Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Білектей арқасында өрген бұрым...

Білектей арқасында өрген бұрым...

«Ақ үйден бір қыз көрдім көзі күлген,
Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деген тамаша өлең жолдары ары мен ибасы, ақылы мен көркі, сыры мен сымбаты үйлескен қазақ қызына қарата жазылғаны белгілі. Өйткені, қазақтың әрбір қызы шаш үлгісіне ерекше мән беріп, бұрымын бақытым, байлығым деп санаған. Сол текті қыздардың аудандағы ізбасарларының басын қосып, байқау ұйымдастыруды мақсат еткен аудандық жастар ресурстық орталығы мен аудандық мәдениет үйі аптаның сәрсенбісінде ауқымды іс-шара өткізді. Карантин талаптары қатаң сақталған мәдени іс-шарада бұрымды арулар сынға түсіп, өз өнерлерін көрермен назарына ұсынды.

«Қыз еркем – бұрымымен көркем» атты аудандық байқауды аудан әкімінің орын­басары Димаш Байдушев ашып берді.

– Адамзатқа əлемнің жарығын сыйлаған, өмірдің гүлі, көңілдің нұры болған аналарымыз, қыз-келіншектеріміз бен әпке-қарындастарымыз жаз мезгілінде ерекше құлпыра түседі. Осыны ескеріп, аруларға қуаныш сыйлау мақсатында байқау ұйымдастыруды жөн көрдік. Байқауға қатысушы бұрымды қыздардың бәрі болашақта түрлі саланың үздігі атанып, үлгілі жан боларына сенеміз. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар өткізілетін болады. Ұйымдастырушылардың еңбегіне жеміс, ал қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Мұнан соң сәні мен сымбаты келіс­­­кен арулар сахна төріне шығып, өздерін таныс­тырды және өз өнерлерін көрсетті. Бірі әсем ән салса, енді бірі мәнерлеп өлең оқыды. Өздері жасаған тәтті торттың және қолөнер бұйымдарының жасалу жолдарын түсіндірген арулар да болды. «Сұрақ – жауап» кезеңінде бұрымды аруларға халқымыздың ұлттық құндылықтарынан және Тәуелсіз Қазақстанның тарихынан сыр шертетін сұрақтар қойылды. Бұл кезеңде арулардың ақылы мен білімі, танымы мен түсінігі терең екені аңғарылды. Байқаудың барлық кезеңінде қатысушылардың сахна мәдениетін сақтауына, өз ойын дұрыс әрі ұғынықты тілде жеткізуіне, киім киісі мен жүріс-тұрысына мән берілді.

Қазылар алқасының төрайымы болған мәдениет саласының майталманы, үлкен сахналарда өнер көрсеткен Мінәш Ысқақ арулардың жасандылыққа бой алдырмауын, яғни шаштарына жасанды шаш қоспауын қатаң қадағаласа, қазылар алқасының мүшесі, кәсіби биші Ақмарал Пернебаева қыздардың сахнадағы іс-қимылына назар аударды. Аудандық жас­тар ресурстық орталығының маманы Сәуле Сыздықова мен байқаудың демеушісі «Абзал және К» толық серіктестігі директорының ұйымдастыру мәселелері жөніндегі орынбасары Жұлдызай Әлихан қатысушылардың өнерін, сұрақтарға қатесіз жауап беруін жіті қадағалады. Нәтижесінде байқау жеңімпаздары анықталып, марапаттау салтанатында жүлдегерлердің есімі аталды.

Қазылар алқасының төрайымы М.Ысқақ бастаған қазылар алқасы бұрымды арулар арасында ұйымдастырылған байқаудың өткізілу деңгейіне көңілдері толғанын атап өтіп, жеңімпаздарға жүлделі орындар мен арнайы аталымдар бойынша марапаттар табыстады. Атап айтқанда, апта бұрын «Instagram» әлеуметтік желісінде ұйымдастырылған «Инста ару» және байқаудың «Инабатты ару» аталымын Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Жангүлім Құдайбергенова иеленді. Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектептің 10-сынып оқушысы Жанар Сұлтанова «Зерделі ару» атанса, Шіркейлі ауылының тумасы, «Болашақ» медициналық колледжінің 1-курс студенті Нұрила Күмісбай «Көрікті ару» және Тереңөзек кенті, №35 мектеп лицейдің 9-сынып оқушысы Диана Нұржанова «Өнерлі ару» аталымын жеңіп алды. Жүлделі үшінші орынды С.Аманжолов атындағы ШҚУ-нің 2-курс студенті, тереңөзектік Аружан Құдабаева еншілесе, екінші орын тұғырынан №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Нұрай Асылбекова көрінді. Ал Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрбибі Сұлтанбекова бірінші орын иеленіп, аудандық мәслихат депутаты, «Jas Otan» Жастар Қанатының аудандық бөлімшесінің басшысы Ақтөре Ибрагимұлы байқау жеңімпазының иығына «Бұрымды ару» лентасын тақты. Марапаттау салтанатында байқаудың құрметті қонағы, ардагер-ұстаз Алтын Нұртаева жеңімпаз Нұрбибі Сұлтанбековаға өзі тіккен қазақы қолөнер бұйымын сыйға тарту етіп, болашағына сәттілік тіледі.

Атап өту керек, аудандық «Қыз еркем – бұрымымен көркем» атты аудандық байқауға «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мағжан Ералиев, «Dinaros» салонының негізін қалаушы Динара Мұхтарова және жеке кәсіпкер Зіннәт Маткаримова демеушілік көмек көрсетті. Осылайша, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген бұрымды арулардың байқауы жоғары деңгейде қорытындыланды.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ 
12 маусым 2021 ж. 665 0