"Жігіт сұлтаны" байқауынан бірінші орын алды
Ер жігіт ерге тән бір сөзділік пен өзінің қамқор да қайратты мінезімен танылып, жауапкершілік жүгін арқалап, жігерлілік байқатуы тиіс.
Шал ақын айтқандай, «Бір жігіт бар – құр жан, Бір жігіт бар – тірі жан, Бір жігіт бар – жігіт жан». Құр жан дейтін жігіт – кеудесінде жаны бар, еш нәрсені бітірмейді. Тірі жан дейтін – бар тапқанын киім мен асқа сатар, жақын көрген досын жатқа сатар, қызыл белбеу, шоңқима етік, үкі тағып, әркімді бір сықық қылар. Жігіт жан дейтін жігіт – сегіз қырлы, бір сырлы болар. Ер-азамат қашанда жігітке тән қажыр-қайраттың, ерік-жігердің, ақыл-парасаттың үлгісі. Азамат тұлғасын ажарландырып, айшықтай түсетін де осы қасиеттер.
Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығы мен облыстық спорт комитеті және Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» жалпыұлттық бағдарламасын, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын қолдау және Жастар жылына орай, сондай-ақ, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында Шиелі ауданында облыстық «Жігіт сұлтаны» жігіттер сайысы өтті.
Байқауға қатысқан амангелділік Бақытжан Аңламасов қазылар алқасының шешімі бойынша І – орынды иеленді.
Ауылдық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Қ.Дайырханов жетекшілік жасап, ауылға үлкен жеңіспен келді.
Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, Аманкелді ауылының атын шығара беруге тілектеспіз.
"ТТ" ақпарат