КӘСІП – ТАБЫСТЫҢ КӨЗІ ТАБЫС – ДАМУДЫҢ ЖОЛЫ
«Атамекен» кәсіпкер палатасы аудандық филиалының ұйымдастыруымен осы күні «Жас кәсіпкер» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба барысында арнайы мамандар аудан тұрғындарын кәсіпкерлік бағыт бойынша оқытады. Бұл ретте ауданда NET санатына кіретін жастар мен жас отбасы мүшелері, аз қамтылған отбасы және еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады.
Қазіргі таңда аталған жобаның бірінші кезеңі өткізілуде. Оған 54 адам қатысуға ниет білдірген. Үш апта бойы кәсіп ашудың қыр-сырын меңгеріп, бизнесті жүргізудің алғышарттарын үйренеді. Сондай-ақ өз қабілетіне сай табыс көзін жетілдіруге мүмкіндік туғызатын жобаның жоспарын жасауға септігі тимек. Кәсіпкерлік саласының барлық бағытын қамтыған жобаның тиімділігі орасан.
Кеше жоба қатысушыларының басым бөлігі Қызылорда қаласына барып, ірі кәсіпкерлік нысандарды аралады. Кәсіп ашуға ниеттілер тәжірибе жинақтап, білмегенін үйренді.
Жоба қатысушылары облыс халқына етене таныс «Dalatex» ерлер көйлегін шығаратын зауыт жұмысымен танысты. Мұнда қырық жұмысшы қызмет атқарады. Зауыт директоры Дінмұхамед Абизов бүгінгі күні әр қызметкердің атқаратын міндетіне тоқталып, ерлер киімінің технологиясын айтып берді. Өндірісте белсенді жұмыс көзін ұйымдастыра отырып, сапалы өнім шығару алдыңғы орында екенін жеткізді.
– Кәсіби маманның қолынан шыққан әрбір тауар халыққа қолжетімді болуы тиіс. Сұраныс көлемін артыруға ықпал ету мақсатында тәжірибелі маманды жұмысқа тарту ерекше рөлге ие, – деді директор.
Мұнан соң қатысушылар «Қыз Жібек» мейрамханасын көрді. Сонау 1995 жылы құрылған мейрамханада қазіргі таңда 100 қызметкер еңбек етуде. Экскурсия барысында аспаздық кәсіпті игергісі келетін жастар кез келген маманның жұмысына қызығушылық танытып, көкейдегі сауалына жауап алды. Мейрамхана басшысы Ерлан Раймов кәсіп ашып қана қоймай, оны тұрақты ұстап тұрудың негізгі міндетін атады. Жалықпай еңбек ете білген адамның зор пайдаға кенелетіні рас. Халық үшін барынша жағдай жасау арқылы келуші санын көбейту негізгі қағидат. Ол үшін тұтынушы ойынан шығатындай жұмыс жасау керектігін тілге тиек етті.
Бұл сапардың ұйымдастырылуы жоба қатысушыларына пайдалы жағымен ерекшеленді. Себебі кәсіпкерліктің халық сұранысына ие бағыты қамтылған. Келесі кезекте олар Айда Керімқұлованың қолөнер және тігін шеберханасында болды. Шеберханада 40 қызметкер еңбек етіп, өз өнімін көпшілікке ұсынуда. Әрқайсысы қолөнер туындысын шығаруға қалыптасқандығы аңғарылады. Енді кәсібін ашуға ниеттілер тігін тігу технологиясын көзбен көріп, қажетін ұғынды.
Облыс орталығындағы кәсіпкерлік нысандарды аралау барысында олар баршаға мәлім Динара Алмусаеваның сән салонына да барды. 38 кәсіби маманы бар сән салоны бір мезетте бірнеше ер мен әйелге сан түрлі қызмет көрсетеді. Шебердің әрқайсысы өз ісінің нағыз майталманы. Мұндағы тұтынушыны тартуға жасалған мүмкіндік жоғарылығы баршаның көңілінен шықты. Осында салон ашқысы келетін жастардың назарда ұстау керекті қағидатын әрбір маман айтып берді. Олардың сауатты әрі жылдам қызметіне барлық қатысушы қызығушылық танытты. Осылайша бір күн бойы қаладағы кәсіпкерлік нысандарын аралаған жоба қатысушылары алдағы уақытта көріп-білгендерін өз кәсібінде пайдаға асырмақ.
Балтабай ОРДАБЕКОВ