ЖАҢА ЗАҢ – АХУАЛДЫҢ ЖАҚСАРУЫНА ЫҚПАЛ ЕТПЕК
ҚР Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, өткен жылы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларының жалпы көлемі 9,2 трлн теңгені құраған. Оның ішінде мемлекеттік сатып алулар – 3,6 трлн теңге және өзге де ұлттық компаниялардың сатып алулары - 600 млрд теңгеге жуықтаған. Осылайша, мемлекеттік сатып алулардың көлемі 2017 жылға қарағанда 3,4 пайызға жоғарылаған.
Жыл басында аталған заңнамаға өзгерістер енгізілген болатын. Осы мақсатта аудандық әкімдіктің мәжіліс залында сала мамандарының жиыны өтті. Жалпы, қабылданған өзгерістерді үш бағанға бөліп қарастыруға болады.
Біріншісі, сатып алу рәсімдерін жеңілдету болып табылады. Бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Бұл маңыздылығы аз жұмыстар мен қызметтер бойынша сатып алу рәсімдерін айтарлықтай жеңілдетеді. Осы норма негізінен бюджеті шағын тапсырыс берушілерге қатысты яғни оларға бала бақшалар, мектеп, емханалар мен ауруханалар, мәдениет үйлері және интернаттар мен қарттар үйі кіреді. Сонымен қатар, заңға сәйкес осы норма 2021 жылға дейін қолданылады. Бұл ауыл әкімдіктерінің мемлекеттік сатып алуларды өткізу бойынша тәжірибелерін қалыптастыру үшін енгізілді. Бұған қоса, баға ұсыныстарын сұрату кезінде тапсырыс берушілерге тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге құқық беріледі. Бұл сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, әлеуетті жеткізушілердің біліктілігін жоғарылату. Заң біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурстың тәсілімен сатып алуларды кеңінен қолдануға бағытталған. Бұл құрылыс саласына жақсы мүмкіндік береді. Құрылысты тездетеді және оның сапасын арттырады. Себебі, сатып алуларға тек білікті компаниялар мен өздерін көрсеткен жеткізушілер ғана қатысатын болады. Сонымен қатар, баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуларда өтінімді және келісім шарттың орындалуын қамтамасыз ету міндеті енгізілген. Ал бұған дейін бұл міндет болған жоқ.
Сатып алуларға негізсіз шағымдану фактілерін қысқарту мақсатында заңда келесі нормалар бекітілді. Өтінімді қаржылай қамтамасыз етпеген әлеуетті жеткізушілерге басқа қатысушылардың құжаттарын қарауға тыйым салынады; конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылауға қатыспаған әлеуетті жеткізушілердің шағымдары қаралмайды; сатып алуларға қатыспаған үшінші тұлғалардың шағымдары бойынша келісімшарт мерзімі тоқтатылмайды.
Бұдан өзге, «демпингтік баға» ұғымына және оған жол бермеуге нақты түсінік берілді. Мемлекеттік сатып алулар ережелерінде бағаны төмендетуге жол берілмейтін келесі шекті өлшемдер белгіленген: құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша шекті өлшем – 10% жобалық-сметалық құжаттаманы және техникалық-экономикалық негіздемені жобалау бойынша – 15%; техникалық қадағалау қызметтері бойынша – 15% дейін ғана төмендете алады. Бұл конкурстық баға ұсыныстарының теңдігіне әкеледі. Осыған орай, шартты бағалар тең болған кезде, үлкен жұмыс тәжірибесі мен төленген салықтары бар компанияларға басымдық беріледі. Төленген салық сомасы бойынша жеткізушіні таңдау критерийі алғаш рет енгізілгенін атап өту керек. Осылайша, мемелекеттік органдардан келген сала мамандарының өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауап алды.
М.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ