Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақытты бала – нұрлы болашақ

Бақытты бала – нұрлы болашақ

Халықаралық балаларды қорғау күнін сырдариялық балғындар ерекше көңіл күймен атап өтті. Кенттегі орталық алаңға таң атқаннан асыға келген балақайлар мәз-мейрам, жүздерінде күлкі, ән айтып, би билеп, шат-шадыман болып жүр.

Мерекелік салтанатты іс-шараны аудан әкімі Берік Сәрменбаев сөз сөйлеп ашып, құттықтады.

– Жүзімізді жадыратып, жүректегі мұзды ерітетін сәбидің сыңғыр күлкісі екені белгілі. Ата-ана үшін бөбегінің шат күлкісі мен баянды болашағынан қымбат дүние жоқ! Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?! Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес» дегені есімізде. Балалы үйді базарға теңеген бабалардың сөзі санамызда.

Осыған орай елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен көптеген игі істер атқарылып жатыр. Олардың басым бөлігі, болашағымыз балаларға арналған.

Әсіресе, Сіздердің дұрыс білім алуға, жақсы демалыс ұйымдастыруға, спортпен шұғылдануға қабілеттеріңізді шыңдауға бар мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде, осы бағытта ауданымызда білім ошақтары, шағын орталықтар, балабақшалар жүйелі жұмыс жасауда. Бірінші кезекте балалардың сапалы білім алуына көңіл бөлініп, барлық мектептер заманауи үлгідегі технологиялармен жабдықталуда.

Тәуелсіздігіміздің арқасында біздің Отанымыз жылдан жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі Қазақстанды құрметтейді, санасады. Осындай ерекше елде өсіп жатқан Сіздердің еліміздің тұтқасын ұстап, жарқын болашағын жасайтынына сенемін.

Болашақтарыңыз нұрлы болсын! Сапалы білім алып, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуларыңызға тілектеспін! – деді аудан басшысы.

Ақтөбеден келген немерелерін балалар күніне орай осындай мерекелік іс- шараға жолдасымен бірге ертіп әкелген Ғанипа апада риза. Дайындықтың жақсы жасалғанын, бәрі ұнағанын айтып рақметін де ұмытпады.

Мерекелік іс-шарада балақайлар өз өнерлерін көрсетіп ортаға салды. Аудан әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл іс- шарада ертегі кейіпкерлері балаларға бірнеше қызықты ойындар ойнатып, "Көңілді старт" эстафетасы мен асфальтқа сурет салу байқауын суретші бүлдіршіндер үшін өткізді.

Айту керек, биылғы жазғы маусымда "Жалын" сауықтыру лагерінде 681 оқушы тынығатын болады. Республикалық бюджет есебінен Алматы, Шымкент, Бурабай, Қонаев қалаларындағы лагерлерге 115 оқушы, демеушілер есебінен Арал ауданындағы "Қамбаш" лагеріне 100 бала демалатын болды.

Мерей ЖАЛҒАСБЕК,
Қорқыт ата атындағы университетінің
журналистика мамандығының 1-курс студенті
01 маусым 2023 ж. 435 0