ПЕРІШТЕ МЕН ҚҰБЫЖЫҚ
Италия королі суретшіні шақыртып алып, оған ең жоғарғы жалақы тағайындап, қаланың рухани орталығына бір-біріне қарама-қарсы екі бейнені орнатуды тапсырады. Бірі – періште, бірі – албасты, жыншайтан, құбыжық бейнесі. Сөйтіп, халыққа мейірімділік пен жауыздықтың аражігін ашып көрсетуді ойлайды.
Суретші періштенің бейнесін іздеуге шығады. Ол бақытты балақайды тауып, оның ата-анасынан баланың суретін салу үшін рұқсат сұрап, ақша береді. Бір айдан кейін періштенің бейнесі дайын болады. Суретші өз өмірінде ең жақсы, ең сәтті сурет салғанына қуанады. Енді құбыжық бейнесін іздей бастайды. Ол бүкіл елді аралайды, түрмелерді, жындыхананы түгел қарап шығады. Бірақ ойындағы бейне табылмайды. Осылайша, арада 40 жыл өте шығады. Король де тынышсыздана бастайды. «Суретші жұмысты аяқтамай өліп қала ма?» деп қорқады. Сөйтіп, кімнің бет-бейнесі қорқынышты болса соған сыйақы беретінін жариялайды. Суретші олардың арасынан да өзіне керекті бейнені таба алмайды.
Бір күні кабакта шарап ішіп отырған бір кісіні көріп қалады. Суретші оған көп ақша беретін болып келіседі. Оның түрі адам шошырлық: тісі жоқ, үсті-басы кір-қожалақ, төбесі таз, төбесін айнала өскен шашы құдды мүйіз секілді – нағыз жын-пері. Ол үнемі айғайлап, айналасындағыларды боқтап-боралап сөйлейтін нағыз жексұрынның өзі болатын. Күндердің күнінде суретші алдында отырған адамның көзінен тоқтаусыз аққан жасты көріп, себебін сұрайды.
– Мүмкін сіздің су ішкіңіз немесе темекі тартқыңыз келген болар?
– Жоқ, мырза. Сен осыдан 40 жыл бұрын мені періште ретінде суретімді салғансың. Ал қазір құбыжық бейнесінде суретімді салып жатырсың.
– Өмір адамды өзгертеді екен. Өзімнің жасаған күнәларыма қарай жазамды да тартып келемін.
Құбыжық адам суретшінің иығына басын қойып ағыл-тегіл жыласын... Суретші періште бейнесінің алдында тұрып ол да жылады.
Аллаһ әр адамды періште кейіпте жаратқанымен жылдар өте келе қолымен жасаған күнәларына қарай жазасын алады. Сондықтан әр адам өз жанын жаман істермен ластамай, тәнін де, жанын да жадырататын мейірімді істерге ден қойса.
Адам болып дүниеге келгенімен... адам болып қалу өте қиын...
Орысшадан аударған С.СҰЛТАНҚЫЗЫ