұрын, автобуспен сүйемелдеуші ансамбльдің бірнеше әртісі жетті. Ол кезде Қазақ ССР-інің 50 жылдығы атындағы қазіргі Нағи Ілиясов ауылында тұрамыз.

Ауылдың жастары ансамбль мүше­лерінің заттарын клубқа тасып орналас­тырып жатырмыз. Бір қызығы – бұл пәтшағарлардың бәрі мас. Мас болғанда да аяқтарына тұра алмайды, әрі түгел орыс жігіттері. Түске дейін концерт қойған жерде қонақжай қазекем сылқита қоя берген сияқты. Клуб меңгерушісі Игнат Ахметов бастаған жігіттер жақын жердегі Айғали ағаның құдығынан мұздай су әкеліп, әлгілердің бастарын шелекке кезек-кезегімен тығып әуре. Байғұстар сахнаға тұруға жарамай тұр. Әне-міне дегенше, «ақ Волгадан Роза апамыз түсіп келе жатыр» деген хабар келді. Амал жоқ, ол кісі келіп үлгергенше сүйемелдеушілерді сахнаның төріне қолдарына аспаптарын беріп, орын­дықтарға отырғызып қойдық. Ол кезде қазіргі сияқты «Ямаха», фонограмма дегенді білмейміз.

Мен бір нәрсеге таңғалдым: Роза апа ана мас жігіттерге қараған да жоқ, қасындағы көмекші қызбен бірге бірден сахнаға шығып, концертті бас­тап кетті. «Ақ Самара городок» деп шырқаған әндері қанша жыл өтсе де әлі күнге дейін есімде. Клуб­тың іші лық толғаны сонша – тұратын да бос орын болған жоқ. Екі сағатқа жуық концерт болды. Соңында апамыз иығына орден-медальға толы жасыл лента тағып шығып, әскери бригадамен соғыстың алғы шебінде қойған концерттері туралы әсерлі әңгіме айтты. Жарақаттан ауыр халде жатқан жас жауынгерлердің ән құдіретімен өмірге қайта ұмтылған сәттерін баяндағанда, «Е-е, жасаған Алла-ай…» деп, клубта көз жасын сүртпеген адам қалмады.

Концерт бітіп, келіншегім екеуіміз қол­ға түскен кітаптарымызға қолтаңба алуға сахнаның артына барғанда, ың­ғай­­сыз жағдайға тап болдық. Роза апа сахнадағыдай емес, қаһарына мініп, столда отырған ансамбль жігіттеріне орысша айқайлап жатыр екен. Менің есімде қалғаны: «Мен екі сағат бойы халықтың алдында тік тұрып ән салып тұрғанда, сендер неге отырсыңдар? Халықтың алдында отырып сүйемел­дейтін сендер кімсіңдер? Осы халықтың арқасында абыройлы болып, нан тауып жүргенімізді ұмыттыңдар ма?!» – деп, ара-арасында боқтық араластырып ұрысып жатты.

Сол кезде қасындағы көмекші қыз біз­ді көріп қалып, апайды түртті, апай бізге жалт қарап, бірден өзгеріп, күліп келіп, екеумізді құшақтап, айналып-толғанып кетті. Халықтың ерке қызы қол қойған кітап үйіміздің төрінде сақтаулы тұр.

Айтайын дегенім, әр нәрсенің өз орны бар. Сахнаның да киесі болады. Сол киеге ұшырап қалмау үшін, Роза апам айтқандай, «халықтың арқасында нан тауып жүрген» іні-қарындастарыма айтарым – Алла басыңа бақ қондырып, өнер берген екен, жаратқанның қар­ғысына қалмаңдар. Өнер – аманат. Абырой – бір күнде келеді, бір күнде кетеді.

Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

10 қаңтар 2026 ж. 373 0