Астанада 500 литр қымыз тегін таратылады
Кәсіподақтар федерациясы Наурыз мейрамы кезінде Қазақстанның «КИНЭС» рекордтар кітабының куәлігін алуды көздейді. Ұйым бір уақытта 500 литр қымызды халыққа тегін таратып бермекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған шара Наурыз мейрамын тойлау кезінде ұйымдастырылады. Ертең, 21 наурызда Астана әкімдігі алдындағы орталық алаңында ҚР Кәсіподақтар федерациясының киіз үйі тігіліп, сол жерде 500 литр қымыз тегін таратылады. «Былтыр «31 арна» тегін қымыз таратып, аталған көрсеткішті Қазақстанның рекордтар кітабына ресми түрде енгізген болатын. Бірақ ол кезде 250 литр болған. Енді, біз оны екі есеге көбейтіп, өткен жылғы рекордты жаңартуды көздеп отырмыз. Халыққа 500 литр қымызды тегін таратамыз. Сосын Қазақстанның «КИНЭС» рекордтар кітабының өкілі келеді. Ол бәрін бейнекамераға түсіріп, рекордты ресми түрде тіркейтін болады. Сол жерде арнайы куәлік беріледі. Енді, сағат 11:00-де бастаймыз. Сөйтіп, алаңға келген халыққа тегін таратамыз», - деді федерация өкілі Ардақ Тоғымов ҚазАқпарат тілшісіне берге сұхбатында.
Айта кетейік, ертеңнен бастап Астана қаласында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар басталады. Соның аясында елорданың бірнеше жерінде этноауылдар ашылады. Ал негізгі алаң ЭКСПО іскерлік орталықтың аймағында болады. Бірақ осы жолы оның орналасуы сәл өзгерді. Этноауыл биік стелла тұрған Бейбітшілік пен келісім аллеясының алдында орналасады. «Астана ЭКСПО - 2017» ұлттық компаниясының коммерциализация департаментінің басшысы Дәулет Еркембаевтің айтуынша, өткен жылы Наурыз мейрамына арналған негізгі алаң Конгресс-орталыққа қарама-қарсы орналасқан. Былтыр ол жерге тал егіп, саябақ ашылған болатын. Сол себепті биылғы Наурыздың негізгі шараларын Бейбітшілік пен келісім аллеясына жақын ашық алаңда өткізу туралы шешім қабылданды.
«Естеріңізде болса, ЭКСПО көрмесі кезінде солтүстік кіреберіс болды. Дәл сол жерде Наурыз мейрамына арналған негізгі шаралар өтеді. Қазір киіз үйлер тігіліп, қажетті құрал-жабдықтар орнатылып жатыр. Бұл республикадағы басты алаң болады. 21 наурызда ресми ашылуы өтеді. Дәстүр бойынша барлық шаралар ұйымдастырылады», - дейді департамент басшысы.