Ақжармалық жас отбасы – байқау жүлдегері
Облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жас отбасылар арасында «Жас отау» байқауы өтті. Сайысқа Қызылорда қаласы мен 7 ауданнан жас отбасылар қатысып, өзара бақ сынасты.
Отбасы институтын қалыптастыру, отбасылық құндылықтарды жаңғырту, жас отбасылардың қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Ақжарма ауылының Тілеубергеновтер отбасы қатысты.
Байқауда облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров жастар ұйымдары мен жас отбасыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған іс-шараларға тоқталды.
– Халқымыз ежелден «Отан отбасынан басталады» деп шаңырақтағы шаттыққа, жарымен жарасым табуға, жасыл құрақтай жайқалған ұл-қызына тәлім-тәрбие беруге, ағайын-туғанның арасында сыйластық орнауына айрықша мән берген. Жаһандық сын-тегеуріндер уақытында отбасы институтын дамыту мен нығайту ел болшағының жарқын кепілі болмақ. Дәл осы кезеңде мемлекеттік бағдарламалар тетігі арқылы қастерлі құндылықтарымызға барынша көңіл бөлгеніміз дұрыс. Өздеріңізге белгілі, бұл конкурстың іріктеу кезеңіне 80-нен аса жас отбасы қатысты. Осының өзі жұмыстың нәтиже беріп жатқанын аңғартады, – деді ол.
Үш кезеңнен тұратын байқауда қатысушылар тек ән-жыр айтумен шектелген жоқ. Олар салт-дәстүрмен сабақтасқан түрлі сұрақтарға жауап беріп, отбасы құндылықтарын дәріптейтін көріністерді көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ жас әкелер бата берсе, балалар жеті атасын жатқа айтты.
Тартысты өткен сайыста сырдариялық Тілеубергеновтер отбасы III орын алды. Бұл жүлделі орынды қазалылық Қалиевтер отбасымен бөлісті.
– Ақжарма ауылында шаруашылықта 10 жылдан бері күрішшімін. Жас отбасы ретінде байқауға қатысуға келіншегім Әсемкүл өтініш білдірді. Екі кішкентаймыз бар. Ата-анамның батасымен көгеріп-көктеп отырмыз. Қарашаңырақтағы кенже ұл болғандықтан әркез үлкендердің біздерді қолдап отыратынын сезінеміз. Жақсы отбасы болуға тырысамыз. Қазірі жас отбасыларды қолдауға, отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған байқауларға қатысып келеміз. Бұл өз кезегінде үлгілі отбасы болуға, ерлі-зайыптылардың арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті қалыптастыруға, бала тәрбиесін нығайтуға септігін тигізеді, – дейді ақжармалық Бақытжан Тілеубергенов.
Жас отбасылардың айтуынша мұндай байқаудың әсіресе, балаларға берері мол дейді. Тыңғылықты дайындалып, салт-дәстүрден мол хабардар болатын отбасылар осындай бастама жалғасын тапса деген тілекте. Ал ұйымдастырушылар тағылымды сайыстың алдағы уақытта жалғасын табатынын айтады.
Айта кетейік, жас отбасыларды жан-жақты шығармашылық қолдау мақсатында аталған байқау облыстық «Жастар ресурстық орталығының» бастамасымен соңғы бірнеше жылда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Бибісара ЖАНӘЛІ