Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Балаусаның» бағы биік

«Балаусаның» бағы биік

Би – әлемді тербейді. Би өнері адамның жан-дү­ниесімен астасып, көңілдермен түсіністік табатын қиын әрі қызық жанр. Себебі онда тіл жоқ, сөз жоқ, тек қимыл бар. Бір қызығы, көрермен сахнада қойылған биден сыр ұғып, өзінше топшы жасайды, жан дүниесі тыныш тауып яки делебесі қызып, ерекше күйге бөленеді.

Қазақ халқының алғашқы кәсіби бишісі Шара Жиенқұловадан бастау алған өнер түрі бірнеше ұрпақтың рухани байлығына айналып, бүгінгі таңда қазақ бишілері әлемдік дең­гейде топ жарып жүр. Осындай ұлт­тық өнерді ұлықтап, руханиятымызды жандандырып жүрген «Балауса» халықтық би ансамблі аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған. Түр­лі деңгейдегі сайыстарда бақ сынап, аудан абыройын асқақтатып жүрген топтың негізі 2002 жылы қа­ланған. Ансамбль құрамында бар­лығы 39 өнерпаз бар. Олардың ішінде 8 өнерпаз үлкен топ бишілері болса, 31 биші – орта және кіші топ өнер­паздары. «Балауса» халықтық би ансамблінің шығармашылық қоржы­нында бүгінде елу шақты би қойы­лымы бар. Әр жаңа туындыға түрлі сахналық костюм тіккізіп, үлкен дайындықпен кірісетін би ұжымы ең­бектің нәтижесін көріп, биік белес­терді бағындырып жүр.

– Би өнері – өнер атаулының күр­делі жанрларының бірі. Бірақ, осы са­лаға қызығушылық танытатындар қатары көп. Олардың ішінде қыз­­­­­дар­­­мен қатар ұл балалар да бар. Себебі би бір жағынан өнер бол­са, екінші жағынан спорт. Өз­дері­ңіз байқайтын боларсыздар, би­ге қатысқан адамның жүріс-тұрысы икем­ді, бойын тік ұстайтын болып келе­ді. Бұның бәрі – үлкен еңбек, көп дайындықтың жемісі. Біздің «Балауса» би ұжымының құрылғанына жиыр­­ма жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта би тобы бірнеше түлек түлетті. Олардың кейбірі қазіргі таң­да осы саланы одан әрі қарай жан­дандыруға еңбек етіп келеді, – дейді халықтық би ансамблінің балет­мейстрі Ақмарал Пернебаева.

Би ұжымының қай тобы да қатыс­қан сайыстарынан жоғары деңгейде өнер көрсетіп, биік белестерді ба­ғын­дырып келеді. Солардың бірі – жа­қында өткен «Таңшолпан» эстра­­далық телебайқауы. «Қазақ­стан» Республикалық телерадио­­кор­­­порациясы» акционерлік қоғамы облыстық «Қызылорда» телеар­на­сының ұйымдастыруымен өткен жас­өс­пірімдер байқауында біздің бишілер бас жүлдені қанжығаға бай­лады. Би ұжымы бір ай бойы 3 ке­зеңнен тұратын іріктеудің жартылай финалынан жоғары көрсеткіш көрсетіп, ақтық сайысқа өткен. Дү­бірлі додаға облыс аудандарынан 11 би ұжымы қатысқан. Өз ісінің нағыз мамандары бақ сынаған сайыс­та «Балауса» «Жан дүние» модерн биін сәтті орындап, шеберліктерін тағы бір дәлелдеді. «Жан дүние» қо­йылымы жан дүниесіне жеткен халық ерекше риза болса, қазылар алқасы биді жоғары бағалаған. Сонымен қатыр би ұжымы жақында өт­кен республикалық «Dance Battle» би­шілер байқауына қазақ биі «Жайлауда» биімен қатысып, жүлделі І орынды иеленген.

Айта кетейік, 29 сәуір – халық­аралық би күні мерекесі аталып өтіледі. Биылғы атаулы күннің қар­саңында ұйымдас­тырылған бай­қау­­ларда «Балау­­­­са­­­­­­­ның» бағы та­ғы жанып, биіктен көрінді.

Зерттеуші ғалымдар «орыс биін аяқпен, өзбек, ұйғыр билері қол-мойын әрекетімен, моңғол биі жауырынмен, ал қазақ биі – адамның тұтас буындар жүйесімен орындалады» деп тұжырым жасайды. Жоғарыда атап өткеніміз түрлі ұлттың биін де нақышына келтіре билеп, би арқылы көрермен көзайымына айналып, талай додада аудан намысын асқақтатқан «Балауса» жетістігінің бірсыпырасы ғана. Ерекше өнерді дәріп­­теп, көпшіліктің қолдауына ие бол­­­­ған өнерпаздарға шығармашылық табыс тілей отырып, биік белестерден көріне берулеріне біз де тілектестік білдіреміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
03 мамыр 2023 ж. 272 0