ТІЛДІ МЕҢГЕРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Халқымыз ежелден тіл абыройын биік көтеріп, адамдар арасындағы қарым-қатынас жасау құралы деп анықтама берілген. Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі. Себебі, жаһандандыру және киберкеңестікке шыққан заман тілдерді білуді талап етеді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12 сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет» – деп, Еуропадағы мектеп түлектері мен студенттерінің өзара бірнеше тілде еркін сөйлесулері қалыпты жағдайға айналғандығын атап өтті. Кем дегенде үш тілді меңгеру – заман талабына айналып отырған қажеттіліктердің бірі.
Осы талапты орындау мақсатында аудандық мекемелер үйінің мәжіліс залында “Тілдерді меңгеру – заман талабы” тақырыбында семинар-тренинг өтті. Үштілділік саясатын аудан тұрғындарының арасында насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ұйымдастырылған семинар-тренингке облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары, аудан мектептерінің мұғалімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар-тренингте ақпараттық-насихаттық топтың жетекшісі Құрманкүл Сұлтанқызы сөз сөйлеп, үштілді меңгеру бұл Қазақстанның әлемдегі дамыған мемлекеттермен иық тіресіп, отыз елдің қатарына қосылу үшін бүгіннен, яғни балабақшадан бастап балаға тілді меңгертуіміз керектігін айтып өтті. Онымен қоса, топ мүшелері Г.Төленқызы, Ж.Шалғымбаева және Ш.Әбдібекқызы өздері дәріс беретін тілдерде баяндама оқып, аудан ұстаздарымен тәжірибе алмасты. Үштілділік саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Сонымен бірге, аудан мұғалімдері өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Семинар-тренинг қорытындысында ақпараттық-насихаттық топ мүшелері бірлесе жұмыс жасауға уағдаласты.
Майя БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ